20 Наурыз, 2014

«Қазақстан – 2050» Стратегиясы – ел ертеңін еңселендірер ерен жоба

1014 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

ERA_6997

Елордадағы Орталық коммуникация қызметінде

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университе­тінің ректоры М.Сарыбековтің қатысуымен «Елбасы Жолдауының аясында бәсекелестік мемлекетке кадрлар дайындау» тақырыбында брифинг болып өтті.

Кадр дайындаудағы қарымды қадам

Елбасының Жолдауындағы білім және ғылымды дамытуға қатысты бағыттарын насихаттау мен түсіндіру және М.Х.Ду­лати атындағы Тараз мем­ле­кеттік университетінің бәсе­кеге қабілетті мамандарды дайын­даудағы қызметі туралы ха­лықты ақпараттандыруды мақсат еткен басқосуды өткіз­ген уни­верситеттің негізгі ұйым­дас­тыру қызметінің страте­гия­лық ұста­нымы – студенттерге, магис­транттарға және докто­рант­тарға ғылым арқылы білім беру. Тараз мемлекеттік уни­вер­ситеті – 60 мамандықтан бакалавриат, 39 мамандықтан магистратура және 3 мамандықтан PhD-докторантура бағдарламалары бойынша мамандар дайындай­тын оңтүстік өңірдегі жетекші оқу орындарының бірі. Уни­вер­­ситет халықаралық білім беру кеңістігінде интегра­цияны те­рең­дету, оқыту­шы­лардың ғылы­ми-зерттеу мүм­кіндіктерін кеңейту және білім алушылардың акаде­мия­лық ұтқырлығын дамы­ту мақ­са­тында Шанхай ынты­­мақ­тас­тық ұйымы универ­си­тет­терінің желісіне ресми түрде қабылданыпты. Сонымен қатар, Беларусь-Қазақстан ғылыми-білім беру консорциумы аясында бірқатар инновациялық жобаларды да жүзеге асырған. Оқу орны оңтүстік өңірдегі ірі патент иеленуші болып, жыл сайын университет ғалымдары жаңа құрылғылар мен жаб­дық­тарға, механизмдерге, құры­лыс материалдарына орта есеп­пен 25-30-дан Қазақстан инно­вациялық патентін және автор­лық куәліктерін иеленіпті. Жам­был облысы әкімдігінің тапсырмасымен университетте патенттер мен авторлық куәлік­терді коммерцияландыру бойынша негізделген ұсыныс­тарды іріктеу, сараптау және жүзеге асыратын аймақтық сарап­тамалық орталық құрылған. Университет ұжымы аймақта мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру барысына белсене атсалысып, әртүрлі санаттағы жастардың мәселелерімен айналысу мақсатында университетте аймақтық ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, оның қызме­ті мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс есебінен облыстық бюджеттен қаржыландырылып отыр. ТарМУ білім беру және ғылым салалары бойынша екіжақты ынтымақтастық туралы 49 жоо-мен және алыс-жақын шетелдік ғылыми-зерттеу ұйымдарымен келі­сімшарт жасасып, халық­ара­лық ынтымақтастық шартта­рының аясында бірлескен зерттеу жобалары жүзеге асырылып келеді. Соның арқасында жыл сайын университеттің оқыту­шылары мен студенттері халықаралық білім беру бағдар­ламаларының гранттарына ие болып келеді. Люблин (Поль­ша) политехникалық уни­­вер­си­тетімен жасалған келісім­шарт аясында бакала­вриат­тың және магистратураның білім беру бағдарламалары бойынша қос дипломды жүйеге көшу жұмысы қолға алынған. М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дің ғылыми-әдістемелік, материалдық-техникалық қоры мен кадрлық-педагогикалық әлеуеті университеттің 2020 жыл­ға қарай оңтүстік өңірдің за­манауи ғылыми-білім, инно­ва­циялық-интеллектуалдық және мәдени-ағарту орталығына айналуына мүмкіндік береді. Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан».

Бірлік бар жерде бағындырар биік те бар

ГульнарҚазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев ел Үкі­метіне мемлекеттік индус­трия­ландырудың жаңа кезеңіне өту жоспарын жасауды тапсырып отыр. Бұдан былайғы жерде елімізде халықтық кі­ріс­тің өсу сая­саты жан-жақ­ты пы­сықталатын болады. Осы­ған орай Елбасы қаржылық-несие­лік саясат барысында әрбір қа­зақстандықтың кіріс табысын инфляция мен құнсызданудан сақтауға кепіл болуды мықтап қадағалау керектігін айтты. Елбасы алға қойып отырған жаңа мақсат, жаңа бағдарлама – «Қазақстан-2050» Стратегиясы – бұл ұрпақтар жалғастығының ұлы мақсаттар көшіндегі үн­қатысуы, бір мүдде астында жиылуы деп білемін. Қазақстан халқының өз қолымен жеткен жетістігі – ел Тәуелсіздігі ұлы іс екеніне, мұны ертеңгі ұрпақ жалғастырып әкететініне Елбасымыз өзінің Қазақстан халқына жасаған Жолдауында баршамыздың көзімізді жеткізді, көңілімізді сендірді. «Қазіргі таңда адам баласы ғалами жаңа талаптарға тап болып отыр», деп сөз са­бақтаған Елбасы біздің елі­міздің де алдында тұрған не­гізгі 10 бағыт, 10 талапты тал­қылап тұрып түсіндіріп берді. Барша қазақстандықтың ден­саулығынан бастап білім алу, жұмыспен қамту, жалақы, зей­нетақы мен әлеуметтік төлемдер төлеу, тіпті, тұрғын үй мәселесін де назардан тыс қалдырмайтын Президенттің осы Жолдауына да ел дән риза. Кезінде жеке меншіктің қолына өтіп кеткен кен байлық­тары мен өнеркәсіп орындарын ел экономикасын көтеру үшін мемлекет меншігіне қай­тару бағытындағы жұмыстар қар­қынды жүргізілуде. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының еліміздің кадрлық әлеуетіне баса мән беріп отырғандығы қуантады. Саны бар, сапасы жоқ мамандарды емес, болашақта халық үмітін ақтай алатын іскер азаматтарды дайындау қажет екендігін де Елбасы нығарлап тұрып тапсырды. Бұл Жолдаудан түйгеніміз, тыныш та бірлігі жарасқан елде алға басу, ілгерілеу бар. Барша қазақстандықтар болып Көк тудың астында, көкейге түйген ұлы мақсаттың аясында біріксек, біз жеңбейтін қиындық, біз алмайтын биік жоқ! Гүлнәр АННАҚҰЛИЕВА, түркімен этномәдени бірлестігінің төрайымы. АЛМАТЫ.

Ғылымға қаржы керек, ғалымды қалыптастыру одан да өзекті

АбилАдамзатқа прогрессивті көптеген жаңалықтар әкелген ХХ ғасырдың аяғына дейін «Бесжылдықтың балғасы сол­қылдата соғылсын!» деген ұрандар болушы еді. Жос­парлы экономиканың кезінде «Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткіземіз» деген тапсырма болғаны да аға буынның есінде болар. Ал ХХІ ғасыр­дағы ғылым мен экономи­ка­ны дамытудың талап-тілегі, әлем­дік даму бағыты тіпті өзгеше. Ғылымды дамытқанда ғана ғаламдық өлшемдермен алған­дағы жұдырықтай жерді көші тоқтамайтын адамзат игілігіне дұрыс пайдаланамыз. Экономиканың ғылыми қамтымды моделіне көшпей, Президент Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында тапсырған еңбек өнімділігін 5 есе өсіру мақсатына жету мүмкін емес. Алға қойып отырған тапсырма ауқымын түсіну үшін, Қазақстандағы еңбек өнімділігінің 24,5 мың долларға тең екенін айтуымыз қажет. Ал құдайы көршіміз әрі Кеден одағы бойынша әріптесіміз Ресейде бұл көрсеткіш 30 мың долларға жетті. Ал АҚШ-та бұл сан – 95 мың доллар. Сондықтан оны елімізде 2050 жылға қарай бүгінгі 24,5 мың доллардан 126 мың долларға дейін жеткізу міндеті Айға болмаса да, аспанға шапшумен бірдей көрінеді. Ғылыми қамтымды экономиканы қалай түсіну керек? Өмірдің барлық саласында, яғни өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, азаматтық, әскери секторда ғылыми білімді жүйелі, бұқаралық және кең негізде қамтыған экономика деп түсіну керек. Ғылыми қамтымды экономиканың өлшемі ғылымды пайдалана отырып өндірілген тауар мен көрсетілген қызметтің жалпы құнын өлшегендегі қосылған құнының шамасы болып табылады. Дамыған елдерде бұл шама жалпы бағаның 15-20 пайызына дейін жетеді. Жоғары технологиялық салаларда өнімнің жалпы құнындағы ғылыми үлестің шамасы мұнан да жоғары. Қазіргі дамыған мемлекеттер экономикасының барлығы да ғылыми қамтымды екенін көріп отырмыз. Қазіргі кезде әлемдегі ішкі жалпы өнім өсімінің 70 пайызы өндірістегі және басқарудағы инновациялық технологияларда көрініс тапқан жаңа білімнің үлесіне тиеді. Мысалы, қазір бір тонна болат өндіру өткен ғасырдың 80-жылдарымен салыстырғанда, еңбек шығынын 12 есе аз талап етеді. Демек, барлық жұмыс үдерістерін автоматтандыру және компьютерлендіру нәтижесінде еңбек өнімділігі 12 есе өсті деген сөз. Сондықтан да дамыған, мойны озық елдер ғылыми өңдеу мен тәжірибелерді қаржыландыруға жіті көңіл бөледі, олар үшін қаржыны қысымдамайды. Цифрларға жүгініп көрейік. Тұтастай алғанда, дамыған елдер өзінің ішкі жалпы өнімінің 2,5 -3 пайызын ғылыми-зерттеу және тәжірибе-құрастыру жұмыстарына жұмсайды. Америка Құрама Штаттарында бұл мақсатқа жұмсалатын шығындар ішкі жалпы өнімнің 2,6 пайызына тең. Мұнымен қатар әлемдегі ғылымға бөлінген барлық қаржының 40 пайызы Америка Құрама Штаттарына ағылатынын да ескеріңіз. Германия ғылымға ішкі жалпы өнімінің 2,4 пайызын, Жапония 3 пайызын, Швеция 3,7 пайызын жұмсайды. Халықаралық академиялық кеңестің ұсынуымен дамушы елдерде ғылымды дамытуға арналған шығындар үлесі ішкі жалпы өнімнің 1-1,5 пайызын құрайды. Қазақстанда бұл көрсеткіш 2009 жылы – 0,23 пайыз, 2010 жылы –0,15, 2011 жылы – 0,16 пайыз болды. Тіпті 2012 жылдан басталған ғылымға жұмсалған қаржының өсуі де жағдайды өзгертуге септігі тиіп отырған жоқ, өйткені, ішкі жалпы өнімнің жалпы өсу деңгейі ғылымға бөлінген қаржы үлесін өсіруге мүмкіндік бермейді. Нақ осы себептен де Қазақстанда бір миллион тұрғынға 93 патенттік сұранымнан келеді. Бұл дамыған елдердегі деңгейден аз. Ресейде бұл әр миллион тұрғынға шаққанда —195,9, Германияда – 582,6 және Оңтүстік Кореяда – 2591,5 сұраныстан келеді. Мұнан ресейліктер қазақстандықтардан екі есе, немістер 6 есе, корейлер 28 есе ақылды деген ой тумаса керек, әңгіме қаржыландыру деңгейі мен ғылымды ұйымдастыруда болып отыр. Қазақстанда ғылымға бағышталған әлгі аз қаржының 45 пайызы қолданбалы зерттеуге бөлінеді, ал Батыста ғылымға деген қаржының 60 пайызы ғылыми өңдеудің және оны коммерциялаудың соңғы сатысына жұмсалады екен. Ал бізде халықаралық патент алған өнертапқыштар жұмысының ең болмаса бір бөлігі де қаржыландырылмайды. Президент ішкі жалпы өнімнің 3 пайызын ғылымды қаржыландыруға жұмсауға қол жеткізуді тапсырды. Бұл жыл сайын ғылыми-зерттеу және тәжірибе-құрастыру саласына 7-8 миллиард доллар түседі, яғни қаржыландыру бұрынғыға қарағанда, 18 есе көбейеді деген сөз. Бұл цифрды ішкі жалпы өнімнің 2013 жылдың деңгейімен алып отырмыз. Егер еліміздің ішкі жалпы өнімі алдағы уақытта жыл сайын 6 пайызға өсетінін есепке алсақ, онда ғылымға жылына 480-500 миллиард доллар қаржы түсетін болады. Бұл қаржының барлығы бірдей бюджеттен шығуы міндетті емес. Батыста ғылыми-зерттеу және тәжірибе-құрастыру саласын қаржыландырудың басым бөлігін ірі корпорациялар өз мойнына алған, өйткені, негізінен патенттердің иелері де солар болып табылады. Қазақстандағы қазба байлықтарын өндірушілерге табыстың 1 пайызын ғылыми-зерттеу және тәжірибе-құрастыру саласына бөлуді міндеттеу жылына 250 миллион доллар қаржы алуға қол жеткізген еді. Мұның сыртында 2012 жылы ғылымды мемлекеттік қаржыландыру 280 миллион доллар болды. Бір сөзбен айтқанда, Қазақ­стан ғылымын үлкен қаржы күтіп тұр. Алайда ғылымды қар­жы­ландырумен ғана болашаққа мақсат тұтқан істерді бітіре алмаймыз, басқа өзекті мәселелермен бетбе-бет келетініміз айқын. Ең бастысы, бүгінде креативті, білімді, сол берілген қаржыны жаңа істерге, идеяларға жұмсай білетін ғалымдар тапшы екенін жасырып керегі жоқ. Сондықтан Президент өз Жолдауында айтқандай, жоғары оқу орындарының, оның ішінде педагогикалық білім ордаларының маңызы арта түседі. Білім жүйесі жұмысын түлектер бойында бастамашылдықты, жеделдікті, икемділікті, динамизм мен сындарлылықты қалыптастыруға бағыттауға тиіс. Оқытушы өз ісіне шығармашылықпен қарағанда, жаңа әдістер мен технологияларды пайдаланып, оның ішінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жобалық қызметтерді атқарумен үйлестіре білгенде ғана үлкен істер шешімін табарын есте ұстағаны абзал. Бұл үшін ертеңгі ұстаздар – педагогикалық жоғары оқу орындарының бүгінгі студенттері зерттеу жұмыстарына бейімделуі, дайын болуы қажет. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жекелеген педагогикалық институттарды университеттерге айналдыру жөніндегі бастамасы қолдауға әбден лайық. Олардың қызметіндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының құрамын белсендірек жүргізу бүгінгі күн міндеттерінің бірі. Еркін ӘБІЛ, Қостанай мемлекеттік педагогика институтының проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Қостанай.

Аға ұрпақтың үмітін ақтаймыз

Азаматов Н.Атырау өңірінің жастары Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауымен алдымен интернет ресурстарынан танысқан еді. Сол күні кешкілік телеарналардан тыңдауға жиналдық. Содан бері де, міне, бір жыл өте шығыпты. Жолдауда айтылған игі мақсаттардың барша қазақстандықтың көкейіндегісін тап басқаны да анық-тын. Әсіресе, тәуелсіз еліміздің қарышты дамуымен ертеңгі күніне үлкен үмітпен қарайтын жастардың жігерін жанығаны сөзсіз еді. Отанға адал қызмет ету мақсатындағы патриоттық сезімімізді де күшейте түскені күмәнсіз болатын. Елбасының бүгінгі жас­тарға қарата: «Сендер – бо­лашаққа деген үкілі үмі­тіміздің ті­регісіңдер. Біздің бүгінгі атқарып жатқан қыруар шаруаларымыз тек сендер үшін жасалуда. Тәуелсіз елде туып, тәуелсіз елде тәрбие алдыңдар. Сен­дер тәуелсіз елдің пер­зен­тісіңдер. Сендердің азат ойларың мен кемел білім­дерің – елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жет­пес қиянда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құді­ретті күш», деуі үлкен сенім жүктейді. Шындығында, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елі жастарының сапалы білім алуына бар қолдауын көрсетіп келеді. Білімге құштар әрбір талантты жас шетмемлекеттердегі ең озық оқу орындарында білімін жетілдіру мақсатында биыл 20 жылдығы атап өтілген халықаралық «Болашақ» бағдарламасын іске асырды. Басқару қабілеті зор жас­тарды мемлекеттік қыз­метке тартты. Отанға адал қызмет етуге үндеді. Кәсіп­кер болғысы келген жас­тар да мемлекеттің қол­дауына сүйенеді. Бір сөзбен түйін­дей айтқанда, тәуелсіз Қазақ­станның Тұң­ғыш Пре­зиденті Нұр­сұлтан Назар­баев жас­тардың келешегіне инвестицияны молынан салды. Енді жастардың алдында бір ғана мақсат болуы тиіс. Ол – қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, экономикалық өрлеудің сатылы баспалдақтарына қарышты қадам басып, еңсе тіктеген тәуелсіз Қазақстанның келешегіне бар қажыр-қайратымен емірене адал еңбек ету. Әрине, отаншылдық патриотизмнің де қажеттігі даусыз. Мен Қазақстанның қасиетті топырағында кіндік қаны тамған, тәуелсіз елімізде елжандылық сезіммен тәлімді тәрбие, кемел білім алған замандастарымның бойында отаншылдық рух бар деп нық сеніммен айта аламын. Сол себептен, Қазақстан жастарының барлығын жалынды жүрекпен елдің келешегіне адал қызмет етуге шақырамын. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының: «Отан үшін отқа түс, күймейсің», деген нақылы әр жастың жадында жүреді. Біз, еркін елдің ертеңгі буыны саналатын бүгінгі жастар тәуелсіз Қазақстанды жаһан жұрты қызығып қарайтын бәсекеге қабілетті ел деңгейіне көтерген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың, барша аға буынның үкілі үмітін ақтауға, сөйтіп, өз Отанымыздың 2050 жылға қарай әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің бірі болуына белсенді атсалысуға дайынбыз. Бізге сеніңіздер, алдыңғы толқын ағалар! Нұрлан АЗАМАТОВ, «Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.  Атырау облысы.

Рухани құндылықтар қуаты

ДосановаБіз былтыр тәуелсіз Қазақ­станның ең жас мерекесі – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін екінші мәрте атап өттік. Ал Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың 14 желтоқсандағы Жолдауы біз­дің Прези­ден­тіміздің бола­шақ­тың қамындағы шынайы халық­тық көшбасшыға айналғанын айшық­тады. Өйткені, «Қа­зақ­­стан-2050» Стратегиясы – қалып­тас­қан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ауқымды әрі тағ­дыр­шешті құжаттың халық наза­рына ұсынылып, толық қолдау табуы ешбір өлшемге сыймайтын көрегендіктің үлгісі дер едік. Қазіргі заман тарихына қуат­­ты өрлеу қосатын Жол­дау «Мәңгілік Ел» аталатын жа­ңа Қазақстанның жарқын күнде­рін көз алдымызға шүбәсіз наным­дылықпен елестетеді, бойымызға сенім қайнарын құяды. Әрине, алдымызда ауыр сын­дар тұр. Бірақ, Тәуелсіздік тәжі­рибе­лері, «Қазақстан-2030» Страте­гия­сының табысты қадам­дары көздеген мақсатымызға міндетті түрде жететінімізді әйгілейді. Болашақтың кілті – көпұлтты халқымыздың бірлігінде, жарасымды тірлігінде. Бұл орайда, Қазақстан халқы Ассамблеясы мәдениеттер үндесуінің бірегей еуразиялық үлгісі болды. Елба­сы­ның «Бірлігі бар ел озады. Бұл – тарих заңы. Тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана біз алға баса аламыз» деуі сондықтан. 2050 жылғы Қазақстан про­грессивті идеялар қоғамы болуға тиіс. Нұрсұлтан Әбішұлы осы ретте рухани дамуымыздағы негізгі күш саналатын зиялы қауымға үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Ақмола облысы Қазақстан халқы Ассамблеясындағы ғылыми-талдау орталығының жетекшісі ретінде ел арасында Назарбаев моделі аталып кеткен этносаралық түсіністіктің қазақстандық моделін насихаттауда, Ассамблея сессиялары шешімдерін жүзеге асыруда назар саларлықтай жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдегім келеді. Өңірімізде 120-дан астам этностар мен этностық топтарды біріктіретін 42 этномәдени бірлестік тіркеліп, мақсатты жұ­мыстар атқаруда. Орталық тарапынан ауық-ауық жүргізілетін әлеуметтік сауалдамалар мен оның нәтижесін зерттеу қорытындысы өңірдегі этносаралық ахуалдың тұрақты­­лығын және этностық негізде даулы уақиғалардың орын алуы­на әсер ететін факторлардың жоқтығын дәлелдейді. Бұл біздің ғана емес, облыстық ассамб­лея­ жанындағы Мемлекеттік тіл­ді насихаттау және дамыту ор­талығының, балалар мен жастар ұйымдарының ассоциа­циясының, қолданбалы халық­тық қолөнер шеберлері қауым­дастығының, журналистер клу­бы­ның ортақ табысы деуіміз керек. Жолдауда жастар арасындағы идеологиялық жұмысты жандан­дыруға, діни қауіпсіздікті қамта­масыз етуге ерекше маңыз артыл­ғанын құптаймыз. Бұл бағыт­та ғылыми интеллигенция Қазақ­стандағы ислам өркениеті, оған қатысты дәстүрлі ұстанымдар негізін терең зерттеу нысанына айналдыратыны айқын. Сондай-ақ, жаңа қазақстандық патриотизм көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың қастерлі құнды­лығы болып қала бермек. Сәуле ДОСАНОВА, Ақмола облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-талдау орталығының төрайымы, саяси ғылымдардың кандидаты.     Ақмола облысы.

Санаға серпіліс берді

Курманалина«Қазақстан жолы – 2050»: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Президент Н.Назарбаевтың биылғы жылғы Жолдауын тарихи маңызы бар құжат дер едім. Бұл Жолдаудағы маңызды идея – біздің қоғамымыздың басты құндылығын насихаттайтын, ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы еді. Ортақ мақсат – бұл «Мәңгілік Ел», ел тәуелсіздігін нығайту. Ортақ қызығушылық – бұл біздің ортақ құндылықтарымыз, ерікті, гүлденген елде өмір сүруіміз. Ортақ болашақ – бұл «Мәңгілік Елдің» гүлденуі, біздің ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасының көркеюі, бірлікке жұмылған халық үшін ерекше маңызы бар. Бұл құжат ел рухын көтеретін, болашаққа тікелей бағыт-бағдар беріп, мақсат-міндеттерді айқындап, оны орындайтын бағдарламалардың темірқазығына айналатыны сөзсіз. Елбасы Жолдауда Қазақ­станның әлемдегі бәсекеге қабі­летті 30 елдің қатарына қосылу жолындағы нақты жоспарын баян­дады. 2050 жылға қарай шағын және орта бизнес Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің елу пайызынан кем болмайтын өнім шығаратын болса, еңбек өнімділігі бес есеге өсіп, бүгінгі 24,5 мың доллардан 126 мыңға дейін жетуі тиіс. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 4,5 есеге артып, бүгінгі 13 мың доллардан 60 мың долларға артады. Қазақстанда орта тап өкілдері басым елге айналып, шағын және орта бизнес әр отбасында атадан балаға берілетін дәстүрді қалыптастырады. Жолдаудағы білім саласына көрсетілетін қамқорлық, мұға­лімдердің мәртебесін көте­ріп, елдің әл-ауқатын арттыру мәселелері техникалық және кәсіптік білім беру саласы қыз­меткерлерін қуантты. Қазақ­стандағы білім беру жүйесін дамыту, жаңғырту арқылы елімізде қабылданған стратегиялық маңызы бар бағдарламаларды жүзеге асыратын болашақ мамандарды дайындау, ұлттық мектебіміздің беделін биіктету үшін алдымыздағы үш жылда мектеп жетіспеушілігін жойып, 2020 жылға дейін барлық 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды 100% мектепке дейінгі мекемелермен қамту жоспары нақтыланды. Елбасының жыл сайынғы жолдауларында жастарға қам­қорлық ешқашан назардан тыс қалған емес. Сондықтан да, біздің студенттер биылғы Жолдауды жоғары қызығушылықпен қабыл­­­­дады. Үкіметке 2016 жылдың 1 қаң­тарынан бастап стипендия мөлшерін 25 пайызға арттыру­ды қамтамасыз етуді тапсырды. Үлгерімі жоғары студенттер мен оқушыларға қолдау көрсе­ту­дің тиімді жүйесін құру қажет­­­ті­лігін айтты. Елбасы болашақта денсаулық саласы қызметкерлерінің жалақысын 28 пайызға, білім саласы қыз­мет­керлерінің жалақысын 29 пайызға, әлеуметтік қамсыз­дан­дыру саласы мамандарының айлық көлемін 40 пайызға арттыру жос­парымен таныстырды. Үкіметке 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап мүмкіндігі шектеулі және асырау­шысынан айырылған жандарға берілетін әлеуметтік жәрдемақыны 25 па­йызға арттыруды жүктеді. Осы­ның барлығы халықтың әл-ауқатын арттыру үшін жасалып жатқан қамқорлық екендігін облысымыздағы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері, ұжымдары айқын сезініп, Елбасы саясатын әрқашан қолдайды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, барлық ұлттар мен ұлыс­тардың тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін дамытуға барынша жағдай жасау, қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айнала бастады. Қазақ тілін ұлттың ұйытқысы ету, Мәңгілік еліміздің, Мәңгілік тіліне айналдыру турасында айтқан ойлары мен жоспарлары баршамызға терең ой тастады. Елбасы Жолдауы – еліміз­дің бірлігін нығайтып, өркениет­тілігімізді дәлелдеп, болашаққа нық қадам жасауға жұмылдыратын құжат. Сондықтан, Жолдауды қолдай отырып, тиісті тапсырмаларды тыңғылықты атқаруымыз бүгінгі күннің басты талабы деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз, Президент Жолдауын елге насихаттап, әрбір еңбек ұжымына, қарапайым халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру арқылы мәреге жетуге мүлтіксіз орындаудың айқын жолына нақты үлес қосу. Әсіресе, Елбасымыздың қазіргі кезеңдегі білім беру жүйесінің бас­ты бағдары терең білім, кәсіби іскерлік деген пікірі ойдан шықты. Бұл алдағы күндерге зор үмітпен қарауға мүмкіндік беріп отыр. Біздің Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж ұжымы мүшелерінің жұмы­сына Жолдау жаңа серпін берді. Мәңгілік елімізді одан әрі да­мытуға, әлемнің дамыған елде­рінің қатарына енуіне үлес қосып, жоғары білікті, патриот маман­дарды даярлауға өз үлесімізді қосамыз. Осындай санаға серпіліс берген істі ұрпақтан-ұрпаққа жал­ғастыра беру басты борышымыз болып есептеледі. Шалқыма ҚҰРМАНАЛИНА, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж директоры, профессор. ОРАЛ.