
Астанадағы Ұлттық теннис орталығында орналасқан Beeline Arena спорт кешенінде өтіп жатқан бәсекенің екінші күнінде жарыс жолына Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Александр Бублик шығып, Astana Open ATP 500 турнирінің екінші айналымына жолдама алды.
Өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсеткен жерлесіміз алғашқы кезеңде әлемнің 54-ракеткасы нидерландтық Таллон Грикспурмен шеберлік байқасты. Жалпы, кешегі ойынға дейін қарсыластар бір-бірімен өзара екі рет кездесіп, екеуінде де Бубликтің асығы алшысынан түскен еді. Бұл жолы да Александрдың бағы жанды. Астанадағы матчтың бірінші партиясында Бублик қарсыласына бірде-бір сет бермей, 6:0 есебімен жеңіске жетті. Бірінші кезең небәрі 21 минутқа созылды. Екінші сетте Т.Грикспур қателіксіз ойнап, таразы басын өзіне аударды – 6:4. Александр алғашқы сеттегі жеңісінен кейін еркінсіп кетті ме, әйтеуір бұл партияда брейк-пойнттарын ұтымды пайдалана алмады. Есесіне ондай мүмкіндіктерді қарсыласы мүлт жіберген жоқ.
Үшінші, шешуші партияда есеп 2:1 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасап, кейіннен өз геймінде де жеңіске жетті – 4:1. Алтыншы геймде де тағы бір брейк жасап, 5:1 есебімен партияны аяқтауға жақын тұрған еді. Бірақ кейінгі екі геймде Грикспур де брейк жасап, есеп айырмасын қысқартты – 5:3. Дегенмен Александр допты ойынға қосқан өз геймін сәтті аяқтап, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Бір сағат 40 минутқа жалғасқан бәсекеде А.Бублик 15 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.
Бублик бүгін екінші айналымда әлемнің 10-шы, осы жарыстың 7-ракеткасы Польша өкілі Хуберт Хуркачпен кездеседі. Ол бірінші кезеңде аргентиналық Франсиско Черундолоны (29) екі сетте – 6:2, 7:6 есебімен тізе бүктірген болатын.
Сондай-ақ әлемнің төртінші ракеткасы ресейлік Даниил Медведев те екінші айналымға жолдама алды. Ол тұсаукесер кездесуінде әлемдік рейтингте 40-орында тұрған испаниялық Альберт Рамосты екі сетте – 6:3, 6:1 есебімен еш қиналмай ұтты. Медведев екінші кезеңде финляндиялық Эмиль Руусувуоримен (53) ойнайды. Сонымен қатар хорватиялық Марин Чилич те жарысты сәтті бастады. Ол германиялық Оскар Оттені үш сетте – 7:5, 6:7, 6:2 есебімен сүріндірді.
Ал әлемнің оныншы ракеткасы Андрей Рублёв екінші айналымда қытайлық Чжичжень Чжанды ұтып (6:3, 6:2), алғашқылардың бірі болып ATP 500 Astana Open турнирінің ширек финалына шықты.
Жұптық сында бақ сынаған қазақстандықтар Андрей Голубев пен Александр Недовесов бірінші айналымда франциялықтар Адриан Маннарино мен Фабрис Мартенге жол берді – 6:3, 4:6, 9:11. Осылайша, Астана додасында Қазақстаннан тек А.Бублик қана қалды.