20 Наурыз, 2014

Қаржы полициясының қарымы

265 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алматы облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) департаментінің бастығы, қаржы полициясының  полковнигі Талғат Сәдуақасов  журналистермен баспасөз брифингін өткізген еді. Онда  қоғамда құқық қорғау қызметкері атағын жамылып, заңсыз әрекет етушілердің жолын кесу үшін аталған құрылымда    ішкі қауіпсіздікті күшейту, кадр жұмысында қызметкерлер   лауазымдарын  ауыстыру барысындағы бірқатар  деректерге дәйектеме келтіріліп, азаматтардың өтініштерін қараудағы  сала қызметкерлерінің дәрменсіздіктері  талқыланды. «2013 жылы 65 қызметтік тексеру жүргізіліп, 39 факт бойынша 26 қызметкер жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, 6 қылмыстық іс қозғалып, 4 факті қаржы полициясы қызметкерлеріне қатысты болды. Құқық қорғау қызметкері атағын жамылушылардың 2, ал пара берудің 1 фактісі ашылды. Ар-намыс кодексі талаптарын бұзған қаржы полициясы қызметкерлеріне 5 дерек бойынша қатаң шара қолданылды. Нақтылай түссем, кәсіби талаптарға сәйкес тексеру жүргізілгенде әріптестеріміздің үшеуі атқарып отырған лауазымына сәйкес еместігі анықталып, екеуі қаржы полициясы қызметкері қатарынан шығарылды. Тұтастай алғанда, былтырғы жылы облыста сыбайласқан жемқорлық қылмысының саны азайғанымен заңнаманы бұзған шенеуніктер саны артып отыр», деді Талғат Сәдуақасов. Еліміздегідей Жетісу жерінде де азамат­тардың өтініштерін қарау бойынша әрекетсіздік көрсеткен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты Үкіметтің қатал саясаты жүргізілуде. Шыны керек, көбінесе азаматтар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмыстарына қанағаттанбай, прокуратура органдарына шағым түсіруге мәжбүр болады. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) агенттігінің төрағасы Рашид Түсіпбековтің «Қаржы полициясы сыбайлас жемқорлық қылмыстардың алдын алатын уәкілетті орган болғандықтан өз қатарының тазалығын қамтамасыз етіп, басқаға үлгі көрсетуі тиіс. Сондықтан қаржы полициясы қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлыққа жол берген, тәртіп бұзу­шылар мен кездейсоқ қызметкерлерге орын жоқ», деген сөзімен аталған департамент бастығы баспасөз брифингін түйіндей оты­рып, журналистер тарапынан қойылған сұрақ­тарға жан-жақтылы жа­уап қайтарып, Алматы облысында азаматтардың өтініштері бойынша әрекетсіздік көрсеткен құқық қорғау орган­дарының қызметкерлеріне қатысты қатал саясат жүргізіліп, тиісті шара қолданылып отыр­ғанын баса айтты. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.