Қоғам • 09 Тамыз, 2022

Алаяққа арбалған талай жұрттың баласы

1575 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тегін түстеп, аты-жөнін атамай-ақ қояйық. Әнеугүні Б. есімді жерлесіміз телефон арқылы хабарласатын алаяқтардың арбауына түсіп, жиырма миллион теңгеден астам қаражатты бөтен елдің шотына аударып жіберген. Тақырға отырған азамат төрт бірдей банктен 16 миллион теңгенің несиесін арқалап қалды. Құқық қорғау органдары қаскүнемді қолға түсірмек түгілі, ізіне түсе алмай дал болып отыр.

Алаяққа арбалған талай жұрттың баласы

Әлгі азамат тым сенгіш болар ма, тіпті банкте жылдар бойы жинап келген 2 миллион теңге депозитін шешіп, салып жібергенін байқамай қалыпты. Оқиға былайша өрбіген екен. Б.-ға әлдебір ер адам телефон соғып, өзін Ішкі істер министрлігінің тергеушісімін деп таныстырған. Оның атынан азамат Д.-ға бас сенімхат берілгенін және екінші деңгейлі банктерден ол тап қазір Б.-ның атына несие ресімдемек болып жатқанын хабарлайды. Жалған тергеуші тіпті қоңырауды Ұлттық банктің «қызметкеріне» ауыстырып, ол өз кезегінде Халық банкінде «рәсімделген» несие туралы растаған. Зәресі ұшқан Б. жөпелдемеде не істерін білмей сасқалақтағаны анық. Әлгілердің қаскүнем әрекетін қайдан біл­сін, берген нұсқаулықтарының барлығын орындап, «алынба­ған несиені» жабу үшін бірнеше банк­тен қомақты сомада қарама-қарсы несие ресімдейді. Сөйтеді де, бір теңгесін қалдырмай көр­сеткен шотқа қаражатты аударып жібереді. Онымен қоймай, депозиттегі сары майдай сақтап келген ақшасы да кете барады.

Облыстың прокуроры Қайрат Әбдіханов дабыл қақты. Соңғы бір жылда интернет арқылы алаяқтардың арбауына түсіп, қомақты қаржысынан айырылған азаматтар саны тым көбейіп кеткен. Егер 2018 жылы алаяқтық сипаттағы қылмыстардың үлесі жалпы қылмыстық оқиғалардың оннан бір бөлігін құраса, қазір әрбір үшінші қылмыс алаяқтық санатында екенін айтады.

Алаяқтық схемаларда қас­күнемдер көбіне құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін жоғары шенді лауазым иелері­нің атын жамылады екен. Осы жылдың алғашқы жартысында өңірде алаяқтық бойынша тіркелген қылмыс саны 26 пайызға (802-ден 1011-ге дейін), оның ішінде интернет техноло­гияларды пайдалану арқылы жасал­ған қылмыс саны 34,7 пайызға өсіп кеткен. Алаяқтық фактілері ­бү­гінгі күні соңғы онжылдықта ең көп таралған қылмыс түрі – ұрлықтан да асып түсті. Бұл ақпараттық техно­логиялардың белсенді дамуымен байланысты. Күнделікті өмірде смартфондарды, банктік қосымшаларды жиі пайдаланатын, онлайн платформалар арқылы тауарлар сатып алатын және тағысын-тағы құрбандар­ды қаскүнемдер іздеп жүріп құ­рығына түсіреді.

Соңғы кездері инвестиция­лық жобалармен бүркемеленген алаяқ­тықтың түрлері белең ала бас­тады. Өзгені қойып, ел билі­гінің басында отырған лауазымды тұлғалардың фотосуретін қойып қойып, жұртты арбайды. Осы ретте тағы бір мысал айтып өтейік. Павлодар қаласының П. есімді азаматы әлеуметтік желіде Kaz Minerals компаниясына инвестиция салу арқылы табыс табуға болатыны туралы хабарландыруды көзі шалып қалған. Әлгі сайтқа тіркелсе, ғайыптан бір адам телефон шалып, өзінің брокер екенін жеткізіпті. Пайда тапқың келсе, ұялы телефонына тез арада SvchiKorb қосымша­сын жүктеп ал да, ондағы шотты елу мың теңгеге толтыр деп ке­ңес береді. Кейіннен қаскүнем бірнеше сәтті келісім жасалғаны және шотқа «виртуалды табыс» түскені туралы хабарлап, сүйінші сұрайды. Жәбірленуші жалған брокерге сенді ме, әлде өте көп ақшаның буына мастанды ма, одан да көп соманы бірінен соң бірі ашкөздікпен аудара бастаған. Ақыр соңы жалпы сомасы сегіз миллион теңгеге толтырған. Ең қызығы, телефон тұтқасының ар жағындағы алаяқ бұл сомамен шектелтпей, операциялардың көлемін 12 млн теңгеге апарып бір-ақ тіреген. Сөйтіп, ерте­сінде жалған брокердің телефоны сөніп қалады. Осылайша, ойда жоқта олжаға кенелмек бол­ған жерлесіміз аяқастынан сан со­ғып, жәбірленушілердің қата­рын толықтырды.

Облыс прокуратурасының дерегінше, қазіргі уақытта әртүрлі интернет-алаяқтық қылмысын (пәтерді жалға беру, интернетте сату, телефон алаяқтары және т.б.) жасады деген күдікпен 17 тұлғаға қатысты іс тергеліп жатыр. Жыл басынан бері осы са­наттағы істер бойынша аймақта 29 адам сотталды.

 

Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»