20 Наурыз, 2014

Қалбатауға Карелин келген күн

765 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Сәрсенбі – жармалықтар үшін сәтті күн болды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Туған жерге – тағзым» акциясы шеңберінде Қалбатау ауылында әйгілі балуан Дәулет Тұрлыханов жерлестеріне халықаралық талаптарға сай әйдік спорт кешенін тарту етті. Бұл – Жарма жеріне Олимпиада чемпиондары жиналған күн еді. Аталған шараға Олим­пиаданың үш, әлемнің тоғыз, Еуропаның он екі дүркін чемпионы, Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының депутаты Александр Карелин бастаған новосібірлік делегация арнайы келді. Сонымен бірге, қазақтың рухын жаныған Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров пен Бақтияр Артаев және салтанатты шараның иесі, әйгілі балуан Дәулет Тұрлыханов бастаған мәртебелі меймандар қатысты. – Жарма топырағына осыған дейін даңқты балуан Александр Карелин бастаған төрт бірдей Олимпиада жеңімпазының табан тіреуі сияқты оқиға болған жоқ, – деді Бердібек Сапарбаев. Бұл ізгі шараның адам өмірінің кейінгі ұрпаққа айта жүрер маңызды, айтулы оқиға болып есте қалатынын жеткізген өңір басшысы ресейлік атақты мейманның осы іс-шараға арнайы келуі екі ел арасындағы достық пейілдің жарқын көрінісі екенін атап өтті. DSC_1165 DSC_0925 DSC_0871-1 Қалбатау ауылы – Олимпия ойындарының күміс және қола жүлдегері, әлем және Еуропа чемпионы, Кеңес Одағының жеті дүркін жеңімпазы Дәулет Тұрлыхановтың туған жері. «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында даңқты балуан шығыс өңіріне, оның ішінде Жарма ауданына үнемі қолұшын созып, түрлі әлеуметтік жобалардың демеушісі болып келеді. Ал Тұр­лы­хановтар әулетінің бұл жолғы тартуы – айрықша. Болат Тұрлыханов атындағы зама­науи спорт кешенінде 1 мың адам жаттыға алады. Зәулім нысан үш спорт залынан тұрады. Оның ішін­де бокс, ауыр атлетика және күреске арналған әмбебап залдар бар. Спорт нысанында кез келген дүбірлі жарысты қысылмай, емін-еркін өткізуге мүмкіндік жасалған. Жарысты бір мезетте 450 жанкүйер тамашалай алады. – Қазақстанда, оның ішінде шығыс өңірінде туған өлке мен аға толқынға деген үлкен ілтипат пен биік құрмет қалыптасқанын байқадым. Бүгін халықтық игі дәстүрдің арқасында тамаша спорт нысанының ашылуына куә болып отырмыз. Спорт кешенінің пайдалануға берілуі – баршамызға өз еліміздің патриоты болып, туған өлкемізді сүюдің үлгісін көрсетті. Мұнда ертеңнен бастап балалар спортпен шұғылдана бастайды, олардың арасынан келешекте талай чемпиондар шығатынына сенемін, – деді А.Карелин. Дәулет Тұрлыханов өз сөзінде спорт ғимаратының орнында 50-60-жылдары Абай атындағы орта мектеп болғанын жеткізіп, жаңа кешеннің ел игілігіне қыз­мет етуіне тілектестігін білдір­ді. Еліне елеулі балуанның анасы Мәрзия Тұрлыхановаға гүл шоқтары табыс етілді. Кеш қонақтары өңір басшысының «Туған жерге – тағзым» акциясы туған ел мен жерді көркейтуге негіз болатын парасатты бастама болып отырғанын айрықша атап өтті. Мерекелік жиын соңында олимпиадашылар шеруі аудан орталығындағы ел Тәуелсіздігіне арналған монументтің ашылуына қатысты. Спорттық мереке барысында Шығыс Қазақстан және Ресей Федерациясының Новосібір облыстарының жасөспірімдер командалары арасында грек-рим күресінен жолдастық кездесу өтті. Даңқты балуан Александр Карелинге шығысқазақстандық спортсүйер қауым ерекше құрмет көрсетті. Мәселен, мәртебелі мейман облыс орталығында өткен республикалық жаратылыстану және математика пәндері бойынша олимпиаданың жабылу салтанатына қатысты. Жарма ауданына бара жатқан күре жолда Ұлан ауданының тұрғындары арнайы тіккен киіз үйден дәм татып, Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Ал Қалбатауда жармалық ағайындар ресейлік қонаққа бозшұбар сәйгүлік сыйлап, иығына шапан жапты. Сонымен бірге, Өскеменде жанкүйерлерімен жүздескен А.Карелин Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры атанды. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы.