
Ардақты тұлғаның жүріп өткен өмір жолынан өнегелі ой түюге болады. 1925 жылы Атбасар ауданында кіндік қаны тамған зерделі зерттеушінің балалық шағы қиын-қыстау жылдарға тап келіп, сол кездегі қоғамда орын алған ұжымдастыру, қазақ байларын тәркілеу, отызыншы жылдардағы аштық пен қуғын-сүргінді көзімен көрді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, ер-азаматтардың бәрі майданға алынғанда, біздің кейіпкеріміз 10-сыныпта оқып жүрсе де, соны толық аяқтамастан соғысқа кеткен ұстаздарының орнына ауыл балаларына сабақ берді. Кейін Көкшетау педагогикалық училищесін тәмамдайды. Он жеті жылға жуық орта мектепте мұғалім, Оқу ісінің үздігі атанған ұлағатты ұстаз – 1963 жылы мәдениет саласына ауысып, Атбасар қаласындағы №2 кітапхананы өз қолымен құрды.
Жалпы, Клара Әмірқызының қаламгерлігі мен қайраткерлігі мәдениет саласындағы қызметі тұсында барынша көрінді. Оның себебі де бар: 1954 жылдан бастап Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру саясатымен солтүстік өңірлерге өзге жұрт өкілдері көптеп келіп, қоныстана бастады. Мыңдаған жылдар ата-бабасының жерінде өмір сүріп келе жатқан қазақ халқы енді шеткері қалып, өгей баланың күйін кешті. Ауылдардағы қазақ мектептері жабылып, көптеген елді мекеннің көне атауларының орнына жаңа атаулар қойылды. Сөйтіп, жергілікті жұрт өз тамырынан ақырындап ажырап, жас ұрпақ өзге тілде білім алып, өз тарихынан бейхабар өсе бастады. Осының бәрін көзбен көру – қазақтың тарихын, тілі мен дінін, салт-дәстүрін қадір тұтқан жанға оңай тимесі анық. Әсіресе Атбасар секілді жақсылар мен жайсаңдарға киелі мекен болған өңір осы жағдайды бастан кешті. Соны жан-жүрегімен қабылдай алмаған Клара апа өзі іргесін қалаған №2 кітапхананың жанынан өлкетану мүйісін ашып, ел мен жердің тарихын қайта тірілтуге күш салды. Кейін осы шағын мүйіс Атбасар аудандық өлкетану музейінің бой көтеруіне негіз болды. Оны жабдықтау үшін жаяу-жалпылап, ауылдар мен мұрағаттардан құнды деректер мен жәдігерлерді іздеп, музей қорын жасақтады. Кейін бұл музейден осы өңірдің асыл перзенті, көрнекті жазушы Ілияс Есенберлин мұражайы жеке отау болып бөлінді. Аталған музейге қабырғалы суреткердің жәдігерлерін жинақтау мен экспозициялық залдарды безендіруге де зор үлес қосты.
Әсіресе Әмірқызының Ақмола өлкесінің тарихы мен көне жер-су атаулары жайындағы зерттеу еңбектеріндегі кейінгі жас ұрпақ жадынан шығара бастаған тарихи оқиғалар мен есімдері ескерусіз қалған есіл тұлғалар туралы жазған дүниелері соңғы деректерімен, мазмұндылығымен құнды екендігін мойындаймыз. Мәселен, «Атақоныс ақиқаты» атты кітабында мынадай бір дерек келтіреді: «Ел қамы үшін артында жақсылық ісін қалдырған аға сұлтан Ыбырай Жайықбаев астанаға жақын жерде зиратсыз, белгісіз төмпешік болып жатқанын осы болыстарға қараған ата-баба қоныстар жайын зерттей бастағанда білдім. Ол төмпешіктің қай жерде екенін білетін көзі тірі ұрпағы Қасенұлы Айтмұқыш қарт Ақмола темір жолы стансасының арғы бетіндегі ауылда тұрады» дейді. Ал Ыбырай Жайықбаев өз заманында Ақмола дуанының аға сұлтаны болған тұлға. Күшікбай батырдың ерлік жолы туралы да тағылымды дүние жазды. Өлкетанушының кеңестік саясаттың кесірінен еріксіз бұрмаланған ел мен жер-су атаулары жайында жазған дүниелерінен көп мәлімет аласыз. Мысалы, 1993 жылы жарық көрген «Ауылым атамекенім» атты жинағындағы «Ауыл басы – Атбасар» деген мақаласында «Атбасар» атауы қайдан шыққаны туралы ой толғап, соған байланысты жазылған архивтегі құжаттарды алға тартады. «Жартылай көшпелі қоныстанған бұл аймақтың еш уақытта қаңырап бос жатпағанын тарих қойнауына тереңдей түскен адамның байқауына мол мүмкіндік бар. Тым алыс кеткен тарихқа бармағанның өзінде XVIII ғасырда біз отырған аймақты Абылай хан ауылдары қыстағаны белгілі. Тройцк бекінісінің қоменданты П.Роденге 1761 жылы 3 шілдеде Орта жүз қазақтарының Қытаймен қарым-қатынасының жайын білу үшін Абылай сұлтанның тұрағына барып қайтқан тілмашы Ф.Гордеевтің хабарламасында былай дейді: «Абылай солтан кочует при речке Ж.Атбасар (Жабай К.Ә.) и урочище Колутон при горе ж. Зиланды тав (Жыланды тауы Шаңтөбе маңында Қ.Ә) то есть при Зменной горе». Осы деректің өзі Атбасар атауын әр саққа жүгіртіп, ойдан болжамдар туғызып жүргендерге Атбасардың қашаннан аталатынын көрсетсе керек» деп қадап жазады автор.
Көзі тірісінде ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанып, соны барынша дәріптеген Клара апа ешқашан жолынан жаңылып көрмегенін оны білетін азаматтар жыр қылып айтады. Соның бір дәлелі ретінде еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» ұжымы Алматыдан астанаға қоныс аударғанда оларды алдарынан шығып күтіп алып, қазақы жөн-жобамен алғаш ерулік бергенін осында қызмет істеген аға журналистер әлі күнге аузынан тастамайды.
Сондай-ақ ол кісі қаламгерлігі мен зерттеушілігінен бөлек, өмірге бес бала әкелген аяулы ана. Бүгінде балаларының бәрі ел қатарлы азаматтар. Кейіпкеріміз туралы бұрынырақта жазған мақаламызда қызы Гүлнәр апайдың анасы туралы қысқаша естелігін жазып алғанбыз. Сонда қызы анасының өте байыпты, мәдениетті, сыпайы жан болғандығын айтып еді.
«Анам қандай да бір адам туралы сыртынан артық сөз айтпайтын. Ұлттық құндылықтарды ерекше бағалайтын. Жүрген жерінде соны дәріптеп отыратын. Анам үй тіршілігіне пысық, асты өте дәмді әзірлейтін. Әкем екеуі өмірден бір-бірін қатты сыйлап өтті. Көлікті де өзі жүргізетін. Анам өзі барда жазған барлық дүниесін кітап қылып шығарды. Қазір жеке архивінде зиялы азаматтармен жазған хаттары сақталған. Онда ұлттық құндылықтар туралы өзекті ойлар қозғалған. Анамды жерлестері ешқашан ұмытқан емес. Үнемі еске алып отырады. Соған біз қуанамыз», деп анасын сағынышпен еске алып еді.
Шынында, айтулы жерлестерін атбасарлықтар ерекше қадірлейді. Көзі тірісінде Атбасар қаласының құрметті азаматы атанса, өмірден өткеннен кейін туған шаһарының көрнекті жерінен Клара Әмірқызына көше берді. Осыдан жеті жыл бұрын Атбасарда өлкетанушы қаламгердің тоқсан жылдығы кеңінен атап өтілді. Зерделі жанның қайсар қаламынан туған «Ауылым Атамекенім», «Қиылған ғұмырлар», «Аза тұтар ардағымыз», «Атақоныс ақиқаты», «Атақоныс аманаты» атты бірегей еңбектері осы бағытта еңбек етіп жүрген зерттеушілердің қолынан түскен емес.
Жетпіс жылдан аса ғұмыр кешкен саналы өмірінде туған еліне дабырасыз, аянбай қызмет істеп, соңына қазыналы дүние қалдырған өлкетанушы қаламгердің дүниеден озғанына биыл 20 жыл толса, енді үш жылдан кейін туғанына жүз жыл толады. Осы ретте өмірінің біраз бөлігі өтіп, бұрынғы Ақмола, қазіргі астананың қазақылануына үлесін қосқан, ақырғы мекенінің топырағы да осы жерден бұйырған Клара Әмірқызының есіміне елордадан бір көше берілсе артық болмас еді дейміз.