21 Наурыз, 2014

Жыл басы

863 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Оразакын Аскар-2Оразақын АСҚАР, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.       МЕРЕКЕ-МЕЙРАМ Таң атты түнді ерте түріп маңнан, Үлкен-кіші тыста жүр тұрып таңнан. Отағасы бұлақтың көзін ашты, Қоқысты алды бөгет боп тұрып қалған.   Шыққандай үйге бейне сыймай бәрі, Әже кетті қораға қый жайғалы. Балалары текемет, сырмақ қағып, Есік сырлап бәйбіше үй майлады.   Шарбақтарды бір тыным таппай түзеп, Ата жүр бұталарды аттай күзеп. Су тасыған келіндер бәсең сөйлеп, Үлкен барын ұмытпай сақтайды ізет.   Күліп шықты нұр шашып шоқыға күн, Қопсытты жігіт бақтың топырағын. Істен қолы босаған бір-екі қыз, Мерекеге дайындап отыр әнін.   Бойжеткенге болысты күліп інім, Бос жүрген жоқ адамның бірі бүгін. Сәнді көше, таза аула, жинақы үйде, Күтіп алмақ ұлыстың ұлы күнін.   ТОЙҒА КЕЛДІ Тойласын деп наурызды көктем келді, Тазартты қардан жазық, бөктерлерді. Табиғат анамыздың мейірі де, Бетіңнен жылы леппен өпкен желді.   Тойлауға наурызды құстар келді, Сағынып балапан боп ұшқан жерді. Теңеліп күн менен түн күш сынасып, Күн жеңіп, түн еріксіз қысқарды енді.   Тойлауға наурызды төлдер туды, Арнадан асырды өзен, көлдер суды. Қозы-лақ, қаз-үйректің әні деп біл, Қора мен айдыннан ой бөлген шуды. Тойлауға наурызды гүл ашылды, Бұйығып үйде отыру күнә сынды. Қалт еткен жанарынан ұшқын шашып, Қарасы қалқаның да ұнасымды.   Тойлауға наурызды біз де келдік, Біздерді тапсын тойдан іздеген жұрт. Ұсынды әр үй көпке наурыз көже, – Ауыз ти, – деп, – адал дәм-тұз деген құт.   Тойлауға наурызды келді достар, Күн туды еркіндікке кең құлаштар. Төрт құбыла түгенделді орта толып, Ән шырқап, би билесін енді жастар!   ҚЫЗ БЕН ЖІГІТ ӘЗІЛ-ҚАЛЖЫҢЫ – Сізді көріп сермеді жыр құлашын, Кеудемде бір қомданып тұрды лашын. Наурызда жөн сұрау айып емес, Амансың ба? Атың кім, құрбыласым?   – Жыр дегенің әнің бе, жер тепкізген, Жөн сұрайтын бар ма еді еркек бізден?! Жас кезінде атам ат сұрамай-ақ, Сыйлық беріп әжемді селт еткізген.   – Не десең де, теңсіңдер еріктерің, Сый жинауға алаңға келіп пе едің? Өйтетіндей ескеріп, ерте тұрып, Өзің маған «ұйқы ашар» беріп пе едің?   – Бейтанысқа біз қашан «таян» дедік, Қозы келсе болар ма Баянда ерік. Ұйқың әлі, жігітім, ашылмаса, Тұрмын ба мен түсіңде аян беріп?!   – Ағаттығым болды-ау бұл бір істеген, Ендігіде жөніммен дұрыс келем. Наурызың, құрбылас, құтты болсы.! Танысармыз бір көрген біліс деген.   ӘЖЕНІҢ ӘНІ Адал астан бұйырған, Дәм татсын жұрт жиылған. Бидай салдым көжеге Мол болсын деп биыл нан.   Келін біткен жерік боп, Болсын ұлға серік көп. Тары салдым көжеге Болса екен деп женіт көп.   Жыршы астында жарау көк, Шапсын қызылтанау боп. Күріш салдым көжеге, Көп болсын тойда палау деп.   Ауыздан ақ кетпесін, Майдан ерін кеппесін. Келген риза, кеткен тоқ, Құтты қонақ ет жесін.   Ашық болсын қас-қабақ, Таспен атқанды аспен ат. Бейтаныс та, таныс та Бүгін төрде бас қонақ.   Арпа, бидай, тары бар, Қатық, малта – ағы бар. Ішілетін, жейтіннің Бұл көжеде бәрі бар.   Ошақта көп шоқ әлі, Астың ауыр обалы. Астан үлкен ешкім жоқ, Қазан аузы жоғары.   «Арпа, бидай ас екен, Алтын, күміс тас екен». Жомарттығын жұртымның Жер-жиһанға паш етем!   Атаның ақ батасы Ниеттерің ақ болсын! Наурыздың ақша қарындай. Бастарыңа бақ қонсын, Шаштарыңның барлық талындай!   Санасы асып адамның, Көңілде кір қалмасын. Құты қашып жаманның, Жақсы тапсын жалғасын. Тыныш болсын даламыз, Түгел болсын нуымыз. Таза болсын ауамыз, Тұнық болын суымыз. Қайғы-уайым жоқ болсын, Оралмасын кез өгей. Ырысымыз көп болсын Бүгінгі наурыз көжедей! АЛМАТЫ.