21 Наурыз, 2014

Мәселе шынайы баға берілгенде ұтымды

371 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Алдыңғы күні Бейбітшілік және келісім сарайында еліміздің Дін істері агенттігі Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы жанындағы Бұқаралық ақпарат құралдарында діни тақырыпты жариялау бойынша әдістемелік кеңестің ұйытқы болуымен журналистерге арналған семинар өтті. Семинар аясында «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы дін саласына қатысты басымдықтарды БАҚ-та жариялау әдістері» тақырыбы қозғалды. Бұл іс-шараға Әдістемелік кеңес құрамына кіретін танымал дінтанушы-ғалымдар, сарапшылар, сондай-ақ, діни бірлестіктер мен ҮЕҰ өкілдері, журналистер қатысты. Семинар тақырыбы аясында Дін­танушылар конгресінің төр­ағасы Ғарифолла Есім, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Кенжеболат Жолдыбай, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Этностық және діни толеранттылық жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Ғаділбек Шалахметов, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб-имамы Бақытжан Өткелбаев, Астанадағы Қасиетті-Успен кафедралы соборының протоиерейі Дмитрий Байдек сөйледі. Семинарды ашқан Бұқаралық ақпарат құралдарында діни тақырыпты жариялау бойынша әдістемелік кеңестің төрағасы Айдар Әбуов еліміздегі татулық, бейбітшілік, мейірімділік, тұрақты даму жайын жан-жақты насихаттау мәселесінде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше екеніне тоқталды. «Журналистердің еңбегі арқылы қоғамдық пікір, талғам-көзқарас қалыптасатынын жоққа шығара алмаймыз. Десек те, бүгінгі таңда қоғамдағы проблемалар, рухани мәселелер, әсіресе, БАҚ-та қаншалықты насихатталып, оларға қаншалықты қызығушылық танытылады деген сауал туындауы мүмкін. БАҚ-та жарияланған әрбір ақпарат олардың көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап беретіндей, рухани қажеттіліктерін өтейтіндей болуы тиіс. Қазіргі замандағы жаңа технологиялар, оның ішінде интернет журналистердің жан-жақты мәліметтерді жинақтауына мүмкіндік береді. Бүгінгі журналист, әрі блогер, әрі модератор, әрі ұйымдастырушы, әрі қоғам пікірін қалыптастырушы. Ал бұл ретте олардың қалам тербейтін тақырыптарының бірі – дін саласы. Ал Әдістемелік кеңес діни мәселелерді жариялауда отандық БАҚ өкілдеріне кеңес беру мақсатында құрылған болатын. Әдістемелік кеңестің жиындары жылына 3-4 рет, кейде одан да көп өткізіліп тұрады. Бүгінгі семинардың тақырыбы, міне, осы мәселеге арналған», деді А.Әбуов. Бұдан кейінгі кезекте сөз алған Дін істері агенттігінің Талдау де­партаментінің басшысы Серік Оспанов елімізде қалыптасқан діни жағдайға байланысты агенттік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндап берді. «Әрине, елімізде, оның әрбір өңіріндегі діни ахуалдың қалай және қай бағытта дамуында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының рөлі зор. Бұл орайда, Әдістемелік кеңестің маңызы да айрықша. Сол себепті, Кеңес мемлекет, діни бірлестіктер және халық арасындағы көпірге айналуы тиіс. Ал еліміздегі дін мәселелеріне қатысты ақпараттар барынша шынайы, объективті түрде жеткізілуі керек. Қоғамдағы діни ахуалды тұрақтандыратын негізгі факторлардың бірі – халық арасындағы ақпараттық-түсіндіру, түрлі теріс ағымдардың алдын алу жұмыстарының дұрыс жүргізілуі болып қала бермек. Бұл ретте, агенттік тарапынан халықтың діни сауатын арттыру үшін дін мәселелеріне қатысты әдістемелік ұсынымдар, оқу құралдары әзірленді. Жалпы алғанда, елімізде жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын әлі де жетілдіре түсу қажеттілігі туындап отыр. Демек, БАҚ өкілдерінің бұл мәселедегі рөлі орасан», деді өз сөзінде С.Оспанов. Ал Дінтанушылар конгресінің төрағасы Ғарифолла Есім: «Мұндай семинарлардың өзегі – ақыл айту емес, керісінше, сіздерді толғандырып отырған мәселеге құлақ түру. Ол үшін сіздер дінтанушылармен бірлесе атқаратын ұсыныстарыңызды айтатын болсаңыздар, онда нәтижесі де дұрыс болар еді. Қоғамда бір анықталмаған мәселе бар. Оны басылым беттерінде әртүрлі бағытта жазады. Оның әртүрлі бағытта жазылуы да түсінікті. Ол зайырлылық деген мәселе. Біз зайырлы мемлекетпіз ғой. Дін мемлекеттен бөлінген. Бұл – анық нәрсе. Бірақ, діннің қоғамдағы орны қалай болады? Дін қоғамнан тыс болмайтыны белгілі ғой. Сондықтан, қоғамдағы зайырлылық деген қалай болады деген мәселе тұр. Мұнда әлемдік тәжірибелер бар, бірақ, барлық діндерге, барлық елдерге ортақ бір модель жоқ. Оны іздеп қажеті жоқ. Себебі, оның бәрі дәл бізге келе қоймайды», деді өз сөзінде Ғарифолла Есім. Оның айтуынша, дін дәстүрі арқылы жүреді. «Мәселен, Ислам діні дәстүр арқылы өмір сүріп келді. Жақында Бас мүфти «Дін және дәстүр» деген дөңгелек үстел ұйымдастырды. Осы тақырыппен кітап шығарды. Бұл – өте құнарлы бағыт. Демек, біз дәстүр мен дінді анықтап алмай, тек қана заңмен жүре алмаймыз», деді ғалым. Сондай-ақ, Ғарифолла Есім семинар аясында сөйлеген сөзінде елімізде мешіт салған кезде жанына монша салуды ойластыру керектігін де алға тартты. «Егер, тарихқа үңілсек, қазақ жеріндегі мешіттердің жанында міндетті түрде моншалар болған. Мұны тарихи деректер дәлелдейді. Араб елдерінде де осылай. Мен сондықтан үнемі мешіт салған кезде жанына монша салу керек деп айтып жүремін. Астанада жаңа мешіт салғанда жанынан мұсылмандарға арнап монша салсын деген ұсыныс айттым. Бәрі маған түсініспеушілікпен қарады. Монша дегеніміз жуынатын жер ғана емес, рухани тазаратын жер. Дінімізде адамның тән және жан сұлулығына айрықша мән беріледі. Яғни, жан сұлулығы тән сұлулығынан басталады. Жаның сұлу болып, тәнің сұлу болмаса тағы дұрыс емес. Сондықтан бұл ұсынысты алдағы уақытта ескеру керек», деді Ғ.Есім. Бұл күні «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Кенжеболат Жолдыбай да мәселеге қатысты өз ой-пайымымен бөлісті. «Елімізде діни ахуалға, оның насихатталуына байланысты көптеген жұмыс жасалады. Бірақ, неліктен нәтиже жоқ? Біз де өз тарапымыздан қолымыздан келгенше журналистік пул жасауға көмектестік. Бас редакторларды еліміздің Бас мүфтиімен кездестірдім. Онда да нәтиже жоқ. Неге олай? Бүгінгі таңда дінге ғылыми тұрғыдан келу бар. Бірақ, мәселеге журналистік тұрғыда келу жоқ. Себебі, бүгінгі журналист, өкінішке қарай, әмбебап маман. Ол бүгін агроном, ертең инженер, арғы күні экономист. Жалпы, дін тақырыбында жазатын журналистер өте қажет. Ақпараттық кеңістікте ақпаратты, саясатты анықтайтын бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары бар. Ол үшін мүмкін, журналистер пулын емес, БАҚ-тың бірінші басшыларының басын біріктіре отырып, Үкіметтің жанынан Бас редакторлар кеңесін құрған жөн болар. Егер, осындай деңгейде мәселенің маңыздылығы мен өзектілігін сезінетін болсақ, бәлкім, нақты бір нәтиже болар ма еді? Демек, мәселе түбегейлі түрде шешілуі үшін бұл бірінші басшылардың деңгейінде қадағаланып, тұрақты түрде жүргізіліп отыруы керек», деді Кенжеболат Жолдыбай. Семинар аясында оған қаты­сушылар, сонымен қатар, Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған XXI ғасырдағы Қазақстандағы дін, дәстүрлі діндердің жас ұрпақ бойындағы рухани құндылықтарды қалыптастырудағы рөлі, діни экстремизм мен оның алдын алу жолдары сынды мәселелерді талқылады. Бұл ретте, отандық журналистердің дін саласындағы өзекті тақырыптарды қоғамның әрбір мүшесіне түсінікті әрі объективті түрде жариялау жайы сөз болды. Семинар соңында журналистер Әдістемелік кеңес мүшелеріне қоғам назарын аударып жүрген мәселелер бойынша өз сауалдарын қойды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».