20 Наурыз, 2014

Жанжалдан соң қызметінен айырылды

294 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Астана қаласындағы «Шанхай» дәмханасында прокуратура қызметкерлері қатысқан жанжал орын алған еді. Онда дәмхана қызметшілері мен прокуратура қызметкерлері өзара кикілжіңге барып, аяғы ұрыс-керіске айналған жанжал туындаған болатын. Сонда бұл әдепсіз қылық, анау-мынау емес, елдегі заңдылықтың сақталуын қадағалайтын, жұрт ісіне де, сөзіне де сенім білдіріп жүрген бірден-бір құзырлы орган атына кір келтіргені де анық еді. Ал қоғамдық орында кім болса да теріс қылық көрсеткендер заңға сәйкес жазалануы тиіс дейміз. Оның үстіне прокуратура қызметкерлерінің мұндай заңсыздыққа салынуы мүлдем төзгісіз жағдай екені сөзсіз. Сондықтан да болса керек, Бас прокуратураның баспасөз қызметі бізге хабарлағандай, бұл өрескел оқиғадағы жазықтылар жазаланыпты. Яғни қызметтік тексерістің қорытындысына сәйкес, прокуратура қызметкерлерінің Ар-намыс кодексінің нормаларын өрескел бұзғандығы және прокуратура органдарының беделіне нұқсан келтіретін теріс қылық жасағаны үшін Абзал Заңқоев Астана қаласы прокурорының бұйрығымен Астана қаласының «Есіл» ауданы прокурорының көмекшісі лауазымынан босатылып, прокуратура органдарынан қызметтен шығарылған, ал Ілияс Әбдуәлиев Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің аймақтық көлік басқармасы бастығының 3 наурыздағы бұйрығымен осы басқарманың аға прокуроры лауа­зымынан босатылып, прокуратура органдарынан қызметтен шығарылған. Сондай-ақ, өз бағыныштыларына тиісті ба­қылау жасамағаны, яғни сенім артқан бөлімше қызметкерлерінің прокуратура органдарының беделіне нұқсан келтіретін әрекет жасауына әкеліп соқтырғаны үшін Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет төрағасының бұйрығымен ҚСжАЕК аймақтық басқармасының бастығы Маралбек Ешімов қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту алған. Оған қоса қоластындағы қызметкерлерінің прокуратура органдарының Ар-намыс кодексі талаптарын сақтауын қамтамасыз етпегені үшін Астана қаласы «Есіл» ауданының прокуроры Біржан Мәжреновке сөгіс жарияланды. Сөйтіп, енді бұл жанжалға нүкте қойылған секілді. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».