
Суретші Рашид Құлбатыровтың «Алатаудың бөктерінде» картинасы мұзбалақ Мұқағалидің өлеңін еске түсіреді.
«Tay дейтін алып жүрек,
Ана туған.
Мен таулықпын!
Таудан мен жаратылғам». Шіркін, ақиық ақынның осы екі тармағынан-ақ бар болмысын, ғұмырлық қағидасын көруге болады. Қараңызшы, біз ұсынған туынды да автордың жан әлемінің галереясын айшықтап тұрғандай.
Заманауи жас суретші Рашид Құлбатыровты табиғи ландшафттар мен қала ансамблінің заңды «жырлаушысы» деп атайды. Ол қылқаламмен жеңіл әрі шеберлікпен жұмыс істей отырып, Қазақстан мен Еуропаның үлкенді-кішілі қалаларының көріністерін, қазақтың шексіз жазира даласын, Іле Алатауы тау жоталарының ең биік шыңдарын, Каспий теңізінің пейзаждарын, сол сияқты көшпенділердің дәстүрлі ауылдарының композицияларын жазды. Суреткер табиғатқа келгенде туындыларында түстік акценттер, бояулардың ашықтығы мен қарқынды жағылуы ерекше мәнерлі.
«Алатаудың бөктерінде» картинасы реалистік жанрда жазылған. Өзен жағасындағы ағаштар мен биік шөптердің арасында жылқылар, ал олардың үстінен алып таулар көрінеді. Таулар мұнарланған тұманмен көмкерілген. Күн сәулесі таудың тек ақбас шыңдарына түсіп тұр.
Бақсаңыз, қылқалам иесі жұмсақ бояуларды, кенепті реңк тұрғысынан жеңіл ауысуларды пайдаланады. Ол осы арқылы беймаралдық пен тыныштыққа қол жеткізеді. Ал кенептен тауды бейнелеу үшін кең орынды композицияны бөле отырып, Алатаудың айбындылығы мен бөктерлерінің әсем суретін салады. Суретші өз туындысында туған өлкенің сұлулығын беріп, табиғатқа деген шексіз таңданысын көрсетеді.