Аймақтар • 15 Ақпан, 2023

Итке сырға не керек?

214 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кейінгі уақытта итке таланған бала көбейгеніне қарамастан, қаңғыбас иттердің құқығын қорғаумен әуреленіп жүрген әлдекімдердің «арқасында» бұралқы жануарлардың саны еселене түскен. Керекуде қалалы жерлер тұрмақ, ауылдардың өзінде тұрғындар балаларының өмірі үшін қауіптенетінін айтады. Ал облыс орталығындағы волонтерлер көше кезген жануарларды сырғалауға көшті.

Итке сырға не керек?

Ішінде арнайы чипі бар сырға-таңбаның нөмірі «Tan­ba» бірыңғай базасына енгізі­ліп, әлгі иттің биозарарсыз­дан­дырылғанын ай­ғақтайды екен. «Сердце Павло­дара» қорының жетекшісі Мария Гребанкина қаңғыбас иттерге арналған сыр­ғалардың алғашқы пар­тиясы сатып алынғанын, ол жа­қын арада жануарлар тері­сіне енгізілетінін айтады.

– Азаматтар мұндай бел­гісі бар жануарлардың кас­тра­ция­дан немесе стерилизация­дан өткенін біле алады. Біз жергілікті вете­ринарлық стансамен сөйлесіп, келісімге келдік. Мұндай ит­тер­дің қауіпсіз екенін, оларға тиіс­пеу қажет екенін біледі, – дейді ол.

Бұған дейін қоғамдық бел­сенді облыс орталығында иттерді биозарарсыздандыруға арналған әлеуметтік орталық ашылатыны туралы хабарлаған еді. Болашақ клиникаға қала тұрғындары қаражат жинап, жиһаз және қа­жетті заттарын сатып әперді. Дей тұрғанмен, ұйымның штатында әзірше ветеринар жоқ, маманды сырттан жалдауға тура келіп отырған көрінеді. Ал ит­терді зарарсыздандыру ақылы түрде жүзеге асып жатыр. Сон­дық­тан көше кезген барлық жануарды қамту мүмкін емес екені айқын.

Бір қызығы, бұл орталықты ұйымдастырушылардың қаң­ғыбас иттердің мәселесін кас­трация жасаумен шешеміз де­гені ойға сыймайтындай. Ве­теринар мамандардың сөзіне құлақ түрсек, кестірілген жануар­лар кейін көбіне ызақор, қа­баған болып кетеді. Жануарларды қорғау стандартын енгіземіз деп арнайы заң қабылдадық. Бұралқы жануарлар өздерінің заңмен қорғалғанын әбден біліп алса керек, бүгінде елді мекендердің кез келген жерінде тайраңдап, бала-шағаның көзінше ұйығып жүре береді. Жуықта Павлодар ауылының тұрғындары мектеп ауласында күні-түні иттер жүретінін, балаларының өмі­рі үшін алаңдайтынын айтып дабыл қақты. Алайда жергілікті әкімдік оларға қарсы шара қол­дануға қауқар­сыз. Әкім­дік­тегілер ата-аналарға иттер­дің ие­лерін өздерін тауып алың­дар деп сілтей салған. Ал жер­гілікті ветеринарлық мекеме мамандары оларды торға қамап ұстап алуға әрекеттенгендерімен, түк шықпапты.

Кейінгі уақытта баланың да, кәрінің де берекесін қашырып қоймай, тіпті көше кезген ала­байдың жеткіншекті талап өлтір­генін де естіп білдік. Адамдар иттен осыншама зардап шегіп, бейбіт күнде балғындарды жазым етіп жатса, қолданыстағы заңның шикілігін білдірмей ме? Ит ұстайтын азаматтардың жауап­кершілігін күшейтпей, солқылдақ заңымыз әлі талай баланың сорын қайна­татындай.

 

Павлодар облысы