
Көрмедегі заттардың әрқайсысы әр алуан ұлттың тұрмысы мен мәдени таным-табиғатына сай ерекше оюымен көз тартып өзгешеленгенімен, бәрін бүтіндей алғанда Қазақстанда тұрып жатқан көп ұлттың бүгінгі бейбіт тыныс-тіршілігі мен ырыс-ынтымағы жарасқан жарқын келбетін айғақтап тұрғандай.
Этнокөрмені тамашалауға келген жұрттың біразы өздері қалаған қолөнер бұйымдарын сатып алып, оған автордың қолтаңбасын қойдырды. Ұзын бір қатар болып тізілген көрме сөрелерінің бірінен өңірге белгілі ағаш шеберлері Қабділ-Мәжит Иманов пен Таңатқан Божақовтардың туындылары орын алыпты. І.Омаров атындағы қазақ драма театрының белді әртісі әрі жарты ғасырға жуық уақыттан бері домбыра жасап, бұл өнерін тұрақты кәсіпке айналдырған Қабділ-Мәжит аға кейінгі жылдары ұлттық аспапқа деген сұраныс көбейіп келе жатқанын айтты. Жұрт Таңатқан аға жасаған ағаш ыдыстарды да бағасына келісіп әкетіп жатты.
– Көктерек секілді сапалы ағаштан жонылған ыдыста тұрған ас дәмін жоғалтпайды әрі көпке дейін бұзылмай сақталады, – дейді ұста.
Ал Николай Бердников ағаштан жасалған күнтізбе, майлық салғыш, түрлі мүсіншелерін саудаға шығарыпты. Оған қарама-қарсы орналасқан Ирина Шурупова тоқыма қуыршақ жасаумен айналдысады. Жұмсақ қуыршақтардың бағасы 2 жарым мың теңгеден басталып, 17 мың теңгеге дейін жетеді екен.
– Көз майын таусып бір қуыршақты тоқып шығу үшін бірталай уақыт кетеді. Асқан табандылықты қажет ететін өте күрделі жұмыс. Күрделі болатын себебі қуыршақтың көлеміне емес, тоқу әдісіне, түрлі бөлшектеріне байланысты, – дейді ісмер.