
– Егер менен осы турнирдегі ең үздік ойыныңыз қайсы болды деп сұраса, ойланбастан финалдық матч деп жауап берер едім. Өйткені мен финалда ойынды агрессивті түрде бастаған мықты қарсыласпен жолықтым. Ол кортта мені ыңғайсыз сезіндіру үшін барын салды. Оны сездім де. Бірақ мен ештеңеге қарамай, өз ойынымды ойнауға тырыстым. Кейінгі екі апта мен үшін өте табысты өтті. Алдыңғы аптада Тель-Авивтегі турнирде топ жарсам, бұл аптада Астанада олжалы болдым.
– Новак, Астана немесе Қазақстан дегенде сіздің ойыңызға бірінші қандай ой келеді? Бір сөзбен айтыңызшы.
– Бір сөзбен? Қиындау екен (күліп). Болат (Өтемұратов). 2019 жылы мен Астанаға алғаш рет келген едім. Сол кезден бастап Қазақстан дегенде ойыма бірінші Болат келетін. Біз өте жақсы араласамыз, ол менің отбасымды, командамды жақсы біледі, ағаммен жақын араласады. Сол кезде ол мені қайырымдылық матчында өнер көрсетуге шақырды. Осы жолы да Қазақстанға қайта келу мүмкіндігі бұйырғанына өте қуаныштымын. Қаланы аралап көруге уақытым болмады. Дегенмен астаналарыңыз инфрақұрылымы дамыған, сән-салтанаты келіскен қала екен. 2019 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президентімен кездестім. Осы жолы да Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен оның сарайында жүздестік. Адамдардың қонақжайлығына тағы таңдандым. Мұнда теннисті шынында да жақсы көреді екен. Жанкүйерлер де әлемдік теннис жұлдыздарының өнерін үнемі бақылап отыратыны аңғарылады. Ел Президентінен бастап қарапайым спортсүйер қауымға дейін. Бәрі теннисті қолдайды, ойнайды. Елена Рыбакина «Уимблдонда» жеңімпаз атанды, Қазақстанның «Дэвис кубогіндегі» командасы да өте жақсы өнер көрсетіп жүр. Олар өз елінде осы спорт түрінің дамуы үшін бәрін істеп жатыр деп айта аламын.
– Сіз бірнеше рет қазақстандық жас теннисші Бейбіт Жұқаевпен жаттығып үлгердіңіз. Оның болашағы туралы не айтар едіңіз?
– Меніңше, ол – мен көрген жас теннисшілердің ішіндегі соққысы жойқын спортшылардың бірі, рас айтамын. Біз командамызбен оның соққысы мықты екені туралы пікірлескен болатынбыз. Сондай-ақ біз оны Сербияға шақырып, кейде өзімнің теннис орталығымда менімен бірге жаттығуы туралы сөйлестік. Менің ол туралы пікірім өте жақсы. Оның шынында болашағы зор, әлеуеті мықты. Егер жаттығуын тоқтатпай, еңбектене берсе, алдағы уақытта табысты теннисшінің бірі болады.
– Сіз теннис короліне айналмай тұрып, бір кездері теннис мамандары, жанкүйерлері сізді ханзада деп атайтын. Қазір өзіңіздің ізбасарыңыз ретінде кімді айтар едіңіз?
– Жоғары бағаңызға рахмет (күліп). Қазір теннистің болашақ королі кім екенін болжау қиын. Менің ойымша, біздің спортты ғажап деңгейге көтеріп жатқан жас ойыншылар аз емес, солардың бірі – Стефанос Циципас (финалдағы қарсыласы). Биыл тамаша маусым өткізіп жатқан әлемнің бірінші ракеткасы Карлос Алькарасты да атап өтпесем болмайды. Бүкіл теннис қауымдастығына «үлкен үштікпен», яғни – Федерер, Надаль және менімен қоштасу қиын екенін түсінемін. Біздің қатарға Энди Маррейді де қосуға болады. Біз 15 жыл бойы теннистің алдыңғы қатарында болдық. Бірақ қазір «Үлкен дулығаны» жеңуге қабілетті жастар пайда болып жатыр. Бірақ біз Рафа екеуміз бұрынғыша мықтымыз және оларға үлкен аренада әлі де қарсылас болуға тырысып бағамыз. Бұл спорт үшін жақсы.
– Егер Astana Open келесі жылғы АТР күнтізбесіне енетін болса, Астанаға қайта келесіз бе?
– Астанаға келесі жылы келер-келмесімді нақты айта алмаймын. Себебі оған дейін бір жыл уақыт бар. Бірақ елдеріңізге турист ретінде немесе теннис турнирінің қатысушысы ретінде қайта оралғым келеді. Мұндағы адамдардың мені жылы қарсы алғаны сонша, бір күні қайтып келетініме сенімдімін.
Жазып алған
Әли БИТӨРЕ,
«Egemen Qazaqstan»