21 Наурыз, 2014

Асылын асқақтатқан Алматы

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұманбай Молдағалиев тұрған үйге ескерткіш тақта ашылды. Б.Сарсенов-2. Салтанатты шараға Жара­тылыстың көктемін жырлап өткен жасампаз ақынның туған-туыстары мен қаламдас достары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Б.Сарсенов-3.– Тұманбай Молдағалиевтің мөлдір сезім, әсемдік пен тазалық, махаббат туралы жазған өлеңдері бірнеше буынды тәрбиеледі. Оның сөзіне жазылған әндері әлі де өскелең ұрпақты тәрбиелеп келеді. Ақынның жасаған аудармалары еліміздің асыл қазынасына қосылған құнды дүние деп білеміз, – деді қала әкімі Ахметжан Есімов ел алдында сөйлеген сөзінде. Алматы облысындағы Еңбек­шіқазақ ауданының Жарсу ауылында дүние есігін ашқан ақиық ақын 22 жасында «Студент дәптері» деп аталатын өлеңдер жинағымен қалың оқырманына танылып, өз өмірінің соңғы сәтіне дейін туған халқының әдебиетіне зор еңбек сіңіргені белгілі. Ол алдымен «Пионер» журналында қызмет етіп, одан кейін «Балдырған» журналында жауапты хатшы болды. «Жазушы» баспасы жанындағы балалар және жастар әдебиетінің бас редакциясында қызмет етіп, өзінен кейінгі талант иелерінің даңғыл жолға түсуіне жағдай жасады. «Жалын» журналының бас редакторлығы қызметін абыроймен атқарып, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, өмірінің соңғы сәтіне дейін «Балдырған» журналының бас редакторы қызметін атқарды. Ақын 1967 жылы жарық көрген «Жаңа дәптер» атты жыр кітабы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Алматы қалалық кеңесінің депутаты болды. Оның «Жүректегі жазулар» жинағы жоғары бағаланып, әдебиет саласындағы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты иеленді. 1992 жылы Тұманбай Молдағалиевке Фи­зули атындағы халықаралық түркі дү­ниесі ақын­дары сыйлығы тапсырылды. Тұманбай Молдағалиев «Құстар қайтап барады», «Бақыт құшағында», «Әнім сен едің», «Ертіс вальсі», «Ша­қырады көктем» секілді ел сүйіп шыр­қайтын көптеген әндерге сөз жазды. Н.Тілендиев, Ш.Қалдаяқов, Б.Жамақаев, Ә.Бейсеуов секілді қа­зақ музыкасының тарландарымен шығармашылық тығыз байланыста болды. Сонымен қатар, әлем әде­биетінің жарық жұлдыздары ре­тінде мойындалған Дж.Байрон, М.Лермонтов, Т.Шевченко, О.Ту­ма­­нян, Р.Гамзатов секілді талант иелерінің шығармаларын қазақ ті­ліне аударды. Халқымыздың жар­қын жүректі ақыны Тұманбай Мол­дағалиевті мәңгі есте сақтау мақ­сатында қойылған ескерткіш тақ­таның ашылу салтанатында оның замандас достары сөз сөйлеп, естеліктер айтты. Туған-туыстары осы шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, алғыстарын жеткізді. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. ––––––––––––––––––– Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.