
Аталған құжат жөнінде Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсембаев баяндама жасады. Оның айтуынша, заң жобасында мүгедек адамдарға қатысты дискриминацияға жол бермеу мақсатында бірқатар норма енгізіліп отыр. Атап айтқанда, «мүгедек», «мүгедек бала», «Ұлы Отан соғысының мүгедегі» деген сөздер тиісінше «мүгедектігі бар адам», «мүгедектігі бар бала» және «Ұлы Отан соғысы кезінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы және ауруы салдарынан мүгедектігі бар адам» деген сөздермен ауыстырылмақ.
«Әлемдік тәжірибеде рeople-first language деген түсінік, яғни бірінші кезекте оның адам баласы екеніне мән беріліп, кейін оның ауру-сырқаты жөнінде айтылуы қажет. Сондай-ақ оңалту, мүгедектіктің алдын алу және осы бағыттағы атқарылып жатқан қызметтерді біріздендіру мақсатында «абилитация» түсінігі енгізілді. Абилитацияның сапалы ұйымдастырылуы медициналық реабилитациядағы ем-домның сапасын едәуір көтеретін әлеуметтік-психологиялық, медициналық көмек деп есептейміз. Аталған норма БҰҰ конвенциясына сәйкес келтірілді.
Мүгедектігі бар адамдармен жұмысты реттеу үшін, әкімдіктерде және бірқатар министрлікте «штаттан тыс кеңесшілер» тағайындалып келді. Бірақ осы күнге дейін олардың жұмысын әзірлеу және тағайындау тәртіптері пысықталмаған еді. Енді бұл мәселені үйлестіру бойынша тиісті мемлекеттік органның құзыреті кеңейтіліп, тағайындау, әзірлеу тәртібі реттеліп, біріздендіріледі», деді Е.Бейсембаев.
Депутаттың айтуынша, заң жобасында таксопарктер әрбір 10 таксиге мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделген бір таксиді қамтамасыз етуге тиіс деген түзетулер енгізіліп отыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес таксопарктер әрбір 30-шы такси көлігіне мүгедектігі бар адамдарға бейімделген бір таксиді қамтамасыз етуге тиіс. Яғни аталған норма мүгедектігі бар адамдарға тиімді жағдай жасауға бағытталған. Оған қоса, тұрақты маршруттар үшін мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға бейімделген автобустарды сатып алу бойынша өзгертулер енгізілген.
«Осы санаттағы адамдардан олардың мүгедектігін анықтау барысында медициналық комиссияның нақты дәлелденген диагноздарының аясында сырттай мүгедектікті анықтау бойынша өтініштер көптеп түсетін. Осы ретте, жарты жыл бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 12 түрлі нозологиялық ауру түрлерінен «мүгедектікті сырттай анықтау пилоттық жобасы» бастау алып, іске асып келеді. Сондықтан пилоттық жобаның жүйелі іске асырылуына байланысты «мүгедектікті сырттай анықтап, белгілеуді» заңды түрде бекіту көзделіп отыр.
Мүгедектігі бар баланы санаторий-курорттық емдеуге алып жүретін ата-анасының (заңды өкілінің) біріне мекемеде орналасу, тамақтану, жатын орны сияқты бірінші қажеттілік болып саналатын шығыстарының құны өтеледі. Бұл бастама, шалғай аудандардағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мүгедектігі бар баласына жан-жақты санаторий-курорттық ем-дом алуға жол ашады. Бүгінге дейін аталған мәселені жергілікті бюджет арқылы тек қана 3 аймақта, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы, Қарағанды және Павлодар облыстарынан алып жүруші заңды өкілдеріне қаржы қарастырылған еді», деді Е.Бейсембаев.
Депутаттың пайымдауынша, қазіргі таңда көптеген ата-ананың әлеуметтік жағдайы баласымен бірге санаторий-курорттық ем-дом алуға жетпейді. Сондықтан заң жобасында қарастырылған қаржының басым бөлігі осы мәселені реттеуге бағытталған. Жобалық есеп бойынша 3 жылдың ішінде кемінде 62 мыңнан астам бала мен ата-анасы немесе олардың заңды өкілдері санаторий-курорттық ем-домға бірге бармақ. Осы мерзімде республикалық бюджеттен 5,9 млрд теңге қаржы қарастырылған.
«Аталған заң жобасының аясында емханалардағы қызметті бірінші кезекте алу, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды нотариустық қызметтер (жасауда ақы төлеуден босату нормасы, 50 мың балаға арналған психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар құру қағидаты, адам саудасының құрбаны болған шетелдік азаматтарға жан-жақты әлеуметтік қызмет көрсету бойынша нормалар енгізілді», деді Е.Бейсембаев.
Бұдан кейін депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Ядролық материалдарды, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбаудағы өзара іс-қимыл жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарады.
Аталған құжат жөнінде баяндама жасаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, Келісімді ратификациялау бірқатар мүмкіндік береді. Біріншіден, ядролық, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды, радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбау мақсатында кедендік бақылау саласындағы Тараптардың ынтымақтастығын кеңейтуге және тереңдетуге жол ашады. Осы бағытта заманауи технологияларды енгізу мәселелері бойынша ынтымақтастық, бірлескен оқу-жаттығулар мен оқыту семинарларын өткізу мәселелері қарастырылмақ.
«Екінші. Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Тараптардың халықаралық мiндеттемелердi орындауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, тараптардың шекарадағы кедендік өткізу пунктерінде радиациялық бақылау жүргізіледі. Азаматтардың радиациялық қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
Үшінші. Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес әкелуге тыйым салынған ядролық, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды, радиациялық-қауіпті заттарды Тараптар мемлекеттерінің аумағына әкелуге жол бермейді. Яғни радиация аясы белгіленген нормалардан асатын тауарлар мен көлік құралдарын тасымалдауға қатысты Тараптар мемлекеттері заңнамасының талаптары әкелу елінде сақталмаған жағдайда, мұндай тауарларды екінші Тарап мемлекетінің аумағына әкетуге жол берілмейді», деді Е.Жамаубаев.
Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, келіп түскен тауарлар мен көлік құралдарының иондаушы сәулелену деңгейіне қатысты аспаптар көрсеткіштерінің әртүрлі екені анықталған жағдайда бірлескен радиациялық бақылау жүргізіледі. Оның тәртібін екі тараптың кеден органдарының өкілдерінен және оқу орталықтарының мамандарынан тұратын бірлескен жұмыс тобы анықтайды.
«Осы Келісімді ратификациялау Қазақстан мен Қытай арасындағы ядролық материалдарды, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болдырмау рәсіміне қатысты мәселелерді неғұрлым нақты және неғұрлым тиімді құқықтық реттеуге ықпал етеді», деді министр.
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы мақұлданды.
Бұдан бөлек, «Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жұмысқа алынды. Сондай-ақ жалпы отырыста депутат Саясат Нұрбекті Әлеуметтік-мәдени даму комитетінен Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне ауыстыру туралы шешім қабылданды.
Жиын соңында бірқатар депутат тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына депутаттық сауал жолдады. Гүлдара Нұрымова Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалында медицина қызметкерлеріне санаттары үшін ақы төлеуге назар аударды. Оның айтуынша, келісім жасалғанымен, әлі күнге дейін төлем мәселесі шешілмеген.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина саласының қызметкерлеріне жалақыны 30 пайыз арттыру жөнінде тапсырма берді. Бірақ тариф қайшылығына байланысты бұл тапсырма толық орындалмай отыр. Өйткені барлық ауыртпалық медицина мекемесіне жүктелген. Мекеменің өзін дамытуға аз қаражат қалады», дейді депутат.
Ғани Ташқараев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министріне сауал жолдап, өнеркәсіп саласына қатысты мәселе көтерді. Депутат 2020 жылдың қорытындысы бойынша тоқыма өнеркәсібі жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемінің 55 пайыздан астамын немесе 71 млрд теңгені құрағанын алға тартты.
«Жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 128 млрд теңге болды. Жалпы алғанда, жеңіл өнеркәсіп республикадағы өңдеуші өнеркәсіптің 1,0 пайызын және ішкі жалпы өнімнің құрылымында 0,1 пайызды құрады. Көрші мемлекет Өзбекстанда аталған кезеңде жеңіл өнеркәсіптің үлесі 15,2 пайызды құрады. Өзбекстанда бұл салада жұмысшылардың 28 пайызға жуығы шоғырланған.
Еліміздегі тоқыма бұйымдары өндірісінің негізгі үлесі Шымкент қаласына (25%) және Түркістан облысына (31%) тиесілі. Тоқыма өнеркәсібі халықты, әсіресе әйелдерді жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін әлеуметтік маңызы бар сала екенін ескерсек, онда осы саланың дамуына тиісінше қолдау көрсетуіміз қажет. Осындай ұсыныстар жергілікті халық пен кәсіпкерлер тарапынан өңірлерге барған іссапарымыз кезінде жиі көтерілді», деді Ғ.Ташқараев.
Бұдан кейін де бірқатар депутат сауалдарын жолдады.