
Аумағы біздің Ақтөбе облысынан сәл ғана асатын Финляндияны 5,5 миллионға жуық халық мекендейді. Солтүстікте орналасқан, табиғаты қатал болғанымен, ынтымағы жарасқан қоғамның арқасында онда өмір сүру жанға жайлы. Мәселен, Финляндия – әлемдегі ең тұрақты, ең қауіпсіз және ең тиімді басқарылатын мемлекет.
Бұл аз десеңіз, скандинавиялық мемлекеттің байлығы да мол. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі 49 мың долларды құрайды. Жемқорлықты да жеңіп, қазіргі таңда Transparency International рейтингінде топ бастап тұр. Былайша айтқанда, әлемде пара көрсе төбе шашы тік тұратын бір халық болса, олар – финдер десек қателеспейміз.
Финляндияның сот жүйесі әлемдегі ең тәуелсіз, полициясы өз ісіне мығым, банктері ең сенімді, компаниялары әдептілігі бойынша екінші, сайлаудың әділдігі жөнінен екінші орында тұр. Азаматтардың жеке еркіндігі, таңдауы және әл-ауқаты ең жоғары деңгейге ие.
Финляндияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сойли Мякеляйнен-Буханист ханымның айтуынша, фин қоғамының бақытты болуы ел басқарудың скандинавиялық моделінде жатыр. Өйткені онда демократияға, теңдікке және жеке бостандыққа баса назар аударады.
«Бұл біздің қоғамның жеке адамдардың бақытты болуын қолдайтынын көрсетеді. Финляндия қоғамы үшін бақыт – жоғары деңгейдегі жеке бас бостандығы бар адамдардан құралған, институттарға және бір-біріне сенетін тең құқылы және жақсы басқарылатын қоғамның нәтижесі.
Финляндия халқының бақыты мынандай әлеуметтік факторларларға байланысты. The Legatum Prosperity индексіне сүйенсек, басқару деңгейі бойынша Финляндия әлем бойынша бірінші орында тұр. Freedom House индексінде Финляндия саяси және азаматтық бостандықтар жөнінен көш бастап тұр. Bertelsmann Stiftung тізімінде әлемдегі үшінші әлеуметтік әділетті мемлекет», дейді Сойли Мякеляйнен-Буханист.
Тарихқа көз жүгіртсек, фин қоғамы сенім мен жауапкершіліктің үйлесімі негізінде құрылған. Сенім ашықтық пен айқындылыққа негізделген. Сондықтан шығар финдер үшін ашықтық ақпарат пен коммуникация еркіндігінің баламасы іспетті. Тұрғындар мен азаматтық қоғам кез келген іске бел шешіп кірісіп, ортақ шешім арқылы жұмыс істейді.
«Сенімнің артында жауапкершілікті терең сезіну жатыр. Фин қоғамы бүкіл адам күш біріктіріп, ережелерге бағынған жағдайда ғана жетістікке жететініне сенеді. Тұрғындардың бәріне қолдан келгенін істеуге мүмкіндік беріледі. Бұл тең мүмкіндіктер тең жауапкершіліктермен теңдестірілген қоғамда ғана болуы мүмкін. Цифрландыру жақсы мемлекеттік басқарудың дамуымен қатар жүреді. Бұл мемлекеттік басқару міндеттерін орындау және мемлекеттік қызметтерді көрсетумен бірге тиімді ақпараттық басқаруға жол ашады», дейді финляндиялық елші өз елінің әлеуеті туралы.
Скандинавиядағы алақандай ел сонымен қатар гендерлік теңдік бойынша алдыңғы қатарда жүреді. Әйелдерді кемсіту деген мұнда жоқ десек қателеспейміз. Кез келген адам қалаған қызметіне бара алады. Бұдан бөлек, жастардың томағасын сыпырып, ел тізгінін сеніп тапсыру да дәстүрге айналған.
Мәселен, Финляндияның қазіргі премьер-министрі Санна Марин – өте жас дипломат. Сондай-ақ министрлер кабинетінде де жас лауазымды тұлғалар жетерлік. Санна Мариннің Үкімет басшысы атануы ерекшелік емес. Керісінше, бұл Финляндияда жынысқа, жасқа немесе тегіне қарап бағаламайтынының мысалы.
Финляндияда шешім қабылдауға жастардың араласуы өте маңызды деп есептейді. Сол себепті бастамашылық танытып, идеялары мен белсенділіктерін алға тартқан жастарды әрдайым қолдап, демеп отырады. Осының арқасында қоғам көптеген жетістікке жетті.
Ел жастарының муниципалдық шешімдер қабылдауға қатысу құқығы заңмен бекітілген. Финляндияның кез келген муниципалитетінде 18 жасқа толмаған адамдар үшін жастар кеңесі немесе оған теңестірілген орган болуы керек. Олардың өміріне әсер ететін барлық мәселелерде, соның ішінде білім беру, қоршаған орта, тұрғын үй және қоғамдық көліктерде жастардың көзқарасы тыңдалып, қарастырылуға тиіс.
Жастар кеңестері – финдік жастардың шешім қабылдауға қатысудың жалғыз әдісі емес. Мектепте, университетте олар студенттік кеңестер мен кәсіподақтарға қатыса алады. Сондай-ақ жастардың өздері басқаратын көптеген жергілікті, аймақтық және жалпыұлттық бірлестіктері бар.
Финляндияда адамдар жалпыға қолжетімді ақпаратқа қол жеткізуге құқылы. Демек саясаткерлердің жалақысы мен олардың шығындары көпшілікке жарияланады. Ал адамдар мен баспасөз бұл мәселелерді талқылай алады. Бұл мемлекеттік шешімдер қабылдаудың ашықтығын арттырады. Халықтың елдегі әрбір мәселеге байыппен қарайтынын мынадан-ақ байқауға болады. Былтыр фин қоғамы премьер-министрі Санна Мариннің таңғы асқа жұмсайтын қаражатын қызу талқылады.
Бұқаралық ақпарат құралдарында Санна Марин таңғы асқа айына 850 еуро жұмсайтыны туралы ақпарат тарады. Бұл шамамен 445 мың теңгеге жуық. Бұған дейін резиденциядағы таңғы ас шығыны шамамен айына 300 еуро болған. Журналистер шығынның мұншалықты өсіп кеткеніне таңғалып, Санна ханымның әрекеті қаншалықты заңға сай деген сауал тастайды.
Кейіннен ақпаратты премьер-министрдің кеңсесі де растады. Соған сәйкес 2020 жылғы қаңтардан 2021 мамыр аралығында ресми резиденцияға түнегенде С.Маринді бір рет тамақтандыруға жұмсалған қаражат 14 363 еуро 20 центті құраған. Осылайша, айына шамамен 845 еуро кеткен екен. Премьер-министр кеңсесі таратқан мәлімдеге сүйенсек, бұған таңғы ас пен тіскебасар берілген.
Таңғы астан туындаған дау жөнінде оқып отырып таңғаласың. Былай қарасаң, премьер-министр «түйені түгімен» жұтқан жоқ. Заң аясында қарастырылған таңғы асын ғана ішеді. Бюджет қаражатын босқа шашпаған. Бірақ биліктің жұмсаған әр тиынынан хабардар Финляндия қоғамы үшін бұл маңызды. Өйткені бүгін 5 еуро жымқырған шенеуніктің ертең «түйені түгімен» жұтпасына ешкім кепіл болмайды. Әрбір фин үшін елдегі бүкіл оқиғаның маңызы зор. Сондықтан Финляндия азаматтық қоғам мен үкімет арасындағы диалогты тиімді жолға қоя білген.
Финлияндия бақытының тағы бір құпиясы – білім саласында жатыр. Қазіргі таңда фин өрендері үнемі әлемдегі ең үздіктер қатарынан көрінеді. Сарапшылардың пайымдауынша, елдегі тегін ұлттық білім беру жүйесінің жетістікке жетуі қоғамдағы теңдікке тікелей байланысты.
Бір қызығы, ойшылдар, ғалымдар мен профессорлар оқу орындарын ғана жағалап жүрген жоқ. Мемлекеттің іргетасын нығайтуға тікелей атсалысты. Мысалы, тәуелсіздік алғаннан бері Финляндиядағы мемлекет және үкімет басшыларының 30 пайызға жуығында профессор деген атағы болған. Олар ел басқара жүріп, білім ордаларында жастарға дәріс те оқыған.
Жергілікті халық өздерінің әлемдегі ең сауатты ел саналуына XIX ғасырдағы мына оқиға әсер еткен деп есептейді. Сол кезеңде шіркеуде некеге тұрмас бұрын міндетті түрде оқу сынағын тапсыратын болған. Әліпті таяқ деп білмейтіндерге шаңырақ көтеруге рұқсат етілмейтін жарлық қабылданған екен. Сарапшылардың пайымдауынша, осы оқиға тұрғындардың сауатын ашуға көп көмектескен.
Қорыта айтқанда, қоғамының бірлігін жарастыра білген Финляндия бүгінде жер-жаһанның Жерұйығы саналады. Халқы бақытты, әл-ауқаты жақсы мемлекеттке таңдана да, тамсана да қарайтындар өте көп. Теңдікті тірек еткен ел осылайша бақыт мекеніне айналып отыр.