20 Наурыз, 2014

Болмысы биік азамат

367 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
генерал майор Бекжанов К ХӘскери қызметтерде аға буын жандардың ұстаздық тәрбиесі мен шуақты шарапаттарының жас мамандарға тиетіндігі та­биғи құбылыс. Жеке басының қамқорлығы, ағалық қасиеттері дараланған сондай жандардың бірі – Құнанбай Ханафияұлы Бекжанов. Ол 1944 жылы Ресей Федерациясындағы Омбы облы­сының Шарбақкөл ауданында өмірге келген. Тағдырдың жазуымен Құнан­бай Ханапияұлымен 1988 жылдан бері таныспын. Ол кезде полковник Құнекең Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Жезқазған об­лыстық басқармасы бастығының орынбасары қызме­тінде еді. Бұл өңір Арқаның ең бір аумағы кең, экономикасы дамыған аймағы болғандықтан, қызметтің де жауапкершілігі мол бо­латын. Ертеректе әскери жоғары учи­лищені аяқтап, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қарсы барлау арнайы мектебінен өтіп, Гер­мания, Ауғанстанда қиыншылығы мол қызметтерді басынан өткерді. Жаратылысынан қабілетті азамат жаңа қызметі, яғни, Жезқазғандағы жергілікті атқару жүйесімен, об­лыс­тық партия аппаратының бас­шылығымен қоян-қолтық араласып, өзіне жүктелген қызметтік міндеттерін өте жоғары деңгейге жеткізді. Аз уақыт ішінде бірге істеп жүрген әріптестерімен, қара­мағындағы жұмысқа жаңадан келген жас қызметкерлермен дұрыс қарым-қатынас орнатып, күрделі де жауапкершілігі зор жоғары лауа­зымдық қызметінде үлкен абырой иесі бола білді. Тумысынан инабатты, мейірімді жаратылған, сонымен бірге, бойында өзіне тән жарасымды қаталдығы да бар полковник ағамыздың әрбір істеген істері, аузынан шыққан сөздері көз алдымызда айнадай жарқырап, бәрімізге үлгі-өнеге болды. Жоғары лауазымдағы қызметінде Құнанбай Ханафияұлы көрінетінінен көрінбейтіні көп құпиясы терең жедел-іздестіру қызметінде үздіксіз ізденістер бағытын ұстанды. Күнделікті іс-әрекеттерінде кейбір кем­шіліктердің көздерін тауып, ертеңгі күні сол саланың оңалып, алға басуына қайратқа толы қажырлы іс-әрекеттерін бағыштады. Аз уақыт ішінде ауқымды аумақтың айтулы азаматы мәртебесіне жетіп, тіпті осы күнге дейін айтылып жүрген игілікті істері арқылы артына өнегелі із қалдырды. Еліміз егемендік алған кезең­де Құнанбай аға алғашқы аза­маттардың бірі болып жаңа құ­рыл­ған республикалық Ұлттық қа­уіпсіздік комитеті әскери қарсы бар­лау жүйесінің бастығына таға­йындалды. Одақ кезінде бұл сала тікелей Мәскеуге бағынатын, тіпті қатардағы қызметкерлер де сол жақ­тан келуші еді. Осыған қарап-ақ, Құнанбай Ханафияұлына жүктелген жауапкершіліктің қаншалықты зіл­батпан болған­дығын біле беріңіз. Десек те, ардақты ағамыз бұл қызметте де ары мен абыройына дақ түсірмеді. Алғысқа бөленіп, қошеметпен басқа лауазымдардағы жоғары қызметтерге ауыстырылды. Еліміздің жаңадан құрылған Ше­кара әскерлерінің буынының бекуіне өлшеусіз үлес қосты. Қиын-қыстау кезеңде Шекара әскерлерінің кадрлар басқармасын басқарып, жауапты саланың білікті мамандармен жасақталуын қамтамасыз етті. Ұзақ жылдар бойы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара әскерлері қол­бас­шысының жедел-іздестіру жұмыстары жөніндегі орынбасары болды. Бұл – жаңадан құрылып жатқан күрделі саладағы жауапкершілігі қара нардың белін опырарлықтай ерекше лауазымдағы ауыр қызметтердің бірі еді. Сүйегі асыл жаратылған ардақты аға мұнда да мықтылығын танытып, «алмастың оңайлықпен мұқалмайтындығын» дәлелдеп берді. Ерліктерге пара-пар батыл істері ескеріліп, 1998 жылы еліміздің Тұңғыш Президентінен генерал-майор әскери шенін алды. Сөйтіп, елі үшін туған ерен ұл екендігін танытты. Қазіргі кезде терең оймен саралап көрсек, генерал-майор Құнанбай Бекжанов ағамыз бүкіл саналы ғұмырын Отанына қызмет етуге, оның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге арнапты. Табиғи болмысымен әріптестеріне үлгі болып, өзінен кейінгі ізбасарлар дайындау ісінде ұлағатты ұстаздығымен танылды. Тәй-тәй басқан тәуелсіз мемлекетіміздің тік тұрып кетуіндегі ұлан-ғайыр істерде жасампаздығымен көрінді. Сүйікті ата-ананың перзенті дәрежесінен әлдеқайда асқақтап, Отанының ұлағатты ұланы, ұлтының мақтанышы деңгейіне жетті. Бұл – нағыз кәсіби маман қол жеткізе алатын биіктік. Ендеше, осы есім мен осы биіктік әрқашан да алыстан жарқырап, Отан дегенде жүрегінің оты лаулаған кейінгі ұрпақ өкілдерін өзіне қарай баурай бермек. Туған халқының есінде сақталмақ! Егер тірі болғанда, осы күн­дері генерал-майор Құнанбай Ханафияұлы Бекжанов ағамыздың 70 жылдық мерейтойын дүркірете өткізіп жатқан болар едік. Өкінішке қарай, ажал ағамызды ара­мыздан ерте алып кетті. Асыл аза­­матты інілері ұмытпайды. Әділ ШАЯХМЕТОВ, генерал-лейтенант, Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрметті қызметкері. АЛМАТЫ.