
Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ұйқассыз тақпақтар
8 наурыз мерекесі жақындап қалған кез. Үш бала тәрбиелеп отырған бір әріптесіміз жұмыс бөлмесіне кіре сала бәрімізге өлең оқып бергісі келетінін айтты. Отырғандардың назары өзіне ауғанын аңдағанда:
«Мәпелеп мені өсірген
Ризамын мен өзіңе
Ана деген керемет,
Сыйлап өтем өмірде», деп дауыстап оқып берді. Осыны оқып болған соң: «Түк ұйқас жоқ. Ұйқаспайтын тақпақты балаға жаттату да қиын», деді көңілі толмаған түрмен.
Рас, ұйқасы келіспейтін өлеңді жаттау – көбімізге қиын. Оны бір орында тұрмайтын, дегенін істетпей тынбайтын балаға жаттату – одан бетер машақат. Әлгі әріптесіміз бұл кезеңнің бәрін басынан өткізіпті. Өйткені жаңа жылда сол балаға мынадай тақпақ берген екен:
«Сұлу сәнді шыршаға
Көз тоймайды қарасаң
біздер үшін орманнан
жіберіпті Аяз ата».
Біз тақпақтарды қалай жазылса, солай беріп тұрмыз. Қалай жазылғанын былай қоя тұрайық. Ал осындай ұйқаспайтын «ұйқастар» қайдан шығады? Бұл сұраққа сізден де бір жауап табылатын шығар. Сарапшылардың да төменде берілген пікірін оқи жатарсыздар. Оған дейін мынау бір желіде көп таратылған тақпақты қарайық, тақпақ деуге келсе. Жіңішке жыртылған қағазда:
«Айналайын анашым,
Әлпештеген баласын.
Еміп өскен бөбекпіз
Анамыздың мамасын», деп жазылыпты.
Осы шимайдың тұсында «Ердәулет» деп жаттайтын баланың аты көрсетілген. Қаламмен жазылған баланың атына қарап, тәрбиешінің, яғни үлкен адамның жазуы екенін білуге болады. Баланың тіліне деген мұндай немқұрайды қарым-қатынасқа кім кінәлі? Сорақылықтың себебі неде?
Мұғалімдер балалар басылымдары барын білмей ме?
Балалар ақыны, түрлі ұйқасты тақпақтар мен тілі жеңіл өлеңдердің авторы Серікбол Хасан мұндай мәселе ізденістің жоқтығынан туатынын айтады.
«Балалар өлеңі кәсіпқойлық деңгейден педагогикалық деңгейге түскенде жағдай осылай болады. Сол үшін ақын өлеңін жазу керек, педагог бала оқыту керек. Педагогқа тыраштанып өлең жазу шарт емес. Ана туралы осы уақытқа дейін балаларға арналған қаншама өлең жазылды. Соны тауып берсе жетіп жатыр ғой. Сондықтан бұл жердегі мәселе тәрбиешілер мен мұғалімдерде ізденістің жоқтығына байланысты болып тұр. Жасыратыны жоқ, қазір кейбір тәрбиеші, мұғалімдер әдеби кітаптардың бетін ашпайды, кітапханаға бармайды. Әйтпесе, қазақ балалар әдебиетінде балаларға арналған өміршең өлеңдер өте көп. Тіпті, табанын тоздырғысы келмесе, онлайн кітапханалар, түрлі электронды кітаптар қоры жинақталған kitap.kz, kazneb.kz жобаларын қарауға болады. Қазір ізденем деген адамға мүмкіндік көп. Сол мүмкіндікті пайдалану қажет», дейді С.Хасан.
Оның ойынша, әркім өз ісімен шұғылданса, қоғам алға басады. Әрине, мұғалімге жүктелетін жүк ауыр. Бірақ мықты мұғалім жеңілдететін жол табады. «Ұлан», «Балдырған» секілді газет-журналдарда үнемі балаларға арналған жаңа дүниелер жарияланып жатады. Өкінішке қарай, кейбір мұғалімдер мұндай балалар басылымдарының бар екенін де білмейді. Бұл – үлкен қасірет.
Қазіргі таңда ақын-жазушыларды әлеуметтік желілерден оңай тауып, олармен жедел байланысуға болады. Оларды педагог қауым іздей ме? С.Хасанның айтуынша, оны тәрбиешілер іздемейді екен. Бірақ олардан бұрын болашақты ойлайтын, ұлттық идеологияға жауапты тұлғалар балалардың әлемін «әрлей» алатындардың басын біріктірер ортаны іздеуі керек секілді. Мұны ақын да айтып отыр. «Хабарласып, кеңесіп тұратын мұғалімдер бар, көбіне кітапханашылар байланысқа шығады. Пандемия кезінде еліміздің әр аймағынан 10-нан аса кітапхана менімен онлайн тікелей эфир өткізді. Алайда тәрбиешілер хабарласқан емес. Балабақшаның балаларына жазғандарым бар, бірақ бұл сол бағытты толық меңгердім деген сөз емес. 3-5 жас аралығындағы балаға жазу өте ауыр, бірақ жазуға болады. Мен осы бағыт бойынша көп әдіскермен, педагог-ғалыммен сөйлестім, бірақ ешқайсысы маған көмек бере алмады. Бізде ұжымдық жұмыстар атқару керек. Педагог, әдіскер, психолог, жазушы, бәрі бірігіп істейтін дүние көп», дейді С.Хасан.
Сабақ жоспарын да ақыға жаздырады
10 жылдан бері педагогика саласында табан аудармай еңбек етіп келе жатқан бірінші категориялы тәрбиеші Ұлбике Өмірбекқызы көп әріптесінде ізденістің жоқтығын растап отыр. «Тәрбиешілер ізденістің жоқтығынан интернеттегі дайын дүниені алып, балаларға тақпақ қылып тарата салады. Көзіне 4 қатар көрінсе болды, оны өзі оқып та жатпайды. Қателік осы жерден кетеді. Көбін еріншектік, жалқаулық, немқұрайдылық құртады. «Дайын асқа тік қасық» бола салады, артық қимылдап, басын ауыртқысы келмейді. Сценарий, мақала, тіпті ашық сабақтың жоспарын ақшаға жазғызатын педагогтер бар, дайынға жүгіреді. Мұның соңы жоғарыдағыдай сорақылыққа алып барады. Әрине, барлығы сондай демеймін, жұмысқа жауапкершілікпен қарайтындар бар. Бірақ олардың өзі кәсіби қателік жіберіп жатады. Ондайлар – әдетте жолдан қосылып, педагог болып жүргендер. Мысалы, мен өз айналамнан білемін, балабақшада жұмыс істейтін тәрбиешілердің көбі «Мектепке дейінгі тәрбие» мамандығын бітірмеген. Дәл сол мамандықты тауысқаны туралы дипломы болғанымен, сырттай немесе қашықтан оқыған, практикадан өтіп көрмеген», дейді Ұ.Өмірбекқызы.
Тәрбиешінің пайымынша, жоғары оқу орындарының немесе ғылыми зерттеу институттарының қызметкерлерін ғана емес, бастауыш сынып мұғалімдері мен тәрбиешілерді де шетелдік беделді педагогикалық ұйымдарында іс-тәжірибеден, тағылымдамадан өтуге жағдай жасау керек. Мұндай мемлекеттік бағдарлама биыл жас ғалымдарға арнап енгізілді.
«Тәрбиешілер педагог мәртебесін алды ғой, олар да барлық педагог қауымның құрамына кіреді. Алайда әлі күнге дейін тәрбиешілердің беделі төмен. Оны күнделікті практикадан көріп жүрміз. Мектептің мұғалімі десе, кішкене дұрыс қарайды, ал балабақшада тәрбиеші екеніңді айтсаң, қараған көзқарасы, танытқан реакциясымен-ақ төмен тапқа жатқызып қояды. Ата-аналардың өзінен соны байқаймыз. «Мектепке дейінгі білім беру» мамандығын бітірген түлектерді өз саласында жұмыс істеуге ынталандыру керек. Мектеп мұғалімдерінің жалақысы артқан шығар, айына жарты миллион теңгелеп алатындар бар. Бірақ көп балабақша тәрбиешілерінің еңбекақысы әлі күнге дейін мардымсыз. Неге? Себебі бізде жекеменшік балабақшалар көп. Бұл – кейбір кәсіпкерлердің табыс көзі ғана. Онда жалақыны әдетте жекеменшік балабақша иелері бекітеді. Барлық маманға бірдей мемлекеттік балабақшадан жұмыс табыла бермейді, сондықтан амалсыз жұрттың жарты күн жұмыс істеп алған жалақысын таң атқаннан қас қарайғанша жүріп әзер алатын әріптестер баршылық. Олардың артық ізденуге де уақыты жоқ. Оның үстіне жекеменшік балабақшалар тәрбиешілерін түрлі семинарларға жіберіп, кәсібилігін шыңдап отыруға артық шығын шығарғысы келмейді», дейді тәрбиеші Ұ.Өмірбекқызы.
Балабақшада 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан сарапшымыздың тағы бір сөзінде салмақ бар. Ұ.Өмірбекқызы балабақшаларда тәрбиешілерге әдістемелік, кәсібилік тұрғыда бағыт-бағдар беріп, оқу-тәрбие жұмыстарының жоспарын тексеріп, бекітетін әдіскер лауазымына нағыз мамандардың бара бермейтінін жеткізді. Өйткені әдіскерлер өзінен лауазымы жағынан төмен тұратын тәрбиешіден де аз жалақы алатын көрінеді. Ал шын мәнінде балаларға берілетін әрбір тақпақ пен мәтін алдын ала тексеріліп, електен өтуі қажет. Бірақ бұлай болмай тұр. Егер тексеріліп, бекітілгені жоғарыдағыдай шатпақтар болса, тәрбиеші ғана емес, әдіскерде, оған қол қойған директорда да жауапкершілік жоқ деген сөз.
Мамандарды маман еместер даярлайды
Студент аспирантурадағы ғылыми жұмысын да, одан кейінгі докторлық диссертациясын да мектепке дейінгі білім беру саласы бойынша қорғаған профессор Сайра Нағашыбайқызы түйткілдің түп-тамыры неде екенін айтты. «Ізденімпаз тәрбиешілердің қалыптаспауы – оларды оқу орнында маман емес адамдардың оқытқанынан. Осы саланы зерттеп жүргендіктен, тәжірибе алмасу мақсатында педагогикалық мамандарды даярлайтын отандық университеттерде жиі боламыз. Сонда бір нәрсеге қынжыламыз. Болашақ тәрбиешілерге «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығын бітірмеген оқытушы, сол салада зерттеу жасамаған профессор сабақ береді. Еліміздегі көп жоғары оқу орнында осындай жағдай, оның ішінде ұлттық университеттер де бар. Мұндай мамандарды қайта даярлаудан өткізу жұмыстары қолға алынып жатыр ғой. Меніңше, осы қайта даярлау теория түрінде аудиторияда емес, балабақшада практика есебінде өтуі керек. Бірақ бұдан да бұрын «Мектепке дейінгі білім беру» бағыты бойынша докторантураға бөлінетін грант санын арттыру қажет. Сол арқылы ғана оқытушылық құрамның сапасын жақсартуға болады. Екінші мәселе, осы тәрбиеші мамандығына оқуға түскендердің басым бөлігі – адасып, яғни қаламай келгендер және төмен балмен әупірімдеп іліккендер. Олардың онсыз да үлгерімі, ынтасы, ықыласы нашар келеді. Мұндайларды алға сүйреу де қиын. Жылына ең көп дегенде жоғары оқу орындарынан 700-дей тәрбиеші даярланып шығады. Ал елімізде 10 мыңнан аса балабақша бар. Мұндай мамандықты әдетте қыздар оқиды, олар отбасы жағдайымен жұмыс істемей жатады. Қаламай түскендер басқа салаға ауысады. Сондықтан нағыз мамандар жетіспейді», дейді С.Нағашыбайқызы.
Профессордың айтуынша, әдістемелік құрал мен өлеңдер жинағы бұрынғыдай тек Үкіметтің бақылауымен, тексеруімен шығарылмайды. Әркім өз бетімен әртүрлі дүние жасайды. Бұл аппробациядан өтті ме, жоқ па, белгісіз. Оны педагогтер де әбден тексерілгендей, қолдана жөнеледі. Мәселе осы жерден басталады.
«Көпшілікке тарап кеткен кішкентай киіз үй бар. Оны қоссаң, түрлі өлең-тақпақтар оқылады. Бірталай дүние бар ішінде, бірақ біреуі де жарамсыз. Соны дұрыстайық деп қаншама рет айттық. Құлақ асқан бірі болмады. Сол секілді мысал өте көп. Қазір нарық заманы, әркім өз ойлағанымен айналыса алады. Бірақ еркіндіктің де тиімсіз тұстары бар. Бақылау болмайды. Кім не шығарып, кімнің не таратып, қалай оқытып, қандай тақпақ жаттатып жатқанын білмей қаласыз. Биыл Балалар жылы жарияланды. Сол себепші болып, тым болмаса ақындар мен педагог-психологтердің басы бірігіп, зерттелген жинақ шығарылса жақсы болар еді. Ақын-жазушылар да ересектерге арнап жиі жазады, оқушыларға арналған шығармаларын табуға болар. Ал мектепке дейінгі балаларға лайықты өлеңдерді табу өте қиын. Бұған оқулық жазу кезінде көз жеткізгенбіз. Сондықтан ақын-жазушыларды дәл осы деңгейде жазуға ынталандырудың жолдары қолға алынуы керек. Бұл үшін әлбетте қаламгерлер ең алдымен мектепке дейінгі балалардың психологиясын білгені жөн. Көрдіңіз бе, біз тағы да жүйеге келіп тірелдік. Жоғары оқу орындарында әдебиет, мәдениет, журналистика саласының студенттеріне жас ерекшелік психологиясы арнайы оқытылуы қажет», дейді С.Нағашыбайқызы.
Осыған дейін балабақшалардың санына, 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту көрсеткішіне жұмыс істеп келген жауапты министрлік жақында сапаға қарай ойыса бастады. Бұл істің қашан және қандай нәтиже беретіні белгісіз. Мәселе нәтижеде, одан бұрын көзделген мақсатқа жетудің жолында. Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі әзірленгенін хабарлады. Бұл да оқыту мен білім беруге байланысты. Иә, балабақшада да, мектепте де оқыту, білім беру барысы бекітілген стандарт пен бағдарлама негізінде жүргізіледі. Ал тәрбие жұмыстары ше?.. Бұл алдын ала сараланып, електен өткізіліп, бекітуге тұрмайтын дүние ме? Тәрбие қашан бірінші орынға шығады? Білімнен бұрын тәрбие керек емес пе?