
Бұған дейін де аталған фильмді талай мәрте көрдім. Әсіресе маған аңқау, ақкөңіл Мәлікті ойнаған талантты актер Мейірман Нұрекеевтің рөлі ерекше ұнайтын. Жалпы, бұл туындыда соғыс аяқталуға жақын қалған 1944 жылғы оқиға қамтылған. Неміс әскерлері кейін шегінгенде өздері басып алған қалалар мен селоларды өртеп, жергілікті халықты зор шығынға ұшыратады. Сондықтан Қазақстаннан достық көмек ретінде Украина халқына мал айдап апару ұйғарылады. Негізі, бұл болған оқиға. Сондықтан фильм сюжеті соның желісінен алынған. Осы жайында фильм режиссері Амангелді Тәжібаев ертеректе «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында айрықша тоқталған.
«Титрда сценарий авторлары Болат Ғабитов және Сергей Бодров деп жазылғанымен, шын мәнісінде, сценарийдің басым бөлігін жазған Олжас Сүлейменов еді. Бұл өзі шынайы оқиғаға негізделген дүние. Әуелде «Правда»газетіне Қазақстаннан Украинаға ірі қаралар айдап апарылғаны туралы мақала шығады. Сол бойынша сценарий жазылып, оны Мәскеу бекітеді. Түсіру жұмыстарына кіріспес бұрын мен оның жөндейтін жерлері бар екенін айттым. Мысалы, «Алпамыс болсаң да, сиырды үш жарым мың километрге емес, 30 километрге айдап көрші, не болар екенсің! Ит-құс бар, жем-шөбі бар, ол деген оңай шаруа емес, ешкім сенбейді, босқа күлкі боламыз», деймін ғой баяғы. Содан сиырлардың қалай айдалғандығы жөніндегі құжаттарды іздестірдік. Сөйтсек, мал айдайтын адамды Қостанайда екі ай бойы арнайы оқытыпты...», дейді.
Аталған фильмде басты рөлдерді Ж.Құдайбергенов, М.Нұрекеев, Ж.Керімтаева, П.Солдатов, С.Қуанышбаев, Д.Медетбаев секілді белгілі актерлер сомдайды. Режиссер Амангелді ағаның өзі «Тұраш» рөлін келісті бейнелеген. Туындыны түсіру барысында жазылған сценарийге бірқатар өзгеріс енгізіледі. Мәселен, Мәлік бейнесі бастапқыда эпизодтық рөл болғанымен, фильмді түсіру кезінде ол бірте-бірте бас кейіпкерге айналады.
Жалпы, бізді қызықтырған көркем фильм ғана емес, осыған негіз болып алынған оқиға еді. Әрине күркіреп соғыс жүріп жатқанда Қазақстаннан сонау жер түбіндегі Украинаға жаяу мал айдап бару оңай емес. Үкімет адамдары малды қалай жеткіземіз деп мың сан ойға батқан. Пойызбен жеткізуге талай вагон мен қаржы қажет. Сол кезде Әліби Жангелдин: «Қазақ – мал жайын жақсы білетін халық. Олар көшіп жүріп мал бағуға үйренген. Жермен айдап барса болады» деген ұсыныс айтады. Сөйтіп Қостанай облысының Әулиекөл ауданына жан-жақтан жиналған бес табынды Украинаға айдап апаруға шешім шығады. Осы тарихи оқиға туралы мерзімді баспасөзде алғаш қалам тербеген журналистің бірі, көрнекті публицист Нұрмахан Оразбек ағамыз. Ол кісінің алпысыншы жылдары «Лениншіл жаста» жарық көрген мақаласы орысшаға аударылып, «Ленинская смена» газетінде жарияланды. Нұрмахан ағамыз бұл тақырыпқа кейін қайтып оралып, 2009 жылы шыққан «Көрген жерден көз кетпейді» атты кітабында осы жанкешті іске басшылық жасаған Нұрахмет Нұржанов ақсақалмен кездесіп, сол оқиғаны айна-қатесіз жазып алған.
«Маршрут картасы бойынша барар жеріміз 2500 километр, – деп бастады әңгімесін Нұрахмет ақсақал, – ауданнан 600 тұяқ қашар, 113 мама сиыр бөлінді. Қашарлар алдына төрт табын, мама сиыр бір табын, барлығы бес табын етіп айдап шықтық. 50-ден аса адамбыз, ортамызда жол шолушылардың мінісіне төрт ат, тамақ, жүгімізді артатын бес арба, бес шатырымыз бар. 1944 жылдың 10 майы. Жау жаралы жыртқыштай қайырыла қашып бара жатқан кез. Әйтеуір құрғақ тамақ, шай-құрт ірімшік дегендей ғой. Аудан орталығында митинг болып, аупартком хатшысы, ауатком председателі сөйледі. Туысқандық көмектің мән-мағынасын, барар жолдың қиындығын, мақсат-міндетімізді түсіндірді», деген оқиға кейіпкері сөзін әрі жалғап: «Күніне 15-16 киломер аламыз. Жаяу айдап, малды тойдыра, суын қандыра жүріп отырамыз. Сондықтан одан тез жүруге болмайды. Алғашқы межеміз Жітіқара-тын. Алғашқы бір-екі күнде айдаушылар сыр бере қоймаған. «Қуырдақтың көкесі түйе сойғанда» дегендей, бес-алты күн қатарынан жүргесін айдаушылар салбырады да қалды. Әй, зәрем ұшты-ау. Жеткізе алмай, ел-жұртқа масқара болармыз, малдан айырылып қара басар деп қатты қорықтым. Барынша баппен жүруге ұтырлы жерлерді таңдауға тырыстым. Амал не, бұрын ұзақ жолға жаяу жүрмеген жастар, аяқтарын алдырып қойды. Қатты қиналдық. 20-25 күнде барып үйренді-ау жұрт. Содан кейін жүріс қиын болмай қалды», деп еске алыпты сол сұрапыл кезеңді Нұрахмет қария.
Украинаға мал айдап апарған азаматтар жолда түрлі қиындықты бастан кешеді. Қапылыста, жолда жарылған снаряд салдарынан 11 адам қаза болады. Күз түсіп, күн салқындайды. Алайда ірі қара қаншама шақырым жүрсе де онша қоңын бермейді. Сөйтіп бес жарым ай дегенде олар сол кезде Ворошиловград деп аталған қалаға аман-есен жетіп, апарған малды Украина жұртына аман-есен тапсырады.
Айтпақшы, «Ұзақ құс жолы» фильмі 1984 жылы Киев қаласында өткен XVII Бүкілодақтық кинофестивальде қазылар алқасының арнайы жүлдесі мен «Бауырлас елдердің достығы тақырыбын шынайы меңгергені үшін» Украина Жазушылар одағының жүлдесін иеленді.