20 Наурыз, 2014

Отанымыз – ортақ үйіміз

1219 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

100-824Достық үйі – ынтымақ ұясы

Алматы  облыстық  Қазақстан халқы Ассамблеясы  төрағасы­­­ның орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит ТҰРСЫНБАЙ­ДЫҢ жетекшілігімен Талдықорғандағы Достық үйінде дөңгелек үстел өтті. 41 Татулықтың тірегіне һәм ын­тымақтың ұйытқысына айналған Талдықорғандағы Достық үйіне ұлттық киімдерін малынта киіп, жадырай, әдемі қалжыңдарын жарастыра жиналған этностардың бүгінгі талқылайтын тақырыбы – Елбасының дәстүрлі Жолдауы болды. Дөңгелек үстел әңгі­ме­сін Алматы облыстық ҚХА төр­ағасының орынбасары, хат­шылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай ашып, «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20-сес­сиясын «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» деп атауымыздың астарында үлкен мән бар. Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен еді. Бүгінде олар тегі басқа болғанмен, теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен, жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды», деген еді. Би­ыл­ғы Жолдаудың тақырыбы да осы­мен үндесіп, «Қазақстан жо­лы – ­2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталуы бекер емес. Мем­лекетіміздің жүйелі түрде сабақтасып дамып, сатылап жоғарылап келе жатқаны­­­­­ның белгісі. Бұл – біртұтас хал­қымыздың ертеңіне нық қадам басуға бағытталған, барлық саланы қамтитын, үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін, жаңғыру жолы­­­ның жаңа белестері. Сол белестерден елдігіміз бен бірлігімізді, ынтымағымыз бен татулығымызды сақтай отырып өтетін болсақ, біздің Мәңгілік Ел болатынымыз, егер Мәңгілік Ел болсақ, тіліміз де мәңгілік болатыны ақиқат», деп дөңгелек үстел әңгімесінің бағытын нақтылады. сентябрь-2 Келесі кезекте сөз алған Тал­дықорғандағы «Видергебурт» неміс қауымдастығының төраға­сы Владимир Молодцов: «Бүгінде облыс аумағында тұратын 103 этнос өкілдері – Қазақстанның тең құқықты азаматтары, арманы бір, жаны бір біртұтас халықтың ажырамас бөлігі. Этномәдени орталықтар Елбасымыздың саясатын халыққа жеткізу, жыл сайынғы жолдаулардың негізгі тарауларын жұртшылыққа түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстарына белсене араласып жүр. Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерімен жиі кездесіп, жұмысымызға нақты көмек көрсетеді. Соның арқасында этномәдени бірлестіктердің жұмысында сапалы өзгерістер байқалуда. Олар қоғамдағы тұрақтылықты және елдің бірлігін сақтауда өзіне жүктелген міндетті абыройлы орындап келеді», десе, әріптесінің сөзін Алматы облыстық «Элефтерия» грек қауымдастығының төрағасы Георгий Иорданиди сабақтай түсті. Ол: «Елбасымыз биылғы Жол­дауында Президент Әкім­ші­лі­гіне, Үкіметке және Қазақстан халқы Ассамблеясына, «Нұр Отан» партиясына, «Қазақстан 2050» қозғалысына «Мәңгілік Ел» патриоттық актын жасап, қа­был­дау­ды тапсырды. Бұл, ең алдымен, мемлекеттің және халықтың бірлігі, олардың өзара сенімін ны­ғай­татын ұлттық идея болуы тиіс екендігін атап көрсетті. Қазақ елін және оның жетістіктерін аза­маттарымыздың мақтан тұтуы ертеңгі күнге деген сенім мен халықтың рухын көтеретін ма­ңызды фактор екендігі рас», деді. Өз кезегінде Қазақстан кәрістер ассоциациясы Талдықорған аймақтық филиалының төрағасы Владимир Ли: «Биылғы жылғы Ассамблеяның алғашқы кеңесі Елбасының дәстүрлі Жолдауына арналып, оның негізгі ережелерін насихаттау және халыққа түсіндіру үшін жұмыс жоспарын бекітті. Арнайы лекторлар тобын және әдістемелік құрал дайындау жөнінде шешім қабылдады. Осыған сәйкес, Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өз құрамындағы әрбір этномәдени бірлестікті жұмылдыра отырып, «Қазақстан-2050» Стратегиясын жұртшылыққа түсіндіру ісіне кірісіп кеттік. Қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтау, мемлекеттік тілді меңгеру, аға ұрпақпен тәжірибе алмасу және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 19 жыл толуына арналған мәдени-көпшілік шаралар арқылы Ел­басымыздың ұстанып отырған сая­сатын халыққа жеткізу бойынша кешенді жоспармен жұмыс бастады», деп түйіндеді сөзін. Стратегияны орындауға атсалысу – еліміздің әрбір азаматының өз елінің патриоты ретіндегі абыройлы міндеті. Қазақстан азаматтары күннен-күнге, жылдан-жылға еліміздің өмірін жақсарта түсетін игі істердің ауқымды әрі нақты бағдарламасын бірігіп жүзеге асырғаны ләзім. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.

Татулықтың шынайы мекені

DSCN0432Әлемде үлкенді-кішілі ел көп. Ал біздің тәуелсіз Қазақстаны­мыз – жаһан жұртына темірқазық­тай мықты саяси тұрақтылығы­мен танылған санаулы елдердің бірі. Қазақтың кең-байтақ жерін көп ұлт мекен етіп ғана қоймай, татулық пен достықтың буынын бекітіп, еліміздің әлемдік дамудың көшбасшысы болуына атсалысып келеді. Біздегі саяси, экономикалық тұрақтылықты Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың тәуелсіз елімізді жаһандық өркениет көшінің алғы шебіндегі қуатты мемлекеттердің қатарына шығарудағы өлшеусіз еңбегімен байланыстыра аламыз. Мұны қазақ жерінде өсіп-өркендеп, осы елден бақыт тапқан өзге ұлттардың барлығы да сезінеді. Әрине, тек сезінеді деумен шектелсек үстірттеу пікір болар. Шындығын айтсақ, бізбен көршілес кей елдердегі, тіпті, алыстағы көптеген мемлекеттердегі қар­жылық дағдарыстың шырмауын, ішкі дүрдараздықты көргенде, Қазақстандағы этносаралық татулық пен саяси тұрақтылықтың маңызы арта түседі. Міне, сол себептен Қазақстандағы әр ұлт­тың өкілі келешек ұрпағымыз үшін этносаралық достықтың, конфессияаралық түсіністіктің тіні бұзылмауына, отандық эко­номиканың жаңа технология­лармен қарқынды өркендеуіне қызмет етеді. Ұлтаралық татулықты нығайтуға Қазақстанды мекен еткен әзербайжандардың да қосып отырған үлесі зор. Мен Атыраудағы әзербайжандардың басын қосқан «Новурз» этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесімін, әрі төрағаның орынбасары ретінде ұлтаралық достықты нығайтуға белсенді үлесімді қо­сып келемін. Этномәдени бір­лес­тікке мүше болғаннан кейін өз ұл­­тымның өкілдерімен де, өзге­ де бір­­лестіктерге біріккен корей,­ неміс, чешен, ингуш, орыс, гру­­зин, болгар және басқа ұлт­тар­­­дың өкілдерімен жиі кез­де­се­­­мін. Сонда олар «Қазақ­стан – ­дос­­­тық пен татулықтың шы­на­йы­ мекені» дегенді үнемі айтып жатады. Елбасымыз Нұр­сұл­тан Назарбаевтың өзі де Қа­зақ­стандағы тұрақтылықты сақ­тау­дың алғышарты ретінде алдымен экономиканы өркендетудің қа­жет­тілігін алға тартып келеді. Сондықтан «...алдымен – экономика» қағидасын ұстануын орынды санаймын. Ал экономиканың әр саласында белсенді еңбек етіп жүрген әр ұлттың басын қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құруы өзге елдерге үлгі-өнеге болатындай қадам еді. Қазір Қазақстан халқы Ассамблеясының ел ішіндегі беделі тек этносаралық достықты нығайтумен ғана шектелмейді. Ассамблея мүшелері әр этностың мәдениеті мен тілін, дәстүрі мен дінін сақтаумен бірге, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту бағытындағы барлық іс-шараға белсене араласады. Парламент Мәжілісіне де Ассамблеядан арнайы депутаттар тобының сайлануы осынау құрылымның беделін көтере түсуге септігін тигізді. Өзге этностар арасында қазақ тілін жете меңгергендер де бар. Өзім де қазақша тәп-тәуір сөйлеймін. Елбасының толеранттылық ұстанымына сәйкес келетіндіктен, қазақ жерін мекен еткен өзге этностар жергілікті халықтың тарихын, мәдениетін ғана жетік біліп қоймай, мемлекеттік тілді меңгеруге деген талпынысы ұдайы қолдау тауып келеді. Өйткені, қазақ халқының дархан көңілі, досы түгіл қасына да қастық жасамайтын кеңпейілдігі барша ұлысты бір шаңырақтың астына ұйыстыруға себеп болып отыр. Рас, қоғамдық дамудың ұдайы өзгеріп отыратын өзіндік заңдылықтары бар. Дегенмен де, нарықтың қиындығынан аман өтіп келеміз. Еліміз жаһанға тұрақтылықтың, экономикалық өркендеудің мекені ретінде танылды. Біздің елімізде ұлтаралық татулықтың, достықтың, соны­мен бірге, конфессияаралық келі­сім­нің де берік негізі қаланды. Бұл күндері, тәубе деп айталық, аға буынның өкілдері ұрпағының ке­лешегіне еш алаңдамайтын болды. Әр этностың өскелең ұрпағы құтты мекеніне балайтын тәуелсіз Қазақстанның тарихын, мәдениетін білумен бірге, өз ұлтының құн­ды­лықтарын да еркін меңгеріп өсе­ді. Мұндай мүмкіндік әлемнің қай елінде жасалып отыр? Ал бұл – Қа­зақстанды өз Отаным деп санай­тын әр азаматына, әр этностың өкіліне үлкен жауапкершілік. Сол себептен біздің басты мақсаты­мыз – ішкі тұрақтылықты сақ­тап, экономикалық өркендеуді да­­мыта беру, сонымен бірге, тәуелсіз Отанымыз – Қазақстанның өркендей беруіне адал қызмет ететін саналы ұрпақ тәрбиелеу. Барша қазақстандықтар үшін ең басты құндылық – ұлтаралық татулық! Ширази АЛИЕВ, Атыраудағы «Новурз» әзербайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары. Атырау облысы.

7

Бірлігіміз – баға жетпес байлығымыз

Әлемнің ешбір мемлекетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) сынды қоғамдық институт жоқ. Ел тарихындағы рөлі ерекше ҚХА бүгінгі күні қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақ­тайтын және қамтамасыз ететін органға айналған. Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс тәжірибесін Ресей, Қытай, АҚШ, Франция сияқты көптеген шетел мемлекеттері зерттеуде. Еліміз әлем мемлекеттерімен өзінің ұлттық саясаттың стратегиясымен, саяси тұрақтылықты, қоғамдық бірлік пен келісімді нығайтудағы тәжірибелерімен бөлісуде. Мемлекетіміздің сая­саты халықтың рухани-адам­гер­шілік құндылығын сақтау мен байытуға бағытталған. IMG_5637Осынау бірегей ұйым Қазақстанда өмір сүріп жатқан этностардың тілі мен мәдениетін сақтауына, этно-мәдени бірлестіктердің жұмыс істеуіне бағыт-бағдар беріп, басшылық жасап келеді. Бүгінде облыс орталығындағы Достық үйінде 22 этномәдени бірлестік бар. Олардың арасында біздің “Радзіма” беларусь мәдениеті орталығы” қоғамдық бірлестігі де өңіріміздегі 10 мыңға жуық беларустардың басын қосып, ана тіліміздің, мәдени салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды насихаттауды, ұлттық сана-сезімімізді нығайтуды, этносаралық бірлікті, бейбітшілікті, достықты сақтауды басты мақсат тұтады. Облыстық ассамблея өткізетін шараларға белсене қатысады. Мерекелер­де, кездесулерде, концерттерде беларустардың тарихы мен мәдениеті, қымбат құндылықтар үлгі етіледі. Ұлттық жаңғырту мектебінде беларус тілінде арнайы сынып жұмыс істейді. Та­рихи отанымызбен тығыз байланыс орнатылған. Орталықтың Минскіден алатын “Голас Радзімы” газеті оқырмандарын Беларусь Республикасында болып жатқан жаңалықтармен, оқиғалармен таныстырады. Аталмыш газет шетелде тұра­тын отандастар үшін арнайы шығарылады. Қазақстан мен Беларусь Республикасы арасындағы қа­шықтық 3 мың шақырымдай болса да, Кеден одағы Біртұтас экономикалық кеңістік бір-бірімізді тіпті жақындата түсті. Республикамызды мекен ететін 100 мыңдай қан­дас­тарымыздың көпшілігі солтүстік өңірлерде тұрады. Олардың қай-қайсысы болсын Қазақстанды Отаным, туған жерім деп ерек­ше қадірлейді. «Бес саусақ жұмылса – жұ­дырық» деген на­қыл сөз бар. Ортақ экономика мен мәдениетті құра отырып, біз – еліміздің барлық этнос­тары ортақ болашағымызға ұмтылған Қазақстанның бір­тұтас халқымыз. Біз Елбасы, Президентіміз Нұр­сұлтан Назар­баевтың бас­шы­лығымен Қазақ­станды гүлдендіре, қуаттандыра беретін боламыз. Қазір шығыстың жаңа жы­лы, әз Наурызға тыңғылықты әзірліктер жасаудамыз. Еліміздің басты мерекесінде қазақ, беларусь тілдерінде әндер шырқап, билер билеп, белсене атсалысатын боламыз. Біз үшін кез келген мейрам достық, бірлік туы болып табылады. Раиса СОЛОПОВА, Петропавлдағы «Радзіма» беларусь мәдени бірлестігінің төрайымы. Солтүстік Қазақстан облысы.

34

Айырылмастай досыңа қайырылмастай сөз айтпа

Достықтың қадірін бір білсе, біздің дүнген халқы жақсы біледі. Сонау жылдары қуғын-сүргін көріп, тау асып, тас басып, арып-ашып келген ата-бабаларымызды қазақ халқы бөтенсімей, бауырына басты. Міне, содан бері біздің бірнеше ұрпақ өсіп-өніп, бүгінде жемісі жайқалған мәуелі дараққа айналып отыр. Олар облысымыздың  Қордай, Жамбыл сияқты іргелі аудандарында бейбіт те беймарал өмір сүріп жатыр. Бұл үшін біз, ең алдымен, қиын-қыстау заманда басымызды сүйеген қазақ халқына қарыздармыз. Қазір де арқа тұтар асқар тауымыз сияқты көреміз. ГАШИЗОВӘлеуметтік жағдайымыз қазақ мемлекеті тәуелсіздік алғалы бері бұрынғыдан да жақсара түсті. Бүгінде дүнген халқының өкілдері облыстың ауыл шаруашылығы жұмыстарына, медицина саласына, мәдениеті мен өнеріне және спортына хал-қадерінше атсалысуда. Мен тұрып жатқан бұрынғы Дунгановка, бүгінгі Жалпақтөбе ауылы облысқа ғана емес, республикамызға танымал ауыл. Мұнда кезінде атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтың өзі тұрып, белгілі «Дүнген қызы» әнін дүниеге әкелген. Мен Шәмші ағаның басқа емес, тура біздің үйде тұрғанын осы күні мақтанышпен айтып жүрмін. Ол кісіні біздің отбасына жақындастырған да ұлы достық. Біздің үйдің қасынан өзіне жеке үй саламын деп іргетасын қалаған кезде Осман деген інім ұлы сазгердің қасынан табылып, көмек қолын созды. Шәмшіні анам да баласындай жақсы көріп, «бұл сендердің ағаларың болады» деп отырушы еді, жарықтық. Айтайын дегенім, біздер дүн­гендер бүгінде қазақ халқымен төскейде малы, төсекте басы қосылған мыңжылдық құда, дос-жаран болып кеттік. Діліміз ғана емес, тілегіміз де бір. Ол тілек – тәуелсіз Қазақстанның ғасырлардан ғасырларға гүлде­ніп, көркейе беруі. Дүние жүзінің ең өркениетті, ең дамыған озық елдерінің қатарынан көрінуі және соған дүнгендер тарапынан үлкен үлес қосу. Әрине, мен бүгінде зейнеттегі офицермін. Бірақ, тілегім ел үстіндегі бейбітшілік пен береке екенінде сөз жоқ. Балаларым мен немерелеріме де осыны айтып, Қазақстанның бейбіт саясатын ұдайы насихаттап отырамын. Қазақта «Айырылмастай до­сыңа қайырылмастай сөз айтпа» деген тамаша мақал бар. Қа­зақстанды Отаным деп түсінетін еліміздегі жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдеріне айтарым, бір-бірімізді сыйлап, бір-бірімізді құрметтеуді ешқашан ұмытпайық. Күні ертең тойлағалы отырған Наурыз мерекесінің тілегі де достық, бірлік, береке емес пе. Ендеше, елде тек қана тыныштық болсын! Әумин! Илья ГАШИЗОВ, Тараздағы «Вынхуа» дүнген мәдени бірлестігі ассоциациясының мүшесі. Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылы.