
Осы жаздың шілде айында тартылған жеребе қорытындысы бойынша, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының негізгі іріктеу кезеңінде Словения және Черногория құрамаларымен бесінші топта ойнайтыны белгілі болды. Жалпы, Қазақстан мен Словения футзалшылары бүгінге дейін халықаралық ойындарда үш мәрте кездесіп, соның тек біреуінде ғана жерлестеріміздің мерейі үстем болған еді. Қалған екі кездесуде құрамалар тең нәтижемен тарқасқан болатын. Ал Черногория құрамасымен биыл бірінші рет кездеспек.
Бесінші топтағы алғашқы іріктеу ойыны қыркүйекте Словенияда өтіп, жергілікті футзалшылар Черногориядан келген қарсыластарын 3:1 есебімен тізе бүктірді. Сөйтіп, бірінші жеңісіне және алғашқы үш ұпайына қол жеткізген словениялықтар Қазақстанға бесінші топтың көшбасшысы ретінде келді.
Елордадағы ескі қарсыластардың төртінші ойыны тең дәрежеде өтті деуге болады. Себебі екі құрамада да гол соғып, есепте алға шығатын бірнеше мүмкіндік болды. Тек Словенияға қарағанда гол соғатын оңтайлы сәтті мүлт жібермеген біздің жігіттер жеңіске жетіп, «Жекпе-жек» спорт кешеніне жиналған жанкүйерлерді қуанышқа бөледі. Кездесудің жетінші минутында Дугластың бұрыштамадан қосқан добынан кейін Альберт Ақбалықов ойынның есебін ашты – 1:0.
Қазақстан құрамасының футзалшылары екінші таймда да өте белсенді ойнағанымен, Словения қақпасына бір доптан артық гол соға алмады. Жерлестеріміз есепті еселеуге қанша тырысса да, көздеген мақсатына жете алмай біраз әбігерге түсті. Матчтың аяқталуына бес минут қалғанда Словения құрамасының бас бапкері тәуекелге бел буып, қақпашының орнына алаңға бесінші ойыншыны шығарды. Қарсыластың кезекті бір шабуылы нәтижесіз аяқталып, олар допсыз қалғанда Дуглас бос қалған қақпаны дәл көздеп, ойынның нүктесін қойды – 2:0.
Осылайша, Қазақстан құрамасы алғашқы ойында Словенияны жеңіп, үш ұпаймен бесінші топта көш бастады. Ал екі матч өткізген словениялықтарда да үш ұпай бар, бірақ жеке кездесуде жерлестеріміздің мерейі үстем болғандықтан олар әзірге екінші орынға түсіп қалды. Қазақстан құрамасы келесі ойынын ертең, яғни 12 қазанда сырт алаңда Черногориямен өткізеді.
Еуропа футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) ережесі бойынша, Кәрі құрлықтағы әлем чемпионатының іріктеу бәсекелері бес сатыдан тұрады. Бұл – екінші іріктеу кезеңі. Негізгі іріктеу сатысында Еуропаның 36 ұлттық құрамасы үш-үштен 12 топқа бөлініп, ойнап жатыр. Топтық кезеңнің ойындары 2022 жылдың 12-21 қыркүйегі, 3-12 қазаны, 6-9 қарашасы және 2023 жылдың 27 ақпаны мен 8 наурызы аралығына жоспарланған.
Топтық кезеңде бақ сынайтын құрамалар бір-бірімен үйде және сырт алаңда бір-бір ойын өткізеді. Нәтижесінде, әр топтың жеңімпаздары мен екінші орын алған төрт үздік команда элиталы кезеңге тікелей жолдама алады. Ал екінші орын иеленген қалған сегіз команда 2023 жылдың 10-19 сәуір аралығында өтпелі ойындар арқылы тағы төрт жолдаманы сарапқа салады. Сөйтіп, іріктеудің элиталы кезеңіне 20 құрама қатысып, олар төрт-төрттен бес топқа бөлініп ойнайды. Әр топта жеңімпаз атанған құрама әлем чемпионатына жолдама алса, екінші орын алған құрамалар бір-бірімен ойнап, қосымша екі жолдамаға таласатын болады.