Әдебиет • 12 Қыркүйек, 2022

Нысанбай жырауды неге ұмыттық?

2652 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әуелі тарихты әдебиеттен оқып, кинодан тоқыған әлдеқайда сіңімдірек, көкейге қонымдырақ деген ойдамыз. Өйткені жасынан құмартқан оқушы болмаса, тарихи құжат пен тақ-тұқ еткен деректі екі жастың бірі қабылдай бермейді. Есейіп толысқан сана болмаса. Бұл орайда әдебиеттің жөні бөлек дер едік. Рас, кино – сол әдебиеттің баласы, бел баласы да емес, немере, шөбересі. Поэзия мен прозадан шыққан драматургия театрдан кейін киноға ойысқанын ескерсек, солай.

Нысанбай жырауды неге ұмыттық?

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстан Ком­пар­тия­сының орталық комитетінде біздің ұлт тарихының жоспары талқыланып, бір жазушы «Кенесары көтерілісін тарихқа қосуға әлі ерте, қоя тұрайық» депті. Сонда ұлы Мұхаң, Мұх­тар Әуезов: «Қазақстан тарихына Кенесары тақырыбы қо­сылмаса, ондай тарих кімге керек?» десе керек. Осыдан кейін Әуезовті заңғар жазушы ғана емес, заманының батыры, Алаш арыстарының заңды жалғасы демей көріңіз?! Сол Кенесары ханның Алаш азаттығы үшін орыспен соғысын Нысанбай жыраудай жырлаған ақын жоқ, қазақ әдебиетінде есімі атала бермегенімен. Кенесары, Наурызбай заманындағы қазақ поэзиясының озық үлгілерінің бірі ретінде мына шумақты келтірсек те жетіп жатыр:

«Халық иесі хандарды

Қалай айтсам мін бар ма?!

Шегірткеге таланған

Қырғауылда жүн бар ма?!

Жапалақтан сескенген

Жалғыз қазда үн бар ма?!

Хандарынан айырылған

Иесіз жұртта сын бар ма?!

Кенесары, Наурызбай

Бір көрінер күн бар ма?!»

дейді Нысанбай жырау Жаман­құлұлы. Ханы кетіп, басшы­сыз қалған елдің мүсәпір ха­лін қалай көркем суреттеген?! Бүгінгі мен деген ақындар­дың аузына түсе бермейтін «шегірткеге таланған қыр­ғауылды» естігенде небір ға­жап суреттер мен сұрақтар кө­кейге келеді.

Қазақ даласында хандық билік тоқырап, яғни біздің елдің дербестігі қолдан кете бастаған тұсында туған Нысан­бай жырау – Кенесары хан орысқа ашқан соғыстың басы-қасында жүрген бірегей тұлға. Ханның жорық жырауы, көп ішінен қалаған ақыны есебін­де. Соңында қалған мұрасы «Кенесары-Наурызбай» жырын тебіренбей оқу мүмкін емес. Қырғыздармен соғысын қапысыз суреттеп, шайқастың табиғатын дәл береді. Оқиғаның ортасынан репортаж ұсынатын жыраулардың қашанғы әдетін ғана көрмейсіз, бағамдаулар мен байыптаулары да әртарапты ойларға жетелейді. Оқиғаның ортасынан репортаж ұсынатын жыраулардың қашанғы әдеті дегенге тосырқайтын түк те жоқ. Бұқар жырау «Қалданменен ұрысып, жеті күндей сүрісіп» деп дәл майдан ортасынан ­бас­­тамай ма әңгімені. Нысан­бай жырауда да кездесіп баға­­ды ондай тұстар. Айқастың «әке­сін көрістіріп», жекпе-жектің «жанын шығарып» көрсетеді. Қаншама батырды түгендеуге болады. Бір әттеген-айы, дас­танның толық нұсқасы жет­пе­ген сыңайлы.

Мұхтар Әуезов «Хан Кене» атты бес перделі тарихи пьесасына Нысанбай жырауды қосып қана қоймай, одан бөлек, шығармашылығына арнайы тоқталған. «Қайғылы оқиғаның қызығы мен қайғысының ортасында болған ақын дастанды шындыққа ғана құрып, кестелі тілмен суреттей жазған. «Кенесары-Наурызбай» жо­рығы туралы кейінгі талай ақын түрлі өлең шығарса да, дәл Нысанбай жеткен өріске жеткен емес. Нысанбай жырында оқушының көз алдында ағып отырған қандай қызулы, жанды шындық бар. Бұл өлең ақын қиялының еріккендегі ермегі емес. Барлық сөзінде сол жорықтың қуанышы мен қайғысын кеше ғана көз алдынан өткізген, көзі көргеннің жаңалығы бар. Көп қолмен бірге кешегі тарыққан қайғы, мұң, арманы бар», – деп жазған.

Ақын Әбділдә Тәжібаев: «Мұхтар Әуезов өте ірі тұлға және көреген ақын деп санаған Нысанбай – XIX ғасырда өмір сүрген Кенесары ханның ең жақын достарының бірі, оның сүйікті жырауы. Нысанбай жырлаған Кене хан біздің дәуі­ріміздегі ең ірі тарихи дастан­дардың бірі және соңы деуге болады. Кене мен Наурызбай­дың набыт болған күндеріне дейін барлық трагедиялық қайшылығын түгел жеткізе сурет­теген қазақ елінің сүйікті дастаны. Бұл дастан кейін Кене ханмен бірге жабылды, оны ауызға алу қылмыс саналды. Сол ғажайып дастанның босанар күні бүгін туды. Жаңа ұрпаққа, талантты оқырман қауымға ұсыну керек», деген.

Әуезов бастап арнайы тоқ­­талған Нысанбай жырау шы­ғармашылығын Есма­ған­бет Ысмайылов та зертте­ген. Әдебиетші ғалым соғыс­тан ке­йінгі репрессияда тұт­қын­далып, тергелгенде сұрақ­тардың көбі осы дас­танға қатысты өрбігенін ака­демик Мәмбет Қойгелді жері­не жеткізіп жазады. Атал­ған шығарма 1875 жылы С.Жантөрин мен Т.Сейда­лин­нің аударуымен «Записки Оренбургского отдела императорского русского географического общества» журналында жарияланыпты. 1912 жылы Қазан қаласында белгілі әдебиет жинаушысы, ақын Жүсіпбек Шайхисламұлы жеке кітап етіп бастырған. 1923 жылы Ташкентте Х.Дос­мұха­медұлының құрастыруымен жарық көрген. Алғысөзінде Х.Досмұхамедұлы: «…Ны­сан­бай ақынның «Кене­са­ры-Наурызбай» деген сө­зін дұ­рыстап, 1896 жылы Ә.Ди­ваевқа берген Ж.Басығара­ұлы екен. Біздің естуімізше, Жү­сіп­бек Сумұрын Жаппас Ораз деген ақынға жазды­рып алған «Кенесары – Нау­рызбайды» баспаға бермес­тен бұрын бірқатар қыр­ғыз туғанымыздың оқы­ған­да­ры­на көрсетіп, олардың сынына салдық, олар жағынан бөтен сөз болған жоқ», дегенін айтады.

Дастанды біз 1993 жылы шыққан «Хан Кене» жинағы­нан оқып мағмұрланған­быз. Одан беріде алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді іздеп, насихаттап жүргенін білеміз. Қазақ әдебиеті мен тарихының баға жетпес дүниесі әлі де болса зерттеп, талдауды қажет етеріне күмән келтірмейміз.