20 Наурыз, 2014

Заңсыз әрекет

484 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жақында жедел іздестіру шарасын өткізу барысында Ақтөбе қалалық ІІБ қызметкерлері  есірткі сатушылардың қылмыстық әрекетінің жолын кесті. Есірткі бизнесінің жолын кесуші полицейлер екі күнде  есірткі сатумен айналысып жүрген  екі  қала тұрғынын қолға түсірді. Үстіміздегі жылдың 13 наурызында есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері  43 жастағы қала тұрғынын ұстап, оның қолындағы полиэтиленді пакеттен ішінде жасыл түсті, өзіндік иісі бар өсімдік зат салынған,  скотчпен оралған екі түйіншекті тәркіледі. Өткізілген сараптама қорытындысына сәйкес,  алынған зат жалпы салмағы 2 келі құрайтын кептірілген марихуана екендігі анықталды.  Осыдан бір күн бұрын есірткі затын сатудың тағы бір дерегін дәл осы тәртіп сақшылары  жедел-іздестіру шарасы кезінде анықтаған болатын. Сонымен, есірткі саудасына қарсы әрекет етуші полицейлер  38 жастағы тағы бір қала тұрғынын ұстады. Оның жалпы салмағы 20,66 грамм марихуананы 18 000 теңгеге өткізгені анықталды. Аталған екі дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына отырғызылды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.