
Өткен бейсенбіде Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинаның шығысындағы «әскери операция» жаңа кезеңге өткенін хабарлаған еді. «Басында жариялағанымыздай, бұл Донецк пен Луганск республикаларын толық азат етуге бағытталған. Операция жалғасады. Оның келесі кезеңі басталып жатыр», деді С.Лавров.
Күні кеше Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Ресей президенті Владимир Путинге Мариуполь қаласын басып алғаны туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда «Азовсталь» өнеркәсіптік аймағында ғана Украина әскері қалған. С.Шойгу өз сөзінде зауытты басып алу туралы жоспарымен бөліскен-ді. Алайда Кремль басшысы «Азовстальға» шабуыл жасау операциясынан бас тартуды тапсырды. Бұл ұйғарымын В.Путин «Ресей сарбаздарының өмірін сақтау қажет» деп түсіндірді.
Дегенмен бұған дейін Украина президенті Володимир Зеленский Мариупольды қорғап жатқан жауынгерлерге қатысты пікірін білдірген еді. Киев билігі алда-жалда Ресей әскері «Азовстальға» шабуыл жасап, ондағы сарбаздар мен бейбіт тұрғындарды қырса, екі ел арасындағы келіссөздер мүлдем тоқтайтынын жеткізді.
Естеріңізде болса, Ресей әскері Мариуполь қаласын наурыздың басында қоршауға алған болатын. Содан бері қаланы толықтай бақылауына ала алмай келеді. Қалаға шабуыл басталғалы мыңдаған адам үдере көшіп, босып кетті. Қазіргі таңда шаһарда шамамен 120 мыңға жуық бейбіт тұрғын бар.
Соғысты зерттеу жөніндегі америкалық аналитикалық институт 20 сәуірдегі ұрыс қимылдарының барысына сараптама жасап, кескілескен қақтығыс алдағы уақыттың еншісінде екенін мәлімдеді. Институттың мәліметтеріне сүйенсек, ресейлік әскерлер сәрсенбі күні Украинаның шығысында сәл ғана ілгерілеп, бірнеше ауылды басып алған. Бірақ әлі де шепті бұзып өтуі байқалмайды.
«Ресей әскері ірі шабуылға қажетті логистикалық және командалық инфрақұрылым салып жатыр. Олар ешқандай үлкен жетістікке қол жеткізген жоқ. Көптеген бағытта алға жылжуы байқалмайды. Сәтті шабуыл жасау мүмкіндігі де көрінбейді», дейді институт сарапшылары.
Ұлыбритания премьер-
министрі Борис Джонсон журналистерге берген сұхбатында Владимир Путинмен келіссөз жүргізудің мәні жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Путинмен соғысты тоқтату туралы пікір алмасу қолтырауынмен саудаласумен бірдей.
АҚШ президенті Джо Байден жоғары әскери басшыларымен кездесуінде украиндардың қабілеті мен соғысқа дайындығы күткенінен де асып түскенін жеткізді.
«Мен олардың күшті және жаужүрек екенін білетінмін. Бірақ Украин халқы күткенімнен де асып түсті. Олардың қайсарлығына таңғалдым... Күн сайын қару-жарақ пен оқ-дәрілер жіберіліп жатыр. Дүние жүзіндегі елдермен одақтастарымыз бен серіктестіктеріміздің қаншалықты маңызды екенін көріп отырмыз», деді Д.Байден.
Кейінгі бірнеше күнде Ресей сарбаздары Украинаның қалаларын зымырандар мен артиллерия арқылы атқылауын күшейтті. Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бір түнде 1001 әскери нысанға, оның ішінде 162 атыс позициясына соққы берілген. Дегенмен снарядтар мен зымырандар әскери нысанға емес, тұрғын үйлер мен азық-түлік қоймаларына түскені әлеуметтік желілерде жарияланған видеолардан анық көрінеді.
Украинаның екінші үлкен қаласы Харьковтің мэрі шаһарды үсті-үстіне бомбалап жатқанын жеткізген. Харьков облыстық мемлекеттік әкімшілігінің басшысы Олег Сынагубовтың айтуынша, ресейлік күштер Харьков аудандарын бірнеше қару түрімен атқылаған. Соның салдарынан бес бейбіт тұрғын қаза тапты.
Ұлыбритания, АҚШ, Канада және Францияның қаржы министрлері сәрсенбі күнгі G20 отырысында Ресей өкілдері онлайн сөз сөйлеуге кіріскенде орындарынан тұрып кетіп, байланысын өшіріп тастады. Ал G7 елдерінің қаржы министрлері Украинаға 24 млрд доллардан асатын қаржылық қолдау көрсетуге келісім берді.