20 Наурыз, 2014

Уақф мәдениеті

1034 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Мешіт

Ол туралы не білеміз?

Кез келген жұрттың қастер тұтар өз құндылығы бар. Сондай құндылықтардың бірі – рухани мәдениет. Ол – адамдықтың айнасы, ізгіліктің өлшемі. Егер, ғасырлар – адамның мәдени дамуының куәсі десек, өткен ғасырлармен көмкеріліп, тарих тереңінде қалған құндылықтардың бастау бұлағын осы рухани мәдениеттен табар едіңіз. Сол кезде рухани мәдениеттің ғасыр қойнауына жасырынған бір құндылығы – уақфтық мәдениеттен тамыр тартатынына, оның қазақ халқына да жат еместігіне көз жеткізер едіңіз. Уақфтық мәдениеттің түбінде тұнып тұрған құндылықтың артық­шылығы туралы сөз қозғамас бұ­рын, алдымен, уақф сөзінің тере­ңін байыптап алған жөн. Бүгін­гіге түсінікті тілмен айтар болсақ, уақф – әр алуан мақсаттарға бағыт­талатын қайырымдылық қорлары деген мағынаны білдіреді. Бір қа­ра­ғанда, оның өзегі айқын болып көрінгенімен, уақфтық мәде­ниеттің ұғымдық аясы мен шеңбері біз ойлағаннан әлдеқайда және анағұрлым кеңірек екенін түйсінеміз. Егер, уақф – ислам дінінде адамдарға материалдық тұрғыда қайырымдылық көрсетудің бір түрі болып саналса, уақф берген адам уакиф деп аталған. Уақф ретінде берілетін көмек мавкуф, уақфтан келген түсімге ие болған адам тиісінше, мавкуфун алейх деп аталатын бол­ған. Ал мұндай игі шаралардың басын біріктіретін келісімшарттың атауы – уақфия. Мұсылман әлемінде уақф мемлекеттің қазынасы есебінен немесе белгілі бір жеке тұлғаның атынан діни және қайырымдылық мақсаттарға бағытталатын қолдау-көмектің бір түрі ретінде бағаланған. Яғни, уақфқа тек қана кіріс пен пайда әкелетін жылжымайтын және меншіктен ажыратылмайтын жылжымалы мүліктер, қаржы-қаражат атаулы кіруі мүмкін. Уақф өзі берілген күннен бастап бірден өз күшіне енеді және қайтадан қайтарылмайды. Бұған қоса, уақфты берген азамат пен уақфты алған азаматтың ортасын мүлікке иелік етудің «сенім меншігі» байланыстырады. Сонымен қатар, уақфты басқаратын және оны бағыттайтын адам (мутавалли) да арнайы белгіленетін болған. Уақфты сыйлаушы осы мутавалли арқылы қайырымдылық ретінде бөлінген қаржы мен мүліктің қалай және қайда жұмсалу әдістерін көрсетіп, түсіндіріп отырады екен. Дін дүниесіне қатысты ой тол­ғап жүрген ғалымдардың айтуынша, жалпы, қайырымдылық қор­лары сипатындағы мұндай құ­ры­лымдар адамзат дамуының әр­қи­лы кезеңдерінде дүниеге келіп отыр­ған. Ал Мұхаммед пайғамбар таратқан ислам діні қайырымдылық қорларының тұтастай қоғамдық инс­титутқа айналуына шешуші әсер еткен көрінеді. Дін істері агенттігі діни оқу орын­­дарымен байланыс және дін­тану сараптамасы басқар­ма­сы­ның бастығы, белгілі ясауи­та­­н­у­­шы Айнұр Әбдірәсілқызымен әңгі­мелескенімізде, біз осы мәселеге қаныға түскен едік. Ол бұл орайда былай дейді: «Адамдарға қайыр етуді, көмек беруді, жақсылық жасау­ды насихат еткен, мұсылмандарды өзі дүниеден өткеннен кейін де үзіл­мей­тін сауапты істерге құлшын­дыр­ған Құран Кәрім аяттары мен Мұхаммед пайғамбар хадистері ал­ғаш­қы исламдық уақфтарды пайғамбар дәуірінде дүниеге әкелді. Саңлақ сахабалар Әбу Талха мен Омар ибн Хаттаб өздерінің құрма бақ­шасын Алла жолына садақа ретін­де атай отырып, уақфтық құ­ры­лымның негізгі қағидаларын қалыптастырған. Хазіреті Әбу Бәкір, Осман, Әлимен басқа да көптеген сахабалар өздерінің мал-мүлкінен уақфтар ұйымдастырған. Уақфқа берілген мал-мүлік иесінің иелігінен толық шығарылады, одан ары қарай сатылмайды, сатып алынбайды және мұраға қалдырылмайды, тек уақфқа беруші қандай мақсат үшін садақа ретінде атаған болса, сол мақсатқа ғана жұмсалады». Айнұр Әбдірәсілқызының ай­туын­ша, уақфтық мәдениетті құқық­тық тұрғыдан толық негіздеп берген ислам ғұламасы имам Ағзам Әбу Ханифаның шәкірті Әбу Йусуф болған екен. Яғни, оның пәтуаларының негізінде ханафи мазхабы ғана емес, басқа да мазхабтарды ұстанатын өлкелерде де уақфтық мәдениет барынша жанданыпты. Кейін қоғамдық маңызы зор ірі жүйеге айналған соң уақфтар арнайы мемлекеттік құрылымдар арқылы қадағаланатын болған. Осылайша, мұсылман елдерінде мемлекет қазынасы есебінен уақф­тар ұйымдастыру дәстүрге айналған. «Омеядтар мен Аббасидтер кезеңінде араб жерінде, Османлы дәуірінде Анадолыда кеңінен қанат жайған уақфтар мәдениеті негізінде ме­шіттер, медреселер, мектептер, ғимараттар, керуен сарайлар, көпірлер, жолдар, ауруханалар, ұста дүкендері және басқа да халық тұрмысына қажетті құрылыстар салынған. Бұл құрылыста қызмет ету­шілердің, ем алушылардың, ұстаздар мен шәкірттердің күнкөрісі уақф қаржысы арқылы қамтамасыз етілген. Уақфтар мәдениеті кемеліне келген Османлы мемлекетінде атал­ған құрылыстармен қатар, уақфтар қаржысына құдықтар қа­зылып, кемелер жасалып, жетімдер мен жесірлер үйі, кесенелер, кітап­хана­лар, асханалар, моншалар, кір жуатын орындар салынып, тіпті, теңіз шамшырақтарына дейін жасалған екен. Ағаш егуге, әскерилердің атын күтіп-баптауға, борышкерлерді қарыздарынан құтқаруға, құлдарға азаттық әперуге, қызметшілердің қожайындарға қарыздарын төлеуіне, науқастар мен мұқтаждарға көмек беруге арнап ашылған мың-сан қайырымдылық қорлары ғасырлар бойы Анадолы жерінде қызмет етіп келген. Бұл мәдениеттің халық тұрмысы мен санасына терең орнап, барынша сіңіп кеткені соншалық, бейнелі түрде айтқанда, артық мүлкі бар адам жақсылық жасамаса тұра алмайтын дәрежеге жеткен деуге болады», дейді А. Әбдірәсілқызы. Демек, бұдан қандай ой түюге болады? Бұдан сіз ізгілік жолында әрдайым игілікті іс атқару, маңа­йыңызға қайырымдылық көрсету, айналаңызға ізгілік нұрын тарату, көмекке зәру жандарға қолұшын беру – ең үлкен иманды­лық екенін жадыңызға берік тоқисыз. Уақфтық мәдениеттің мұсылман қауымының ортасында кең таралғандығынан адам жанының ізгілікті және сауап­ты істерді атқаруға құмбыл бола алатынына көз жеткізесіз. Демек, уақфтық мәдениет, ең алдымен, мейірімділікке суарылған имани ұстанымдардан бастау алуымен де құнды көрінеді бізге. Ғалымдардың пікірінше, бұл мәдениет Мұхаммед пайғамбар үмбетінің санатына енген қазақ даласы үшін де еш жат болмаған. Олар исламның қазақ даласына таралу кезеңінен бастау алып, ХХ ғасырдың басына дейін өмір сүрген уақфтық мәдениеттің ең көрнекі мысалын Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің уақфы болып саналуымен байланыстырады. Яғни, бұл кесенені салдырған Әмір Темір Көреген Әзірет Сұлтанға атап, уақфтық жерлер бөліп, оның бау-бақшасының түсімін қандай тәртіппен қай мақсатқа пайдалану қажеттігін, кімнің басқаруға, кімнің бақылауға өкілетті екендігін түгел жазып көрсеткен уақфтық құжат қалдырыпты. «Қазақ даласында бұған дейін де уақфтық үрдістің орнағанын Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насабнамасынан» көруге болады. Отырарда сопыхана ұстап, пірлік қызмет атқарған Сопы Мұхаммед Данышманд жайлы жаза келіп, шежіреші: «Сопыхананың жер-суын 300 қызыл алтынға қолдан сатып алды. Сопы Мұхаммед Данышманд ханақаға (сопыханаға) уақф қылды. Бірақ Қайу тегін Сопы Мұхаммед Данышмандқа «шайх атамсыз» деп, «Тоғыз атамнан бері келе жатқан адал мал-мүлкім, басы Оғыз таудан аяғы Қарашыққа дейін 200 қос жер еді. Тәңірі ризасы, Мұхаммед Расулаллах шапағаты үшін уақф еттім», деп шеттің жер-суын берді» дейді. Шежіреде, сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауидің он бірінші атасы Ысқақ бабтан қалған уақфтық мүліктер мен басқа да уақфтар туралы егжей-тегжейлі айтылады», деп ой тарқатады бұл жөнінде ясауитанушы ғалым Айнұр Әбдірәсілқызы. Оның сөзінен аңғарғанымыз, Қарахан мемлекетінің негізін салу­­шы Сұлтан Сатұқ Бұғра хан­ның шежіресі болып табылатын «Тәз­кире-и Бұғрахан» жазбасында да әрбір шайқастан кейін шейіттерді ақ жауып, арулап көміп, қабір басына арнайы шырақшылар тағайындалғаны, оларға жер-су бөлінгені, қазан көтеріп, ас-су әзірлеу, оны әруақтарға бағыштап отыру үшін мал-мүліктің оннан бірі зекетке берілгені айтылып отырған екен. Бұл да қазақ жеріндегі шырақшылық дәстүрдің қалыптасуы мен сансыз көп сағаналардың тұрғы­зылуы уақфтық мәдениеттен бастау ал­ға­нының тағы бір айғағы болса керек. Демек, шежіреге айналған жаз­ба­лар арқылы, сондай-ақ, дін дүниесі жөнінде тереңнен ой толғап жүрген ғалымдардың сөздері арқылы, тұтастай алғанда, уақф­тар мәдениетінің үлкен Түркістан мәдениетінің ықпалды бір бөлігі екенін аңғаруға болатындай. Мұны ғалымдардың «уақфтар мәдение­тін дамыту дәстүрлі рухани құнды­лық­тардың қайта жаңғыруы ретін­де ғана емес, рухани бастамалар­ды қаржыландыру көздерінің бірі ретінде де маңызды» деген сөздері­мен де бекіте түсуге болатыны анық. Ендеше, уақфтар мәдениеті көп қозғала бермейтін келелі мәселелердің бірі ретінде, оны қайта жаңғырту бағытындағы түсіндіру жұмыстарын жүргізу – қоғамдағы игі бастамалардың қайта жандануына, сол арқылы түйткілді дүниелердің түйінін тарқатуға септесер еді. Себебі, уақфтық мәде­ниет адамның өзі өлсе де, оның артында тағылымды сөзі мен ізгілікке толы ісі қалатынының, ал игілікке бағытталған қайырымдылықтың сауабы есепсіз болатынының керемет көрінісі. Көшпенділер өркениетінде қайырымдылық пен қамқорлықтың алуан түрі қалыптасқан. Имандылық шартының өзі өзгеге адал және әділ болуға үндейді. Қандай да бір көмекке зәру жалғыз-жарымға, жоқ-жітікке, әлсіз бен кемтарға қайырымдылық жасау, жағдайы жоқ ағайынға жылу жинау, басына баспана тұрғызу үшін асарлату арқылы ешбір жанды қорғансыз қалдырмайтын қазақ үшін уақфтық мәдениеттің өте жақын болатыны, сол себепті де, қайырымдылық сипаттағы біртұтас қамқорлық институтын қалыптастырғаны осыдан да шығар. Ал Алла тағала берген мал-мүлікті жақсылыққа, қайырымдылыққа жұмсаған адам мол сауапқа кенелері анық. Бұл туралы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өз хадистерінде: «Қайырымдылық – жақсы қасиет», «Ақиқат байлық – мал-мүліктің көп болуы емес, ақиқат байлық – кеңпейілділік, қайырымдылық», «Өзгелерге мейірім таныта алмаған адамға Алла тағала да қайырымдылық жасамайды», «Алла тағала ауыртпалыққа ұшырағандарға қолұшын берген жандарды жақсы көреді» делінген. Ендеше, көмескіленуге айналған мұндай құндылықтарды бүгінгі заманға, қоғам құрылымы мен сұранысына сәйкес жандандыра түсудің шапағаты мол болары анық. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».