
Стендап (Stand-UP) – XXI ғасырдағы әзіл-сықақ шоулардың ең мерейлі стилі. Қысқа да нұсқа комедиялық өнер. Әзілкеш бүтін аудитория алдында жеке-дара қойылым қояды. Мұнда күлкі кейіпкері – автордың өзі, көбіне олар қу тілді келеді. Кейбір әзілкеш халыққа өтімді болу үшін музыкалық аспаптарды, вентрилокизмді, қызықты әдістерді пайдаланады. Стендапер алдын ала дайындалған мәтінмен жұмыс істейді, бірақ оны оқымайды, ауызекі айтып береді. Стендап комедиясы әзіл-сықақ клубтарында, барларда, пабтарда, клубтарда, театрларда, демалыс орталықтарында, тіпті саябақтарда қойыла береді. Сонысымен де көпшілікке өтімді.
Бұл заманауи юмор бір адамның күнделікті өмірдегі «қожанасырлығы» десек дұрыс болар. Сол әпенділігін әшкерелей отырып, көрерменді күлкіге қарық қылады. Қазір қазақша стендап елімізде қарқынды дамып келе жатыр. Жастардың дені Жайдарман немесе белгілі әзіл-сықақ театрларына барғаннан гөрі, осы жеңіл әзілдерді жиі тыңдайды. Ойға қонымды, жүрекке жұмсақ әрі санаңызға салмақ түсірмейді. Стенд-аптың ең бір оғаштығы маңайда бала-шаға, үлкен кісілер жүргеніне қарамастан, әзілге бейпіл сөздер араластырып, боғауыз қосады. Сол арқылы автор әңгімесін әрлейді, яки бұл – күлкінің кульминациясы. Таяқтың екі ұшы бар дегендей, бұл заман талабы деп жауырды жаба тоқығанымызбен, дөрекі күлкі қоғамның санасына үлкен соққы. Әсіресе жастардың этикалық қалыбын құртады. Мұны театр майталмандары да мойындауда.
«Бүгін бұрынғы әзілмен көпшілікті күлдіре алмайсың. Себебі заман басқа, уақыт пен талап та басқа. Оның үстіне көрерменнің талғамы өзгерді. Әрине, қазір жеңіл күлкіге әуес болып кеттік. Кейбір жастарымыз тез танымал болғысы келеді. «Жайдарман» ойнаймын деп өздерін театр актерларымен тең ұстайтындары да бар. Артист болу кез келген адамның мазағы емес. Ол үшін де оқу-білім керек, қасиет қажет. Сондықтан мен «Тамашаның» актерларына арзан әзілге әуес болмауды үнемі айтамын. Өйткені біздің өз көрерменіміз бар. Біз жұртты көп күлдіре алмасақ та, көрсеткен әр сатирамыздың астарында шынайы көп дүние жатыр. Көрермен күлу үшін емес, күліп отырып жылап кету үшін келу керек. Өзінің кемшілігін, қоғамда болып жатқан ақиқатты біз ұсынған қойылымдарымыздан көре білуі қажет деп ойлаймын», дейді «Тамашаның» тарланы Асылбек Боранбаев.
Театр майталманының сөзіне сүйенсек, әзілдегі мәдениетті жоғалтпау қажет. Жасыратыны жоқ, мұндағы жастардың әзілі тұрпайылау, әйтсе де осы бағыттағы қалжыңдар оқырманға өтеді. Бір жұмбақ диллема дерсіз. Тарих сахнасына XVIII ғасырда шыққан өнер саласы о баста музыканттардың көрерменнің көңілін көтеру үшін тапқан әдісі еді. Артынан бұл дәстүр ескіріп, әзілкештердің жеке орындауында көрініс тапты. Отаны – Ұлыбритания. Бірақ бізге бұл өнім Батыстан не Еуропадан келген жоқ, көрші Ресейден енді. Қызығы, бұл жанрды орыстардың ортасында жандандырған қазақ баласы екен. Белгілі стандапер – Нұрлан Сабуров.
Енді қараңызшы, сол Нұрлан шоуда үнемі өз ұлтын, әйелін және қызын әзілге қосады. Аздап пафосқа толы шынайы оқиғалар желісін көрермен жылы қабылдады. Ол сөйлеу мәнерімен, мимикасымен, әртістігімен баурап алды. Ең күлкілі нәрсені байсалды жүзбен жеткізеді. «Мен қазақты мазақ қылмаймын, мақтанышпен айтамын. Мысалы, менің әзілдерімді қазақ аудиториясының қабылдауы екіұдай. Біз, қазақтар, жайдарлы халықпыз, бірақ біреуді күлкіге қалдырғанды ұнатпаймыз. Ресейде бұл неғұрлым бөлек. Мұнда олар өздеріне де, басқаларға да бірдей күледі», дейді өзі.
Уақыт өткен сайын әзіл де, оны орындаушы да түрленеді. Сын-сапасы, тақырып аясы кеңиді. Қазір қарапайым халықты бірнеше минуттық монологтар мезі етеді, оған қарағанда қысқа-нұсқа, дәмді әзілдерге сұраныс жоғары. Мұны мойындау қажет. Әрі комиктер белгілі бір образды нысанаға алып, әзілдерін соның аясында өрбітеді.
Қазақстанда онға жуық стендап-клуб бар. Жыл өткен сайын қатары көбейіп келеді. YouTube желісінде жеке арналар ашып, әлеуметтік желі арқылы таралуда. Бұл үрдісті әуелде америкалықтар пайдаланған. Әсіресе түнгі және кешкі шоуларда жас таланттар елге танылуда. Соған сай жекелеген бағдарламалардың да саны артып келеді. Батыста бұл тенденция өткен ғасырда басталған. Ендеше, бүгінгі даму қарқынын өзіңіз ойлай беріңіз. Ақыр соңында, бұл бағыт әлемге таралды. Кеңес идеологиясы жүргізген цензураның салдарынан бұл жоба посткеңестік елдерге енді-енді тәй-тәйлап келе жатыр.
«Стендап спектакльдерінде айтылған әңгімелер автордың жүз пайыз өмірінен алынды деуге келмес. Әдетте монолог 50 пайыз шындық және 50 пайыз көркем «қоспалардан» құралады. Сондай-ақ аздап шыншыл әзілдер де болады, оларда шынайылық басым, ал қалғанын комедияға қиял қосып жеткізеді. Неліктен қазір бұлай болып жатқанын білгіңіз келе ме? Стендап – адамның сахнаға шығып, әзіл айтуы туралы әңгіме емес. Бұл өмірге, адамдарға, сезімдерге, оқиғаларға, табиғатқа деген көзқарастан туған сыршертпе. Ең алдымен, халықты күлдіру басты жоспарға қойылмайды, мұнда әзіл арқылы қоғамның кемшілігін бетке басу бар. Сол арқылы ұрымтал тұсын тауып, күлкіге жығу. Әзілкештің бет-жүзінде әлемдегі қиғаш оқиғаларға деген мысқыл тұрады. Меніңше, бұрынғы сатира, бүгінгі стендапқа ұласқан секілді», дейді стендапер Нұркен Қойшыбаев.
Оның айтуынша, заманауи стендапта әзілкеш қойылымына балағат сөздерді қолдануға тыйым салынбайды. Алайда радио мен теледидарда таратылған кезде мұндай тұрпайы сөздердің орнын арнайы дыбыстар басады.
«Әзілдеп біреуді мазақтау өнер емес» деп түсінетін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев арзан күлкінің сахнаға шыққанын жеткізді.
«Арзан күлкі дегеніміз – көпшіліктің көріп жүрген сөз қуалаған күлкі. Былайша айтқанда, қысыр сөз. «Қысыр сөз күлмекке жақсы» дейді. Сахнада қысыр сөзді мен де айтамын. Халықты күлдіріп, өзіңе қаратып алу үшін ол да керек. «Ойын білмеген бала шешесінің етегін көтеріп ойнайды» деп қатты айтады қазақ. Бізде қазір дәл осындай қалжыңдар қаптап кетті. Ең сорақы, ең арзан, ең масқара күлкі, міне, осы. Баяғы сатираның сайыпқырандарында сахнаға деген үлкен құрмет бар еді, қазіргі жастарда ол жоқ», дейді А.Наймантаев.
Ал біздің есімізге данышпан Абай түседі. Қазақтың рухы мен адамгершілігін бір ізге салған алыптың өсиетіне тағы аялдасақ. Хәкім өзінің төртінші қара сөзінде орынды және орынсыз күлкінің арасына даналық құяды. Тағы бір мәрте көз жүгіртіңізші.
«...әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі – өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рахаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат көріп күл. Әрбір ғибрат алмақтың өзі де мастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады. Көп күлкінің бәрін де мақтағаным жоқ, оның ішінде бір күлкі бар-ау, құдай жаратқан орныменен іштен, көкіректен, жүректен келмейді, қолдан жасап, сыртыменен бет-аузын түзеп, бай-бай күлкінің әнін сәндеп, әдемішілік үшін күлетін бояма күлкі».
Құрметті оқырман, кімге күліп жүргенімізді, неге күліп жүргенімізді білейік!