21 Наурыз, 2014

СӨЗ СОЙЫЛ

660 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әзіл - оспақ, сын - сықақ

«СӨЗ СОЙЫЛДЫҢ» СЕРКЕСІ «Егемен Қазақстан» газетінде «Сөз сойыл» әзіл-сықақ отауы бойынша белгілі жазушы-сатирик Балғабек Қы­дыр­­бекұлы атындағы жүлде үшін сайыс жалғасқан бола­­­тын. Міне, бүгін жүлде жеңімпазы анықталды. Сарапшылар алқасының шешімімен «Сөз сойыл» әзіл-сықақ отауында жыл бойғы жарық көрген мазмұнды да көркем туындылары үздік деп танылған Нұрмахан Ел­тай­ға Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлде берілді. _____________ Жүлдегер Фото-Нұрмахан ЕлтайНұрмахан ЕЛТАЙ Нұрмахан Елтай Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Аудандық газетте «Көкине» атты сатиралық беттің жаттықтырушысы ретінде қалыптасқан қаламгер бертінде облыстық аға басылымның «Түрлі-түрлі бастар бар» арнаулы сатира бетін ұйымдастырып, редакторлық жасады. Өмірдің күнгейі мен көлеңкесін қатар таразылайтын жазушы-сатирик, жорналшының «Жайма базар», «Қатырамыз», «Сүйінші дайындаңыздар», «Ауылдың айтқыштары», «Беті бүлк етті», «Үшінші тайм», «Беласар» атты кітаптары баспа бетінен жарыққа шыққан. Ол қазір Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің меншікті тілшісі. ___________________________________________________ БАЛҒАБЕК ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ЖҮЛДЕ Сатира сарбаздары! Ауызы дуалы, тумысынан сайқымазақ, әзіл-қалжыңды қанжығасына байлап өскен қалжыңбас қалың көпшілік, “Егемен Қазақстан” газеті өзінің “Сөз сойыл” әзіл-сықақ отауында жарияланатын өткір де өтімді, салмақты да сайқымазақ, шалымды да шат-шадыман әзіл-оспақ туындыларға, нақты да нанымды фельетондарға – Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлдені жалғастырады. Жүлдегерге берілер арнайы диплом, жүз мың теңге сый-сияпатымыздың бар екенін ескертеміз. Атсалысыңыздар, бақ сынаңыздар.   ЖҮЛДЕ ШАРТТАРЫ: • Жүлдеге сатира-юмор, фельетон, әзіл-оспақтың барлық айдары арқылы берілген мате­риалдар қатыса алады. Көлемі 3 беттен аспауы тиіс. • Бәйге материалдары – жарияланған сатиралық туындылар ішінен сұрыпталып алынады. • Жеңімпаз арнайы құрылған сарапшылар алқасы арқылы анықталады. • Жүлде жеңімпазы жыл басында (келесі наурыз айында) анықталып, жарияланады.   ЖЫЛҚЫ ЖЫЛҒЫ БОЛЖАМ Жылқы жылы Жылқыбай, Құнанбай, Дөненбай, Бестібай, Мәстекбай есімді адамдардың жолы болады. Әсіресе, Жыл­қы­ай­дарлардың айдарынан­ жел еседі. Жалған айтып, жағымпазданып отырғаным жоқ. Мысалға, былтырғы жылан жылы жұмыссыз жүрген Жыланбай деген жездемнің жолы болып, жұмысқа да тұрды, тумай жүрген ту биедей жеңгеміз де еңіретіп екі ұл туып берді. Әнеки… Сонымен, жылқы жылы үйлену тойы көп болады. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» дегендей, бұл жылы әртүрлі жарыстар мол болып, жарыс жеңімпаздары көбіне ер адамдар болады. Әйелдер қауымынан некен-саяқ болып қалуы мүмкін, өйткені, «байтал шауып бәйге алмас» деген, бірақ кім білген, «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген ғой. Еркектерге ескерту, бұл жылы әйелдеріңді еркіне жібере бермеңдер. «Астыңдағы атыңа, қойныңдағы қатыныңа сенбе» деген, кімнің әйелі қандай, оны өздерің де сезіп отырған шығарсыңдар, «аттың сыры иесіне мәлім» дейді ғой. Әйтеуір әйелдеріңмен тіл табысу жағын ойлай жүріңдер, «жаман айғыр тайға қас, жаман қатын байға қас» деген тағы бар. Міне, әрмен қарай айта берсең әңгіме көп, әзірге осы жетер. Жылқылар оттайды, ал мен шынымды айтып отырмын, яғни оттап отырғаным жоқ дегенім ғой. Жылқы жылы жылқыдай шұрқырасып, аман сау шауып жүре беріңіздер! Марат КӨПТІЛЕУОВ. Қызылорда облысы.   БЕЛСЕНДІЛІК Мен қазақтың маңдайына біткен бірден-бір төл жануары жылқымын. Олай дейтінім, қазекең ұлан-ғайыр даласында өріп жүрген жан-жануар ішінен бізді таңдап қолға үйреткеніне бақандай бес мың жылдың жүзі болыпты. Біз қазекеңнің мінсе көлігі, сауса сусыны, жесе тамағы болыппыз. Яғни тағдыр-талайымыз біте қайнасып, бірімізсіз біріміздің күнім жоқ қалыпқа жеткенбіз. Бізді басымыздан бақайшығымызға дейін бағамдап, желдей желдіртіп құрмет тұтып, біздер жөнінде небір өлең-дастандар тудырып қадір-қасиетімізді асқақтатқанына ризамыз. Енді міне, заман өзгеріп, техниканың дәуірі дүрілдегелі бері біздер қағажу қалып қапалана бастағалы да біраз болған. Қыжыл ойыртпақталып іштен тынып тыпыршып жүр едім, құдай оңдап елімізге әлемнің түкпір-түкпіріндегі жан-жануар өкілдері жиналып, алқалы басқосу өткізе қалмасы бар ма. Бұйырып алқалы топ алдында сөз сөйлеу мәртебесіне ие болдым. Не керек, шектеулі уақытта шерменде шерімді ағыл-тегіл ағыттым... Сондағым, айғырлығыма басып кісінеп алып айтқанымның тоқетері мынау болды: – Ағайындар, осы отырғандардың біразың бір замандарда осы өлкені мекен еткендеріңді естеріңе салайын. Қиын-қыстау заман туып, табиғат осы өлкеде алай-дүлей болғанда әркім бас сауғалап тым-тырақай қаша жөнелгендеріңді білеміз. Бір-екеуін айтсам, мәселен жан-жануардың алыбы Пілдің өзі үрім-бұтағын үйіріп бірақ түнде Үндістаннан бірақ шықты... Әшейінде ақырып-бақырып айбар шегер Арыстан тұқымының қайда барып бас сауғалағанын білеміз... Азуы алты қарыс Аюеке сіздің сонау солтүстікке суша сіңіп сүңгіп кеткеніңізді қалай ұмытамыз... Ойпырай, құрт-құмырсқа, жер бауырлап жылжыған жәндік атаулы оңтүстікке опырыла көшкендегі көрініс әлі күнге көз алдымда... Түйе жарықтық та маң-маң басып қиыр шетке қырқа асып кете барды-ау... Қайсыбірін айтайын, осы отырғандарыңның көбіңнің бір кездердегі жұртың осы елді мекен болған... Оған топан су қаптағандағы Нұқ пайғамбардың кемесі куә... Енді міне, еліміз тәуелсіздік алып, Аллатағала бұйыртқан байлығымызды меңгеріп асып-таси бастағанда: «Қазақстанның асты-үсті толған байлық, құт-берекелі елді мекен» деп неше түрлі айла-шарғыны ойластырып келіп қалған екенсіздер...» деп, жылқы емеспін бе, құлағымды қайшылап, оң тұяғыммен жер тарпи нағыз «кісіней» сөйлеуге бет бұрып: «Осы елдің етене жануары біздің де қадір-қасиетіміз қалмады. Мәселен, қазы-қартаны – еврейлер, қымызды – немістер, ең аяғы көкпарды көрші ел заңды түрде иеленіп алды...» деп төтесінен тартып едім, жиналыстың тізгінін ұстап отырған өзіміздің билік өкілдері: «Уақытыңыз бітті» деп шорт кесіп, оған келіп отырғандар қол соға қосарланып трибунадан ит қосып қуып түсірді... Не істейін, түскен бойда сыртқа шығып бар даусыммен кісіней шыңғырып, жер тарпи алдыңғы аяғымды көкке көтере бұлқынып барып бар екпініммен шаба жөнеліппін... Қанша шапқаным белгісіз, аяқ талып, тізем дірілдеп омақаса құлаппын. Ертесінде ес жисам, бір топ «арнайы» өкіл келіп аяғымды матап байлап арт тұсымды «шұқылап» жатқан... Сөйтсем, пәтшаһарлар «айғырлық» уақыты бітті деп піштіріп тас­тапты... Ерсұлтан МАҒЖАН. ТАЛДЫҚОРҒАН.   ЖЫЛКЫ-1 Жылқының еті – жесең тісіңе кіреді, жемесең – түсіңе кіреді. *  *  * Арық атқа жібек жабу жараспайды. *  *  * Алжыған айғыр құлы­нын шайнайды. *  *  * Ердің атын қатын, не бәйгеден келген аты шы­ғара­ды. *  *  * Тұлпарды да жамандауға болады, көк есекті де мақтауға болады. *  *  * Соқыр құлын аттан емшек іздейді. *  *  * Арабы сәйгүлік қанша көтерем болса да бір үйір есектен артық. *  *  * «Дүние» деген – асау ат, байқаусызда теппесін. Ол теппей тұрып, сен теп. *  *  * Жалғыз шапқан ат жүй­рік. *  *  * Арық ат мінгенше ая­ғың­ды мін. *  *  * Ерттеп мінбей атыңды мақтама, жыл тұрмай қаты­ныңды мақтама. *  *  * Ат қартайса есекпен достасады, адам қартайса төсек­пен достасады. *  *  * Сатарда атың жаман, ажы­расарда қатын жаман. *  *  * Ат алты аттаған жерге құмырсқа бір күн жүреді. *  *  * Арық атқа құйрығы да жүк. *  *  * Аттың бақытсызы арбаға жегілер. *  *  * Жуас аттың тебісі қатты болар. *  *  * Тай тебеген, айғыр ашушаң келеді. Соз сойыл 22 наурыз-2 Аттың жұмысын істеп, адамның айлығын аласыз! Суретті салған Н.КИНЧАРОВ.   «САҒЫНЫШТЫ» СӘЛЕМ! Ханымдар мен мырзалар, жаңа жылдың алғашқы күні мүмкіндікті пайдалана оты­рып, өзімнің есімнен кетпес адамдарға «сағынышты» сәлемімді жолдауға рұқсат етіңіздер. «Сағынышты» сәлемімді ең алдымен балабақшадағы күтуші апай Мотеге жолдаймын. Оның маған тиесілі тәуір тамақ атаулыны жеп, жегенінен артылғанын сөмкесіне салып алатыны әлі күнге көз алдымда... Содан кейін, балмұздақ алып же деп берген шешемнің тиын-тебенін «тамағың ауырады» деген мәнде сылтау айтып тар­тып алатын ағатайым Котеге де сәлем! Ал парталас, өзі тәуір оқып, сабақта қиналған сәтте сыбырлай қойып, оны мен айта қойып үнемі күлкіге ұшыратып жүретін Тупицынның сол қылықтары үшін де жалынды сәлем жолдаймын. Мектепте физкультурадан сабақ беретін Хавбек ағай сыраға жұмсап, оған мен бармай қойып, ол өшін сабақ кезінде арқанмен төбеге он рет өрмелетіп алушы еді, айызы қанушы еді... аман болса сол кісіге де сәлем! Институттағы деканым Чухиннің мен сый-сияпат жасаған сайын болашағымды болжап көлгірсігені әлі күнге құлағымда жаңғырады да тұрады. Қазір ол кісі зейнеткер деп естимін, ол кісіге де жалынды сәлем! Зауыттағы бөлім бастығы­мыз Мухин біз сияқты жас пері­лерді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаушы еді... Қит етсек қағып түсі­ре­тін, бастамашылық танытып білгір болғанымызда талай рет «тілерсегімізді» тіліп жіберіп еді... Әлі де қара жер­дің бетінде болса, ол кісіге де «сағынышты» сәлемімді жолдаймын! Сәлемімнің бір парасын біраз жыл бірге тұрып «қимай» қоштасқан бұрынғы келіншегім Дусяға арнағаным жөн шығар... Онымен тұрған қайран ғана он жылым десеңші!.. Опасыз дүние өтті де кетті. Барымнан айырды, көзіме көк шыбын үймелетті десем де болады... Өткен күнде белгі бар, оны да ұмытпай сәлем жолдағаным оңды болар. Ал сәлемнің салмақтысын ғұмырымды «шықпа жаным шықпа» қағидасына байлап-матап әлі күнге өлместің күнін көрсетіп келе жатқан өкіметіме арнаймын! Көзім тіріде өзіңнен жақсылық көрмесімді білсем де, игіліктің ерте-кеші жоқ қой деп өкіметіме «өлердегі сөзімді» айтып сәлемімді үшбу хат арқылы да жолдаймын. ...Сондай-ақ, мына келген жылқы жылындағы мүмкіндікті пайдалана отырып, өзіме жоғарыда айтып өткендей әркез «қамқоршы» бола білген басқа да көпшілікке дұғай-дұғай «сағынышты» сәлемімді жолдаймын!.. Александр КОСТЮШИН. Аударған Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН. Соз сойыл 22 наурыз-3 Жаңа жылдық бәйгеге жаңа тұлпармен... "Вокруг смеха" журналынан алынды.

берик (2)Мүйісті жүргізетін

Берік САДЫР