
Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша, жаһандық доданың кезекті тур ойынын Өзбекстан құрамасымен өткізген жерлестеріміз 3:0 есебімен жеңіске жетті. Халықаралық ірі-ірі жарыстарда бақ сынап, жүлделі орындардан көрініп жүрген Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев пен Денис Жолудев оңтүстіктегі көршілеріміздің спортшыларына еш мүмкіндік қалдырмады. Үш теннисшіміз де қарсыластарын 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Әлем чемпионатының алғашқы екі турында Франция мен Германиядан жеңіліп, кейіннен Өзбекстаннан басым түскен біздің теннисшілер кеше Үндістанмен ойнады. Осылайша, Қазақстан құрамасы алғашқы жеңісінен кейін турнир кестесінде Франциядан кейінгі 2-орынға көтерілді. Айта кетейік, алғаш рет 1926 жылы Англияда ұйымдастырылған үстел теннисінен әлем чемпионаты биыл 56-мәрте өткізіліп жатыр. 2000 жылдан бастап командалық әлем біріншілігі мәртебесін алған биылғы сайыста әлемнің 36 елінен келген 60 команда бақ сынап жатыр.