Қоғам • Бүгін, 13:30

Академик Өмірзақ Айтбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай жиын өтті

50 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Абай университетінде қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Өмірзақ Айтбаевтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Ғылымды дамытудағы қоғамдық ұйымдардың рөлі» тақырыбында ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Академик Өмірзақ Айтбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай жиын өтті

Тағылымды іс-шара Халықаралық қазақ тілі қоғамы және Филология ғылымдары зерттеулерін сараптамалық үйлестіру орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды. Келелі жиынға университет басшылығы, елімізге белгілі ғалымдар және тіл жанашырлары мен академиктің туыстары қатысты.

Жиынды филология ғылымдары зерттеулерін сараптамалық үйлестіру орталығының президенті, академик Кәрімбек Құрманәлиев жүргізіп, мерейтой иесінің ғылыми мұрасы мен ұлт тілін дамытудағы тарихи еңбегіне тоқталды. Саналы ғұмырын қазақ тіл білімін өркендетуге, мемлекеттік тілдің қоғамның барлық саласында орнығуына арнаған тұлғаның қайраткерлік ісі туралы ой толғады.

«Ғалымның зерттеулері отандық лингвистиканың, соның ішінде терминология саласының қалыптасуы мен дамуына зор ықпал етті. Академик бұл бағыттың бастауында тұрған Ахмет Байтұрсынұлы дәстүрін жалғап, жаңа деңгейге көтерді. Өмірзақ Айтбаев саналы ғұмырында 500-ден астам ғылыми еңбек, 20-дан астам монография мен оқу құралдарын шығарды. Бүгінгі басқосуды ғалымның мерейтойына орай ұйымдастырып, ғылым мен қоғам байланысын тереңірек талқылауды мақсат еттік», деді академик.

Алқалы жиында сөз алған Абай атындағы ҚазҰПУ-дың басқарма төрағасы-ректор, Алматы қаласы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Болат Тілеп мерейтойдың мән-маңызына тоқталып, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтауын оқып берді. Сонымен бірге ғылым онкүндігі аясындағы осы маңызды шараның сипатына тоқталды.

ы

«Өмірзақ Айтбаевтың 90 жылдығы ғылым декадасымен тұспа-тұс келуінің символикалық мәні бар. Өйткені ғылым – қоғам дамуының негізгі қозғаушы күші. Ал ғылымның ілгерілеуі тек ғалымдардың еңбегіне ғана емес, қоғамдық институттардың қолдауына да тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, елімізде тіл ғылымының дамуына айрықша үлес қосқан құрылымдардың бірі – Халықаралық қазақ тілі қоғамы. Оның қалыптасуына Әбдуәли Қайдар, Рабиға Сыздық, Шора Сарыбаев, Мырзатай Жолдасбеков және Өмірзақ Айтбаев сынды тұлғалар өлшеусіз еңбек сіңірді.Өмірзақ Айтбаев – тек ғалым ғана емес, ұлағатты ұстаз. Ол көптеген жас зерттеушінің ғылымға келуіне жол ашып, бағыт-бағдар берді. Ана тіліміздің ғылым, білім және қоғамдық кеңістікте кеңінен қолданылуына бар күш-жігерін жұмсады. Сондықтан оның ұлттық ғылым мен руханиятқа қосқан үлесі әрдайым жоғары бағаланып, кейінгі буынға үлгі болып қала береді», деді ректор.

Алқалы жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілеш оқыды.

Академик Өмірзақ Айтбайұлының ғылымдағы ізденістері мен қайраткерлігі хақында сөз еткен «Қазақ газеттері» ЖШС директоры Дихан Қамзабекұлы «Лингвист Өмірзақ айтбайұлы туралы айтқанда қазақ тілін айналып өту мүмкін емес. Академик Әбдуәли Қайдаримен «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына көп тер төкті. Қаншама жыл халықаралық қазақ тілі, әдебиеті олимпиадасының тұрақты төрағасы болды. Мектеп оқушысынан мұғаліміне дейін назарында тұрды. Түйткілді мәселе әлі де бар» деп атап өтіп, қазақ тіліндегі оқулықтар, әсіресе түрлі салалардың, технология, жаратылыстану бойынша оқулықтардың сын көтермейтіндігін атап өтті. Сонымен қатар ғылымдағы бірқатар кемшін жайттарға тоқталды.

ҰҒА академигі Ерден Қажыбек ғалымның ғылыми ұстанымдары мен тұлғалық болмысына тоқталып, қазақ терминологиясын жүйелеудегі тарихи рөлін айрықша атап өтсе, филология ғылымдарының докторы, профессор Қалбике Есенова қазіргі қазақ тілінің даму үдерістерін саралап, академик еңбектерінің бүгінгі цифрландыру дәуірімен сабақтастығын ғылыми тұрғыда негіздеді. Сонымен қатар Анар Фазылжан, Анар Салқынбай, Жаңалық Балтабаева сынды ғалымдар қазақ тілінің өзекті мәселелері бойынша пікір білдіріп, қоғамдық ұйымдардың ғылыми үдерістерді үйлестірудегі маңызына, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Алматы қаласындағы тіл саясатын жүзеге асыру тәжірибесі жөнінде Бақыт Қалымбет баяндама жасап, өңірлік жобалардың тиімді тұстарын атап өтті.

Жиын қатысушылары академиктің тіл саясаты, терминология және қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту бағытындағы еңбектері хақында ой толғап,  ғылым мен қоғам байланысын нығайту, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қатысты пікірлерімен бөлісті.

Соңғы жаңалықтар