21 Наурыз, 2014

Жалақыда бөле-жару болмауға тиіс

318 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сенаторлар осындай талап қойып отыр

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев палатаның кешегі кезекті жалпы отырысында әріптестерін келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтады. «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Сіздерге табыс тілеймін, аманшылық болсын!», деді Қ.Тоқаев өз сөзінде. Жалпы, Сенат кеше алты мәселені қарап, талқыға салды. Күн тәртібінде бірінші тұрған Қазақстан мен Вьетнам арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялауға құрылған заң жобасы бойынша баяндаманы Әділет министрі Берік Имашев жасады. Баяндамашының сөзіне қарағанда, Келісім құқықтық көмек көрсетудің шарттары мен тәртібін, сондай-ақ, оны ұсыну мүмкіндігін болдырмайтын мән-жайларды реттейді. Өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініш оны алған күннен бастап тоқсан күн ішінде орындалады. Сонымен қатар, Келісімде өтінішті орындауды кейінге қалдыру да қарастырылған және де қарсы жақты хабардар ету үшін отыз күн беріледі. Осындай келісімдер Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Корея, Пәкстан, Грузия, Үндістан, БАӘ, Түрікменстан, Моңғолия, Әзербайжан, Литва және Түркия сияқты 13 елмен жасалған. Заң жобасы бойынша пікір білдір­ген сенатор Орынбай Рахманбер­­диев халықаралық заңдық құжат­тың ағылшын, орыс және вьетнам тілдерінде әзірленгендігін, келешек­те мемлекеттік тілде жазылуы тиістігін орынды атап кетті. Мұн­дай уәжбен Сенат Төрағасы да ке­­­лісті. Сөйтіп, заңдық құжат қабылданды. Бұдан кейін қаралған «Ең төменгі жалақыны белгілеу рәсі­мін жасау туралы конвенция­ны (26-конвенция) ратификация­лау туралы» заң жобасы да депутат­тар тарапынан қолдау тапты. Халықаралық еңбек ұйымы БҰҰ-ның Еңбек қатынастарын реттеумен айналысатын маман­дан­дырылған мекемесі болып табылады. Ұйымға мүше елдер ХЕҰ конвенцияларын орын­дауға міндеттеме қабылдай отырып, тиісті жағдайлардың жасалуына орай ратифика­ция­лайды. Қазіргі кезде бұл ұйым­ға 185 ел мүше болып кірген. Еліміз бұл ұйымға 1993 жы­лы кіріп, оның 21 конвенция­сын ратификациядан өткізіпті. Конвенцияның мақсаты ең тө­менгі жалақыны белгілеу рәсі­мінің имплементациясы жөнін­дегі міндеттемелерді мемлекетке бекітіп беру болып табылады. Оның ережелері өнеркәсіптің белгілі бір салаларында немесе секторларында жұмыс істейтін еңбекшілерге қолданылады. Елдердің кәсіпкерлер мен еңбекшілерді қолданыстағы ең төменгі мөлшерлемелер туралы ақпаратпен қамтамасыз ету және жалақының осы мөлшерлемеден төмен болмауы үшін бақылау жүйесі мен санкциялар түрінде қажетті шаралар қолдануға тиіс. Аталған құжатта неғұрлым төменгі мөлшерлемелер бойынша жалақы алған еңбекшілердің өздеріне толық төленбеген соманы сот тәртібімен немесе өз­ге де заңды рәсім арқылы алу құ­қықтары айқындалған. Ең­беккерлердің жалақысына қатыс­ты білдірген пікірінде сена­тор Қожахмет Баймаханов мұ­най компанияларын мысалға келтірді. Депутат бұл ретте Қызылорда облысындағы бір компанияда қытайлық азаматқа техникалық қауіпсіздік саласындағы жұмы­сы үшін 5 мың АҚШ доллары төленіп келсе, артынша сол қыз­метке Қазақстан азама­ты алын­ғанда оған 500 мың теңге тө­ленгенін алға тартты. Сон­дай-ақ, Қызылорда мен Атырау облыстарындағы компания­лар­дың бұрғышылары әртүрлі жа­лақы алып келе жатқандығына да назар аудартты. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Тама­ра Дүйсенованың жауабына қарағанда, әрбір жұмыс беруші өз еңбекақы жүйесін құрады, ал мемлекет ең төменгі жалақы деңгейін белгілеп береді. Ми­нистр бұл ретте өткен жылы бірдей жұмысы үшін әртүрлі еңбекақы төленіп келген 130 факт анықталғандығын, соңғы кезде жұмыс берушілерге деген талаптың күшейтілгендігін, жалпы Мәжілісте қаралып жатқан «Кәсіподақтар туралы» заң жобасында мұның барлығы ескерілетінін алға тартты. Осы мәселе бойынша сөз алған депутаттар да еңбекақы мәселесіне ерекше назар аударуға тырыс­ты. Әсіресе, бірдей жұмыс үшін әртүрлі жалақы төлеу фактілерінің әлі де кездесіп қалатынына қын­жылыстарын білдірді. Жа­лақыда бөле-жару болмауға тиістігі ерекше аталды. Сондай-ақ, кешегі отырыста «Жалақыны қорғау туралы конвенцияны (95-конвенция) ратификациялау туралы» заң жобасы да қабылданды. Конвенцияның негізгі мақсаты жалақыны қор­ғау нормаларын мемлекеттің қамтамасыз етуі болып табылады. Және де жалақыны қорғау бөлігінде халықаралық стандарттарды одан әрі енгізуді қамтамасыз етеді және еліміздің осы саладағы халықаралық нормалардың сақталуы мен орындалуын ұстанатынын растайды. Жалақыдан ұстап қалу жұмыскердің өзін және өзінің отбасын асырай алатындай болуына ғана негізделмей, сонымен шектелуге тиіс деп атап көр­сетілген. Аталған құжатта еңбек­шінің жалақы сомасы мен жалақыны ұстап қалу туралы ақпаратты алу, сондай-ақ, жалақысын өз еркімен пайдалану құқығы да айқындалған. Заң жобасы бірауыздан қолдау тапты. Депутаттар бұдан басқа «Аза­маттық қорғау туралы» заң жобасын талқыға салып, қолдауды ұйғарды. Ал оған ілеспе заңдық құжат екі оқылымда қаралып, қабылданды. Бұл жердегі не­гізгі мақсат – еліміздің барлық аумағында азаматтық қорғауды ұйымдастыру мәселелері бойынша бірыңғай құқықтық, ұй­ымдастырушылық, ақпараттық және әдістемелік кеңістік қа­лыптастыру. Алғаш рет заң жобасында азаматтық қорғауды аумақтық-салалық ұйымдастыру қағидаты қолданылып отыр­ған­дығын да айта кеткен жөн. Төтенше жағдайлар жергілікті, өңірлік, салалық деңгейдегі сипатта болатыны ескеріліп, қатыстырылатын күштер де төтенше жағдайға барабар болуға тиістігі көрсетілген. Ха­лықты төтенше жағдайдан құ­лақтандыру, жергілікті атқа­рушы органдардың төтенше жағ­дайларды жоюдағы жауап­кершілігі де ұмыт қалмаған. Күн тәртібінің соңғы мәселесі Ішкі істер органдарының қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда бірқатар түзетулерімен Мәжі­ліске қайтарылды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».