20 Наурыз, 2014

Өрісі кең ықпалдастық

362 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Польша-2 Польша әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарысқа сыртқы қарыз мөлшері аз деңгейде, ІЖӨ-нің 50 пайыздан кем көлемінде енді. Оған бір жағынан ел конституциясындағы сыртқы қарыз мөлшері ІЖӨ-нің 60 пайызынан аспауы тиіс деген норманың барлығы әсер етсе, екіншіден, поляктардың біреуден қарыз алуды қаламайтын ұлттық қалыбының әсері болса керек. Қалай дегенде де, Польша дағдарыс басталысымен рецессияға түскен жоқ. Өйткені, жеке адамдар мен заңды тұлғалар, бизнес, тұрғын үй немесе өзге де қажеттіліктер үшін банктер алдында несиеге белшесінен батпаған еді. «Тойға кешіккен кәсіпкер» Алайда, айта кеткен жөн, жеке кәсіпкерлер соңғы жылдары бұл несие көлемін біршама арттырды, бірақ ол поляк профессорының сөзімен айтқанда: «Тойға кеші­гіп, жұрт барлығын ішіп-жеп тарап бара жатқанда келген қо­нақ тәрізді болды», яғни поляк кәсіпкері несие аламын дегенше өз елінің экономикалық қуаты да артып кеткен болатын. Бұл жерде есте ұстайтын тағы бір мәселе, ол­ – Польшаның дер кезінде берілген кейнсиан ынталандыруын тиімді пайдалануын­да жатты. Еуроодақтың қуатты мемлекеттерінің кедей елдердің ішкі тұтынуын арттыру арқылы экономиканы сақтап қалу бағы­тына бөлген қаржысы бұл елді демеуге дөп түскен тамаша тарту болды. Өзге елдер не нәрсені де қатты үнемдеу саясатын ұстанып жатқанда, көмек арқасында салық­ты 40 пайыздан 32-ге дейін түсіру ішкі өнім өндірушілерге мықты қолдау болды. Әрі бір жағынан Польшаның еуроаймаққа енбей, өз ақшасымен қалуы да оған өзінің оң ықпалын тигізді. Алғашында еуроға қарағанда біраз жеңілдеген злотых шеттен келетін тауарлардың бағасын қымбаттатқанымен, түптеп келгенде, мұның өзі Польша экономикасына тиімді болып шықты. Ол шетелдің қымбат тауарына қарағанда өзіміздің сапалы тауарларымызды алайық деген, қай кезде де тиімділікті бірінші орынға қоятын поляктардың діліне сәйкес келе кеткен. Тауар өндірушілер де өз бұйымдарының сапалы болса тезірек өтуіне қолайлылық туатынын есептеп, тауардың сапасына зор мән берген. Ал сапалы тауарға деген сұраныс ел ішінде ғана емес, шеттегі тұтынушыларды де қызықтыра түсті. Әрі жыл аяғына таман жеңілдеп кеткен злотых өз салмағының 70 пайыздайын кейін қайтарып алған. Осылайша Польша экономикасы дағдарыстың тайдай тулаған толқынына шыдас беріп қана қоймай, нығая түскен. Әріптестікке таңдалған бесеу 1998 жылы Польша елдің экономикалық дамуының жаңа бағытын қолға алды. Оның бас­ты мақсаты – жедел, тез арада эко­номикалық өсуге қол жет­кізу, инфляцияны төмендету, жұмыссыздықты азайтып, жаңа жұмыс орындарын ашу болды. Оған қоса, әкімшілік басқару жүйесіне жүргізілген реформа, ІЖӨ өсуі, шетелдік инвестицияның тартылуына қолайлы жағдайлар туғызылуы Польшаны өзге Батыс елдеріндегідей дағдарыс батпа­ғына батырмады. Не нәрсені бастаса да тиімділік тұрғысын ең басты қағидат ретінде ұстанатын поляктар осы өсу жолында әріптестер таңдауда да қалыбынан танған жоқ. Польша Премьер-министрінің орынбасары Януш Пехоцински Қазақстан мен Польша арасындағы әріптестікті жоғары бағалай келіп: «Қазақстан мен Польшаны табысты экономикалық жаңғырудың мысалы ретінде қарастыруға болады. Бұл мәселеде біздердің жинақтаған тәжірибеміз бен нарықтың тұрақ­тылығы трейдерлерді ынталандырып, біздің инвестициялық тартымдылығымызды арттыра түседі», дей келіп, Қазақстанның Польша үшін Канада, Түркия, Бра­зилия, Алжирмен қатар таң­даулы экономикалық әріптес ретінде бестікке енгендігін айтқан. Біздің елімізге де Польшаның әріптес ретіндегі маңызы жоғары. Еуропа нарығында Қазақстан үшін Польша алтыншы орында тұр, яғни 2013 жылы екі арадағы тауар айналымы 1,2 млрд. АҚШ долларын құраған. Соңғы жылдары екіжақты әріптестіктің негізі бұрынғы көмірсутек шикізаты төңірегінде ғана өрбімей, бизнесті бірлесе атқару саласына да керегесін жая түскен. Мәселен, бүгінгі таңда 160-тай поляк компаниялары Қа­зақ­станда өз өкілдіктерін ашқан, немесе бірлескен кәсіпорындар жұмыстарын бастаған, ал 1000-ға тарта кәсіпорын қазақстандық фирмалармен сауда-саттық бойынша қатынастар орнатып отыр. Бүгінгі қазақ-поляк жұртының экономика саласындағы қаты­нас­тарының негізін үш маңыз­ды үкіметаралық келісім құ­рай­­ды: Экономикалық ынты­мақ­тастық жөніндегі келісім, Ин­вес­тицияларды тарту мен өзара қорғау жөніндегі келісім, Қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция. Бұған қоса, ынтымақтастықты дамытуға экономиканың жекелеген салаларында жасалған екіжақты келісімдер байланыстардың терең­дей түсуіне оң ықпалын тигізуде. Қазақстанмен арадағы сауда-экономикалық қатынастардың дендей түсуі турасындағы себептерге келсек, онда бірнеше мәселе алға шығады. Оның алғашқысы – Польша тарапының қазақ даласындағы көмірсутек қорына деген қызығушылығы. Әлемдік тұрғыда саяси және экономикалық жағынан зор мәнге ие осы шикізат көздеріне поляк экономикасының тәуелділігі тым жоғары. Польша экономикасында энергия үнемдеу­ші технологиялардың дамуы энергияға деген сұраныс­ты азайтады деген үміт тудырғаны­мен, халық санының өсуі және өн­діріс ошақтары жұмысының қар­қындауы оған деген қажеттілікті тіптен ұлғайта түскен. Оның үстіне Польшадағы өндіріс орындарының көпшілігі энергия үнемдеуді ойласпаған социалистік кезеңде салынғандықтан, барлығын бірдей жаңа технологияларға негіздеу мүмкін болмай, сұраныс жүгі, тіп­ті, қомақтылана түскен. Ал Ба­тыс және Шығыс Еуропаға қуат көздерін жеткізуші Ресей тара­пының кеңестік кезеңдегі ықпалының Шығыс Еуропаға әлсіреуін енді энергия тасымалы арқылы қайтадан нығайтуды көздейтіндігі және де аян. Алдына жоғары мақсат қойып, 2022 жылға дейін әлемдегі 20 дамыған елдің қатарына енеміз деп отырған елге өзінде жоқ зат үшін бір елдің ғана қасы мен қабағына қараудың қаншалықты тәуекел болатыны да белгілі. Сондықтан да, бұл ретте Польшаның Ресейден де өзге энергия көздерін іздеуі бұлтартпас қажеттілік. Екіншіден, Ресейдің жаңа энер­гетикалық саясаты да Польша­ға қолайлы болмай тұр. Ресей әлемдік рынокқа энергия тасымалдауда өнімнің өзіндік құнын азайтуда транзитті мемлекеттер санын қысқартуды көздеп отыр. Осы мақсатта Ресей мен Түркия арасында «Көгілдір тасқын» – «Голубой поток» газ құбырының іске қосылуы, Балтық теңізінің түбі арқылы өтетін құбыр мен Приморскіде терминал салуы Польша сынды бұрынғы транзитті мемлекеттердің экономикасына оңай тимей тұр. Оның үстіне 2006 жылы Украина, 2007 жы­лы Беларусь арқылы транзит мә­се­лесінде қиындық туғаннан аузы күйген еуропалықтар өзге өңір­лерден қажеттіліктерін іздей бас­тады. Енді 20 дамыған елдің қатарына ену мәселесіне тоқтала кетейік. Премьер-министр Дональд Туск үкіметтің ЕО-ның бюджет қоры жобасын қабылдауына байланысты өткізген баспасөз мәслихатында: «­­2022 жылы біз оны толықтай бағындыра аламыз, ІЖӨ-ні ЕО елдерінің орташа статистикалық көлемінің 80 пайызына жеткіземіз, ал 2016-2017 жылдары Польша Еуропадағы жоғары сапалы автожолдар бойынша Германия, Франция, Испания, Италиядан кейін бесінші орынға шығатын болады, зерттеу жұмыстарына ІЖӨ-нің 2 пайызын бөлеміз, және 1,5 млн. аз қамтылған азаматтардың өмір сүру деңгейін аймақтардың дамуын қолға алудың арқасында көтеретін боламыз», – деген еді поляктардың алға қойған биік мақсаттарын жария етіп. Алдындағы игі мұратқа ұмтыл­ған ел үшін Қазақстан тек энергия­сымен ғана емес, жаңа нарыққа, Азия мемлекеттеріне ашылатын қақпа іспетті. Кеден одағына енген Қазақстанмен сауда-эконо­ми­калық қатынастарға қоса, Оңтүстік Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия, Қазақ­стан мен Қытай арқылы Тынық мұхиты бассейніндегі ел­дер­ге өз өнімдерін жеткізуді көз­деген Польша үшін біздің ел таптырмас әріптес. Қазақстанға да еліміздің транзиттік әлеуетінің тиімді пайдаланылуы іздегенге сұраған дегендей. Тиімді серіктестік тетігі Бүгінгі күні екі ел арасындағы қарым-қатынаста мұнай-газ өн­ді­рісі, көлік, коммуникация­лар, құрылыс, кәсіпкерлік, ауыл­шаруа­шылық өндірісінің тауарларын қайта өңдеу, мәшине жасау, туризм, жиһаз және фармацевтика салаларындағы байланыстардың қарқын ала бастағанын айта кеткен орынды. Мәселен, Польша­да­ғы ірі фармацевтикалық топ «Польфарма» Шымкенттің «Химфарм» дәрі-дәрмек зауытын тех­нологиялық тұрғыдан жаң­ғыртуды қолға алып, жаңа ампулалық-инфузиялық цехты салып бітті. Жылына 350 млн. ампула және 4 млн. пакет шығаратын зауыт өнімдерінің халықаралық стандарттарға жауап беруімен қатар, бағасының өзге елдерден шыққан осындай препараттарға қарағанда арзандығы да назар аудартады. Поляктардың Қазақ еліне де­­ген ықыластары айрықша. Оны әр жыл сайын елімізде өт­кі­зілетін халықаралық түрлі көрмелерге қатысушылар ішінен поляктардың үлкен шоғырының өз өнімдерімен келуінен байқау­ға болады. Мысалға, 2013 жыл­­дың қазан айында Ақтөбе қала­сында өткізілген Ұлттық эко­но­микалық көрмеге 22 поляк компаниясы қатысты. Польша тарапы ЭКСПО-2017 көрмесінің Қазақстанда өткізілуіне де қолдау танытып, өздерінің бұл көрмеден қалыс қалмайтындықтарын айтып отыр. Қазақстан-Польша арасындағы сауда-экономикалық ұтымды ынтымақтастықпен бекітілген қа­ты­настар Еуропа Одағы шең­бе­рін­де де, екіжақты тұрғыда да жемісті жалғасып келеді. Және арадағы сауда-саттықта тауарлық позициялар өзгергенімен, тауар айна­лымының құрылымы бірнеше жыл бойы тұрақты болуда. Қазақ­станның Польшаға жіберген экспорты құрылымындағы басым тауарлар: отын-энергетика, химия, қара металлургия өндірісінің өнімдері, ауылшаруашылық өнім­дері, соның ішінде астық пен ұн болса, Польшадан Қазақстанға келетін импорттың негізгі салалары: химия өндірісінің өнімдері, машиналар мен жабдықтар, электр құралдары, асыл емес металдар мен олардан жасалған б­ұйым­дар, целлюлоза, қағаз, син­­те­­тикалық материалдар мен резеңкеден жасалған бұйымдар, көліктер, мал шаруашылығы мен өсімдік өнімдері, жиһаз бен оның жинақтаушы бөлшектері, азық-түлік сынды сан түрлі тауарларды қамтиды. Еліміздің еуропалық серік­тес­терімен ықпалдасуын көздейтін “Еуропаға жол” бағдарламасын іске асырудың арқасында серіктестік шеңбері де кеңейіп келеді. Осы бағдарлама аясында және Қазақстан экономикасының дағдарыстан кейінгі даму жоспары бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен Польша кәсіпкерлікті да­мыту агенттігі арасында ынтымақтастық қарым-қатынас қалыптасқан. Өндірісті технологиялармен қамтамасыз ету және қазақстандық экспортты ілгерілету мәселелері бойынша сындарлы ынтымақтастық әрі қарай жалғасуда. “KAZNEX” экспортты дамыту және ілгерілету корпорациясы мен 2008 жылы құрылған Варшавадағы Польша-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы әрекеттестік нәтижесінде экономикалық форум­дар мен екі мемлекет кәсіп­кер­лерінің бірқатар бизнес-миссия­лары табысты ұйымдастырылып келеді. Қалай дегенде де, бір-бірі­нен қашықта жатқанымен, эко­номикалық мүдделері тоғыс­қан, оның үстіне еліміздегі поляк этносы мен ол елге біздің жері­мізден көшіп барған этностық поляктар да Қазақтан мен Польша арасындағы ынтымақтастықтың өрістей түсуіне пейілді. Жалаң сөз емес, Польшаға барған сапарда көзбен көріп, құлақпен естіген жәйттер болған соң айтып отырмыз. Бұл елде Қазақстанды білетін, оған деген жылы көзқарасы бар адамдарды жиі кездестіресіз. Көздеріне жас алып, сағына туған жерді еске алып, қазақтарды қандай жақсы көретіндіктерін айтқан бұрынғы отандастарымыз қаншама. Ұсынақты, қолдары епсекті, үнемділік пен тиімділікті таразы­ның басына тең ұстайтын поляк­тардың біздің елімізге қызы­ғу­шылықтары қандай болса, біздің де Польшаға көз тігуден ұтыл­масымыз анық. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,  «Егемен Қазақстан».