21 Наурыз, 2014

Ақтамбердінің сауыты

1447 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының 130 жылдық тарихы бар. Мұнда 100 мыңнан астам экспонат жинақталған. Таяуда мұражай қорында сақталған құнды жәдігердің бірі – сауыттың кімге тиесілі екені анықталды. Мамандардың айтуынша, бұл әйгілі Ақтамберді жыраудың кіреукесі. IMG_7624 Жыраудың «Он екіде аттанып, қылыш ілдім білекке» деп толғауы бекер емес. Жасынан жастыққа жантаймай, жаугершілік өмір сүрген Ақтамберді Сарыұлы ақын, шешен ғана емес, қол бастаған баһадүр болды. Жоңғар шапқыншылығында қазақ жерін жат қолында қалдырмау жолында тарихи шайқастарға қатысты. IMG_7809Көне кіреукенің табылуы батыр тұлғасын айшықтай түсуге себін тигізбек. Мәселен, сауыт салмағының өзі қазіргі жұрнағымен өлшегенде 10 килоға жуық. Одан Ақтамбердінің атан күшке ие алып адам болғанын аңғарамыз. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен айтулы тұлғаға тиесілі жәдігер туралы мұражай директоры Бекен Теміровпен тілдескен едік. – Тарихи деректерге сүйенсек, Ақтамберді 1768 жылы 93 жасында қайтыс болды. Батыр дүниеден өткен соң сауыты ұрпақтарының қолында сақталған екен. Содан бері жәдігер қилы тағдырды өткереді. Мәселен, 1920 жылы батырдың ұрпақтары Қытай жеріне өтіпті. Алайда, шекарада тосқауылға тап болып, адамдары қырылып, дүние-мүліктері талан-таражға түскен екен. Бұйымдар арасынан табылған көне сауытты белгісіз біреулер мұражайға тапсырған. Кейін тірі қалған жырау ұрпақтары аталарынан қалған құнды сауытқа іздеу салады. Сұрастыра жүріп, сауыттың Семейдің өлкетану мұражайында екенін біледі, – деді мұражай жетекшісі. Бекен Нұғыманұлының айтуынша, майдангер, «Қызыл Жұлдыз» орденінің екі мәрте иегері Асхап Жұмаділов 1950 жылы ілгеріде сауытты көрген ағаларымен бірге мұражайға келеді. Олар кіреукені көзбен көргендерімен сапарлары нәтижесіз болыпты. Өйткені, кеңестік тар кезеңде мұражай қызметкерлері сауытты көрмеге шығара алмай, тек қорда сақтауға мәжбүр болған еді. Тәуелсіздік тұғырын тіктей бастаған алғашқы жылдары ұлттық мәдениет пен әдебиет қайта жаңғырып, әр аудандар мен елді-мекендерде жергілікті тарихтан сыр шертетін мұражайлар ашыла бастады. Солардың санатында Аягөз қаласында Семей облыстық тарихи-өлкетану мұражайының филиалы өмірге келді. Мұражайды ұйымдастыру кезінде аягөздік қариялар мен тұрғындар ақыл қосып, өңірдің тарихына қатысты білгендерін ортаға салады. Сол кезде Асхап ақсақал мұражайды ұйымдастырушылардан сауыт туралы сұрап, баба мұрасын көрсе танитынын айтып, тіпті, түр-түсіне дейін сипаттап беріпті. Асхап ақсақал – Аягөз ауданының тұрғыны, жасы тоқсанды алқымдаған қария. Ол жуырда батырдың тағы бір ұрпағы Боран Сепбосыновпен бірге Семейге келіп, жәдігердің Ақтамбердінің сауыты екенін дәлелдеді. ҚазССР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған «Бес ғасыр жырлайды» жинағының І-томына Ақтамберді жыраудың бірнеше өлеңдері енген. Кітап соңындағы түсініктерге назар аударсақ, батырдың бірнеше өлеңдерін құрастырушыға тапсырған Аягөз ауданы Таскескен ауылының тұрғыны, Ақтамберді батырдың ұрпағы Сейсен Сепбосынов екендігі жазылған. Таскескен ауылы қазір Үржар ауданына қарайды. – Алдағы уақытта мамандар көне жәдігерді зерттеп, нақты жасалған мерзімін анықтамақ. Ал мұражай ұжымы қордағы құнды жәдігердің тарихы мен оның кімге тиесілі екенін анықтауға көмектескен батырдың ұрпақтарына зор алғысын білдіреді, – деді Бекен Теміров. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». СЕМЕЙ.