21 Наурыз, 2014

Виктория шыңы

536 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Гонконгтегі осы бір төбе туризмге қаржыны молынан құйып отыр

1_6961185975f0bee02bfa33c02f70e42a Жұмыр жердің бетінде қаншама ғажайып елдер, ғибратты адамдар, көрікті мекендер мен табиғаттың тылсым құбылыстары бар. Жаратқан иеміз тек көруге жазсын. Азды-көпті журналистік ғұмырымызға бұйырған жердің бірі Гонконг қаласы болатын. Әлбетте туристерге табаны тиген елдердің көрікті жерлерін емін-еркін аралауға мүмкіндік бар. Ал біз сияқты уақыты тығыз жандар биік үйлері көк тіреген осынау елге келе қалсақ, ең болмаса, Виктория шыңына шығуы керек екен. Бір қарағанда, бұл шың туралы айтатын да түк жоқ сияқты. Бірақ, көру керек. 15-1 Әйтпесе, құзар шыңдары мен ойпаттары толып жатқан Қазығұрт пен Өгем тауларының арасында өскен тау қызына бір төбе таңсық болып па?! Одан қала берсе Алатаудың баурайындағы Алматыны алақаныңа түгел салып беретін Көктөбеміз бар. Айтқандай, Түркияның Қожаелі деген өлкесінде Картепе (Қартөбе) деген біздің Шымбұлақ сияқты мұзарттары қысы-жазы қарға оранып жататын керемет тау-шаңғы кешенін көрудің сәті түс­кен. Алайда, ол кезде Картепеге ағы­­лып жатқан адам көрмеген едік. Сірә, мұн­да көбінесе кәсіпқой шаңғышылар мен ау­қатты еуропалықтар демалатын сияқты. Дегенмен, Виктория шыңының осы төбелерден бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, жылына орта есеппен биігіне 6 миллион турист көтерілетін төбе туризмге тиынды шелектеп төгіп отыр. Екіншіден, бұл шыңның басына 1888 жылы салынған трамвай-фуникулермен шығуға болады. Үшіншіден, жалпы, бұл төбеге үш түрлі жолмен: трамвай-фуникулермен, автобуспен, жаяу айналма жолмен шыға аласыз. Ең қымбаты да, қызығы да, жеделі де Гонконг тарихының бір бөлігі болып трамвай жолы жатыр. Ал жаяу жолмен шығатын 3,5 шақырымға созылатын бұл жолды кейде спортшылар еңсереді. Бірақ, көрінісі өте әдемі, мистикалық кинолардағы сияқты ирелеңдеген жолдары бар, тропикалық түрлі ағаштарға көмкерілген десе-ді. Не десек те, Виктория шыңы Гонконг аралының ең биік нүктесі әрі ең көрікті жері саналады. Ал туристер лық толы трамвай-фуникулерді сонау 1888 жылы төбеге сүйреп шығару үшін қаншама техника, тросс қажет болды екен десеңізші. Жылдың төрт емес, үш-ақ мезгілі болатын Гонконгқа біз муссондық жаңбырлар маусымында келген екенбіз. Әлсін-әлсін дамылдап барып, күндіз-түні төпелей беретін нөсерге жергілікті халық әбден төселіп те алған. Құрғақ қонақүйден далаға шықсаң, тура буы бұрқыраған моншаға кіргендей боласың. Төбесі көкке шаншылған, алды 100 қабаттан асатын, басын бұлт шалған ғимараттар Гонконгті кәдімгі құрлықтағы Қытайдан даралайды. Бұл да түсінікті. Ғасырдан да астам кезеңде Ұлыбританияның боданында болған, мемлекет ішіндегі мемлекет әлі де өз дербестігін жоймай отыр. Гонконгтің «Тұманды Альбион» деп ауызекі тілде айтыла беретін Лондонға ұқсайтын тұсы көп. Климатынан да бөлек, мәдениеті, әлеуметтік тіршілігі, қала берді өмір салты да ағылшындардан көп жұғысты болған. Жаңбырлы маусым басталғанда бұлар да қолшатырларын тастамайды. Гонконг – бұл Оңтүстік-Қытай теңізінің екі жүз алпыс аралы. Қытайдың арнаулы әкімшілігі бар ауданы. Бұл ірі халықаралық қаржы орталығы, құс тұмауы эпидемиясының ошағы, Шығыс пен Батыстың үйлесімділік синергиясы, Аспанасты елі мен Британ империясы дәстүрлерінің астасуы, әлемдегі миллио­нерлер мен миллиардерлерді барынша көп тоғыстырған қала. Гонконгта Брюс Ли мен Джеки Чанның кіндік қаны тамған. Бұл төбесі көк тіреген ғимараттары түнде алып шамдалдарға айналатын қала. Яғни заманауи технологиялардың ордасы. Бұл қалада қоғамдық көліктердің қозғалысы өте тиімді үйлестірілген. Бәрін қамтитын МТR рельстік метро желілері, трамвайлар, автобус бағыттарының өрмегі, паром қатынастары адамдар тұратын бүкіл аралдарды жалғап тұр. Бұл табиғаты мен сәулеті ғажайып үндескен мекен. Мысалы, тура Мәскеу қаласының аумағындай қалада 7 миллион халық тұрып жатыр. Бірақ, оның төрттен бір ғана бөлігінде алды жүз қабаттан асатын құрылыстар салынған, қалған жағын табиғат жаратқан күйінде – саябақтар, демалыс орындары мен қорықтар алып жатыр. Тропикалық климаттың құдіреті ғой, қайда көз салсаң да көк майса ағаштар жайқалып тұр. Сонымен, Виктория шыңы Гонгконг аралынан 552 метр биіктікте орналасқан. Шыңға күндіз барсаң да, түнде барсаң да жарты шақырым төменде жатқан қала керемет болып көрінеді. Тек тұманды күнге тап болмасаңыз болғаны. Олай бола қалғандай болса, онда трамваймен көтеріліп, ығы-жығы туристердің арасында туысқандарыңызға түрлі тәбәріктер сатып алып, кейін қайтасыз. Мұнда ауа райы сәт сайын құбылып жататын сияқ­ты. Сәтін салып, аспан шайдай ашық болған кезде төменде жатқан қала ала­қанға салғандай әдемі көрінеді. Бұлт­сыз түнде де солай, төбесі көк тіреген мың­даған биік ғимараттардан құралған Гон­конг панорамасы жарық шамдармен нұрла­нып, көз қуантады. Қаланың турис­тер тамашалайтын алаңы «Аспан террассасы» деп аталады. Бұл жерде арнайы ті­лек жазып қалдыратын жүрек мүсінді орын бар. Ал трамвайға отырған туристердің көпшілігі фуникулердің оң жағына немесе алдыңғы орындықтарына жайғасуға ұмтылады. Өйткені, оң жақта қала суреті жатыр. Ал алдыңғы жақтағылар осындай биік шыңға трамвайдың қалай шығатынын көргісі келеді. Шыңға Ұлыбританияда 63 жыл 7 ай бойы билік құрған Виктория патшайымның аты берілсе де, жергілікті халық оны жай «Шың» деп қана атайды екен. Сол сияқты бұл биіктік көбінесе Маунт-Остин деген атпен әйгілі. Егер бұл шыңның басына демалыс күн­дері шығатын болсаңыз, ұзын-сонар ке­зекке тұруға тура келеді. Трамвай әр он минут сайын қатынаса да, халық ығы-жығы. Шыңға шыққан соң қаланы тамашалайтын панорамалық алаң орналасқан Peak Tower-де толып жатқан дүкендерге тап келесің. Мұндай сувенирлердің неше түрі жетіп артылады. Туристердің барлығы да осы саяхатты есінде сақтап, жақындарына сый-кәде жасау үшін сау­даны қыздыра түседі. Әйтпесе, сол бұйымдардың көпшілігі төмен жақта жарты бағасына арзан. Дегенмен, естелік бұйымды әйгілі Виктория шыңының басында сатып алдым деген аты бар ғой. Бұл жерде арнайы бас сұға кетуге болатын жер – «Мадам Тюссоның бал­ауыз мүсіндер музейі». Арзан емес. Бірақ, балалар мен зейнеткерлерге жеңілдік жасалған. Мұнда жүздеген экспонат бар. Туристерді міндетті түрде гонконгтық «Джеки Чан» қарсы алады. Бірақ, шығыс жекпе-жек өнерінің хас шебері, атақты актермен өз фотоаппаратыңызбен суретке түсе алмайды екенсіз. Ақысын төлесеңіз музей қызметкерлері өз аппараттарына түсіріп, жақтаушаға әдемілеп салып береді. Әрі қарай әлемдік элита сізді күтіп тұр. Бред Питт, Анджелина Джоли, Мадонна, Барак Обама, Дэвид пен Виктория Бекхэм дейсің бе, қайсысымен құшақтасам десең де өзің білесің. Әрине, белгілі бір шеңберде. Айтпақшы, әрбір мүсіннің тұсында сол персонажға сай атрибуттар жасалған. Мүсіннің заманы мен киіміне қарай сайланып, суретке түссеңіз болады. Мысалы, теңіз қарақшыларының киімдерін киіп, пираттардың кейпіне ене аласыз. Құс қанаты талатын биіктікте басқа да қызықтар бар. Әркім қалтасына қарай қыдырады. Қымбат ресторандардан, ор­танқол дәмханалардан да теңізден табылатын түрлі-түрлі дәмді тағамдар табылады. Балалар ойнайтын алаңдар да бар. Бірақ, кезінде Маунт-Остиннің төбе­сін­де тек қана ағылшын ауқаттылары мен жоғары лауазым өкілдері өмір сүрген. Қа­рапайым қытайлықтарға қаланың ең бе­делді ауданында тұруға рұқсат етілмеген. Бізге «Peak Tower» кешенінің бір қабатында «Ripley’s Believe It or Not!» («Қаламасаң – сенбе») деп аталатын ерекше бір музей бар екендігін айтқан. Мұндағы 450-дей адам ақылына сыймайтын ғажайып бұйымдарды саяхатшыл журналистер жинаған екен. Өкінішке орай, оны аралап жүруге біздің уақытымыз тығыз болды. «Peak Explorer Motion Simulator» – арнаулы симуляторы да қызық, оның көмегімен қалаға виртуал­ды саяхатқа шығуға болады екен. Мысалы, сонау 1955 жылы Кларк Гейбл­дың қатысуымен түсірілген «Сол­­­дат удачи» фильмінің басы мен аяғы Шың­ға шығаратын осы трамвайда түсіріліпті. Қысқасы, Гонконгқа жолыңыз түсіп, бір ғана жерді аралайтын мүмкіндігі­ңіз болса, онда – Виктория шыңына шы­ғыңыз. Егер бұл қаланың көп жерін көргіңіз келсе, онда Виктория шыңынан бастаңыз. Ал мен Виктория шыңын есіме алған сайын қуанамын. Өйткені, біздің де Көк­төбеміз, Шымбұлақтағы ертегідей қа­ра­ғай, самырсындарға оранған шатқал­­да­рымыз бар. Көркемдігі жағынан әлде­қай­да әдемі. Табиғаттың бізге берген бай­­лығы ар­тық болмаса, бір мысқал кем емес. Күндердің күнінде әлемді шарлап болған туристер де жаңа мекендерді іздей бастайды. Ал біздің Көктебе де абаттанып, ажарланып келеді. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. ––––––––––– Суреттерде: Виктория шыңынан қалаға қарағанда.