20 Наурыз, 2014

Халықтар бірлігін нығайта түседі

233 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Без имени-1Наурыз – түркі халықтары үшін ежелгі, күн мен түннің теңелетін, ұзақ та қатал қыстан кейін тіршілікке жан бітіретін мей­рам. Маған ұнайтыны – бұл мей­рамның біздің елімізде бар­ша қазақстандықтардың ба­сын бір шаңырақтың астына біріктіретіні! Бүгінгі таң­да тәуелсіз мемлекетіміз, Пре­зидентіміз Н.Назарбаевтың сөзімен айтқанда, шын мәнінде ғажайып бірегей «аралға» айналып отыр. Бұл – барлық қазақ­стан­­дықтардың ортақ жетіс­тігі. Бей­біт­шілік пен бірлік – елі­міз­дің одан әрі қарай дамуы мен өркен­деуінің негізі, белгіленген жос­­пар­­­ларды табысты іске асырудың кепілі! Бегенеев-18-03Бұл мерекеде халықтар достығын және ұлттардың бір-біріне деген құрметін көреміз. Наурыз – тіршілік атаулының бәрі қысқы «ұзақ ұйқыдан» кейін оянатын, бір-бірімен жүздесіп, қуанышқа бөленетін кезі. Адам­дар да қуана амандасып, бір-бірін құттықтап, бір-біріне қонаққа барып, жақсы тілектерін айтады. Және бір жақсы дәстүр – ауылда да, қалада да халық далаға не көшеге шығып, қыстан қалған қоқыстарды жинап, өзі тұратын жер­дің төңірегін тазартады. Жылы жақтан келген құстар да бір-бірімен табысып, ағаштарға ұя салады. Тал-шыбықтар егу жұ­мыстары қызу жүріп жатады. Бұл да адамның табиғатпен үйлесім табатын бір шағы екені анық. Ал мен үшін бұл мейрам – Теміртау қаласына арнайы барып, жақын-жуықтарыммен, туыс­тарыммен кездесетін қуанышты сәт. Қызықты әңгімелер айтылып, дастарқанға тәтті тағамдар қойылатын күн. Өзім соңғы жылдары Наурыз мейрамы өтетін орталық алаңға киіз үй орнатуды дәстүрге айналдырып келемін. Мейрам күні ақсақалдарды, құрметті қонақ­тарды шақырамыз. Қазақ дәстүрімен дастарқанға бауырсақ, ет қойылады. Айта кете­й­ін, спиртті ішімдіктер бол­майды. Киіз үйді жасауға Моң­ғо­лиядан келген жігіттер көмек­теседі. Егер киіз үйді нағыз қазақы бұйымдармен жасайтын болсаң, оны уақытында баптап, дұрыс сақтап, кептіріп отыру керек екен. Сондықтан қазіргі заманға лайықталып жаңа инновациялық технология пайдаланылады. Кереге мен уықтары және шаңырағы сапалы металдан жасалып, ұлттық реңі сақтала, аппақ киіз үй болып шыға келеді. Үйдің ішінде төсеніштер, кілем, көрпе-жастықтар – бәрі бар. Едені тақтайдан жасалған. Жазда іргесін түріп қойғанда самал жел соғып, салқын кезде жылы, ал жазда қоңыр салқын болып тұрады. Оған өзім де куә болдым. Өткен жылдың жаз күндері немерем Матвей екеуміз бір жақтан шаршап келдік те киіз үйге жата қалып едік, қатты ұйықтап қалыппыз. Оянғанда, керемет тынығып қалғанымызды байқадық. DSC_0702- Наурыз мейрамы қарсаңында Теміртау қаласындағы арнайы алаң­да бәрі де киіз үй орнатады. Әртүрлі мекемелер, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын кәсіпорындар және «Нұр Отан» партиясы өз киіз үйін тігеді. Солардың арасында орналасатын өзімнің киіз үйім де қонақтарды қарсы алады. Биыл тұрмысы төмендерді және мүм­кіндігі шектеулі жандарды қонақ қылсам деп отырмын. Бұрын ауыр жұмыс орындарында еңбек еткен жандармен бұған дейін байланыс жасап тұрған едім. Олардың алатын жәрдемақысын индекстеу мәселелерін шешуге ықпал еттім. Жуырда сандық сатып алдым. Кәдесыйлар дайындап қойдым. Үш шапаным бар. Наурызда өзге ұлт өкілдері де ұлттық киімдерін киіп келеді. Тегіне, тіліне қатысты ешқандай шектеу жоқ. Бүгінгі таңда Наурыздың гуманистік идеалы – саяси тұрақтылықты, сенім мен достықты, елімізде тұратын барлық адамдардың тең құқығын сақтауда айрықша рөл атқарады. Мұндай мейрамдар халықтың бірлігін тек қана нығайта түседі деп ойлаймын. Теміртау қаласында еліміз егемендігін алған кезден бері Наурыз мейрамы тойланып келеді. Ол – көпұлтты қала. Жүзден астам ұлттың өкілдері тұрады. Бәрі де ынтымақтастықта өмір сүріп жатыр. Бәрі де бір шаңырақтың астында, бір дастарқанның басында бірігуге тырысады. Бұл жерде Қазақстан Президентінің еңбегі зор деп айтар едім. Өйткені, Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты конституциялық мәртебесі бар іргелі ұйымды бірде-бір мемлекет құра алған жоқ. Бұл мейрам – біздің бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында бірге екендігімізді тағы да бір дәлелдей түседі. Сондықтан, барша қазақстандықтарды көктемнің жарқын мерекесі – Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Бәріне көктемнің арайлы шуағын, зор денсаулық, бақыт пен ырыс-береке тілеймін! Андрей БЕГЕНЕЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі.