20 Наурыз, 2014

Белгіленген межелер бюджеттен көрініс тапты

283 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
100-829Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында он мәселе күн тәртібінде қаралды. Бұл жолы депутаттар назарына әлеуметтік қамсыздандыру, үшжылдық бюджет жобасы, жол жүрісі, қылмыстық жолмен алынған кірістерге қарсы іс-қимыл және өзге де мәселелер ұсынылды. Әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң жобасы екі оқылымда қаралып, мақұлданды. Заң жобасымен әлеуметтік сипаттағы төлемдердің мөлшерін 2014 жылғы 1 сәуірден бастап 12 пайызға және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 25 пайызға арттыру көзделеді. Ал бала асырап алуға байланысты біржолғы ақшалай төлем 75 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде енгізіледі. Бұдан кейін депутат­­тар­ Ұлт­тық қордан 2014-2016 жылдарға ар­­налған кепілдендірілген транс­ферттің АҚШ доллары бағамының 185 теңгеге дейін түзетілуіне байланыс­ты өзгеріс енгізуге қатысты заң жобасын қарады. Мұнда Ұлттық қордан 2014 жылға бекітілген кепілдендірілген трансферт мөлшері 100 миллиард теңгеге ұлғайып, 1 480 миллиард теңгені құрағандығы белгілі болды. Сондай-ақ, кеше 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы да жан-жақты талқыдан өтті. Негізінен биыл әлемдік эко­­номиканың 3,7 пайыз дең­­­ге­йін­дегі неғұрлым жоғары өсімі болады деп күтілуде. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың түсіндіруінше, бұл дамыған елдердегі экономикалық өсуді қалпына келтіру есебінен қамтамасыз етіледі. Халықаралық ұйымдардың болжамдары бойынша мұнайдың жылдық орташа бағасы барреліне 105,1 АҚШ доллары болса, еліміз болжамында ол 95 доллар деңгейінде көрініс тапқан. Биылғы ішкі жалпы өнімнің нақты өсуі 6,0 пайыз деңгейінде сақталып, номиналды ІЖӨ 39 623,7 миллиард теңгені құраса, бұл 999,3 миллиард теңгеге жоғары. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,7 пайызға өсетіні белгілі болды. Мұнай өндірісінің көлемі 83 миллион тонна, ал тауарлар экспорты 86,3 миллиард АҚШ долларын құрамақ. Бұл жерде тауарлар импорты 52,2 миллиард АҚШ доллары болса, ол мақұлданған болжамнан 6,4 миллиардқа төмен. Министр саудадағы өсім 11,8 пайыз, көлікте 7 пайыз, ақпарат және байланыс қызметтерінде 6-8 пайыз дәлізінде сақталатынын ерекше атап кетті. Инфляция да 6-8 пайыз дәлізінде болады деп күтілуде. Сонымен, Мемлекет басшы­­­­сының тапсырмаларын уақтылы жүзеге асыру мақсатында макроэкономика көрсеткіштері назарға алынып, бюджет параметрлері нақтыланып отыр. 2014 жылға арналған республикалық бюджет түсімі 6 206,1 миллиард теңге көлемінде белгіленсе, бұл бекітілген бюджетпен салыстырғанда 432,5 миллиардқа өскендігін көрсетеді. Биылғы республикалық бюджеттің шығысы бекітілген көлемге қатысты 408,7 миллиард теңгеге ұлғайып, 7 124,8 миллиардты құрайды. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдау мақсатында 121,6 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр. Бұл қаржыдан азаматтық қызметшілердің лауазымдық жалақысына 10 пайыз мөлше­рін­дегі ай сайынғы үстеме ақыға 63,5 миллиард; зейнетақы және мемлекеттік әлеуметтік төлемдер мөлшерін өсіруге 53,4 миллиард; мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде оқитын студенттердің стипендия мөлшерін 10 пайызға өсіру үшін 4,7 миллиард теңге көзделіп отыр. Сонымен қатар, «Балапан» бағдарламасы шең­берінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында білім беру тапсырысын іске асыруға 6,7 миллиард теңге қарастырылған. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын іске асыруға қосымша 20,8 миллиард теңге, ал агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасына 17,7 миллиард теңге шығыстар ұлғайтылған. Бұдан басқа, халықаралық міндеттемелерді орындауға 21,8 миллиард теңге, Төтенше жағдайлар министрлігіне тік­ұшақтар сатып алуға 11,2 миллиард, Сыртқы істер министрлігіне Париж қаласындағы Елшілік ғимаратын сатып алуға 10,6 миллиард, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу жұмыстарына 10 миллиард теңге қаралыпты. Көлік инфрақұрылымын да­мытуға («Алматы – Қапшағай» және «Астана – Теміртау» учас­келерінде реконструкция­лау және жобалау-іздестіру жұмыстарына) 15 миллиард теңге қаржы қарастырылыпты. Қылмыстық жолмен алын­ған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістерді көздейтін заң жобасы бірінші оқылымда қолдау тапты. Және де кешегі отырыс­та «1928 жылғы 22 қарашадағы Халықаралық көрмелер туралы конвенцияны, оған 1948 жылғы 10 мамырдағы, 1966 жылғы 16 қарашадағы, 1972 жылғы 30 қарашадағы Хаттамаларды және оған 1982 жылғы 24 маусымдағы және 1988 жылғы 31 мамырдағы Түзетулерді ратификациялау туралы» заң жобасы да депутаттар қолдауына ие болды. Палата тарапынан «2008 жыл­ғы 12 желтоқсандағы Тарифтік квоталарды қолданудың шарттары мен тетігі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да мақұлданғанын айта кету керек. Онда Кеден одағына мүше елдер арасында ауыл шаруашылығы тауарларының жекелеген түрлеріне тарифтік квоталардың көлемдерін бөлуді халықаралық ынтымақтастық шеңберінде реттеуге мүмкіндік берілмек. Бұл ретте Кеден одағы комиссиясы таратылып, оның өкілеттіктері Еуразиялық экономикалық комиссияға берілетінін де атап кеткен жөн. Комиссияның шешіміне сәйкес, Тараптар сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында тарифтік квотаны бөлудің әдісі мен тәр­ті­бін айқындайды, сондай-ақ, қа­жет болған кезде тарифтік кво­та­ны үшінші елдер арасында бөледі. Және де кешегі жалпы оты­рыста «1999 жылғы 3 желтоқсанда Пе­кинде қабылданған Озон қаба­тын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль хаттамасына Түзетуді ратификациялау туралы» заң жобасы да мақұлданды. Елі­міз Монреаль хаттамасына 1997 жылы қосылған болатын. Құжатты ратификациялау кезiн­де Қазақстанға Жаһандық эколо­гиялық қор тарапынан қаржы­лық және техникалық қолдау көрсетiлмек екен. Ал Монреаль хаттамасын сақтауды қамтамасыз ету үшiн Қазақстанға 2015-2017 жылдар аралығында 6 миллион доллардан астам қаржы бөлу жос­парланыпты. Сондай-ақ, депутаттар «Қа­зақстан Республикасының Үкі­меті мен Қытай Халық Рес­публикасының Үкіметі арасын­дағы Қорғас өзенінде «Достық» бірлескен ортақ су торабын салу­дағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасына да қолдап дауыс берді. Келісімнің шартына сәйкес, Тараптар Қорғас шекара пунктінен 24,5 шақырым қашықтықтағы Қорғас өзенінде «Достық» бірлескен су торабын салуды жүзеге асыратын болады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».