Денсаулық • 17 Сәуір, 2023

Ұйықтай алмаудың зардабы

2315 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Әуелден адам өмірін жеңілдетеді деп топшылаған технологиялардың мүмкіндігі молайған сайын, ел-жұрттан ұйқы қашып, маза болмай жүр, «күн мен түнім алмасып кетті», «ерте ұйықтай алмай жүрмін» деген сипаттағы шағымды жиірек еститін болдық. Түн ұйқысы тыныш болмаған адамның күндіз әлі құрып, әбіржіп, біраз уақыт дел-сал күйге түсетінін біліп қалдық. Аз ұйықтап, көп жорту ағзаға артық салмақ салмай ма деген сұрақ көпті мазалағанымен, екінің-бірі дәрігерге қаралмайтынын тағы білеміз.

Ұйықтай алмаудың зардабы

Адам әр кез бір уақытта ұйықтап, оянуды дағдыға айналдыруы керек. Кешкі 22.00-ден 00.00-ге дейін қандай да бір гормондар бөлінеді деген сипатта көптің айтатын болжамы жай ғана миф екен. Сол секілді таңға жуық адам қалың ұйқыда болады деген де бос сөз. Сомнологияда ұйқының баяу және жылдам деген екі фазасы болады. Тиісінше осы фазалар бірінен соң бірі келіп отырады. Егер таңға таяу ұйқының жылдам фазасы келетінін ескерсек, онда осы мезгілде керісінше, адам сергек ұйықтайды. Күніне адам 5-тен 15-ке дейін түс көрсе, таңға жуық сергек ұйқыда көрген түсі ғана есінде қалатыны осыдан

 

Ұйқысыздықтың диагнозы бөлек

Ұйқысыздықтың себеп-салдары көп болғанымен, бірден айтайық, ұйқы безінің ұйқысыздыққа бәлендей қатысы жоқ. Мұны медицинаның ұйқыны зерттейтін саласы сомнология растайды. Сомнологияда ұйқысыздықтың жедел және созылмалы түрі болады екен. Жедел ұйқысыздықта адам бірнеше күн мазасызданып, ұйықтай алмағанымен, кейін ұйқысы қалпына келеді. Егер адам екі айдан аса уақыт ұйқысыздықпен алысса, онда ол ұйқысыздықтың созылмалы түрі болуы да әбден мүмкін. Ұйқысыздықтан қажығандар қайда барып, кімнен көмек сұрау керек екенін әсте білмейтінін айттық. Себебі денсаулығына күдіктеніп, дәрігерге қаралғандар да ұйқысын реттей алмай, әуре-сарсаңға түсетін жайттар кездеседі. Мұның себебін елдегі медициналық оқу орындарында сомнология курсының жоқтығымен байланыстыруға болады. Кеңес үкіметі тұсында да дәрігерлер ұйқысыздықты басқа аурулардың симптомы ретінде қараған. Мысалы, пациентте психологиялық ауытқу байқалса, ұйқысы бұзылады. Яғни бұл дерттің емін психиатр­ жүргізеді деген сөз. Науқастың жүрегі ауыр­са да солай, ұйқысы бұзылғанымен қосып кардиологтер емдейді. Бұл тізімді жалғай берсек, ұйқының ағзадағы өзге ауруларға байланысы бар екенін білеміз.

Қазір Еуропада сомнологияға бүтін бір ғылым ретінде қарайды, зерттейді. Өйткені олар ұйқысыздық симптом ғана емес, ауру екенін анықтады. Ағзада басқа аурудың «екпінінен» пайда болған ұйқысыздық сол ауруды емдеп-жазғаннан кейін ғана қалыпқа келеді. Өкінішке қарай, ұйқысыздықтың шамамен 80 пайызы симптомнан туындамайды. Халықаралық классификацияға сәйкес, созылмалы ұйқысыздыққа бөлек диагноз қойылады. Бірақ оның атауы ұйқысыздық емес, «инсомния» деп аталады. Науқасқа «созылмалы инсомния» диагнозы қойылады. Бұл диагнозды сомнолог дәрігер ғана қоя алады. Инсомнияда науқас түнде шырт ұйқыда жатқанда демін бүгіп, ауыр тыныс алады. Бұйығып көп ұйықтайтындармен қоса, түн ортасында оянып, тыпыршып жата алмайтындар бар. Ұйқының бұзылуынан пайда болатын аурулар көп. Медицинасы өркендеген елдер ұйқысыздық туралы зерттеп, күні бүгінге дейін ізденістен қол үзбесе, посткеңестік елдерде ұйқысыздықтың салдары туралы білетіндер некен-саяқ. Қала берді, ұйқысыздықты емдейтін мамандар аз. Қалай дегенде де ұйқысыздықтың себеп-салдарына ең бірінші кезекте психологиялық фактор әсер етеді. Ұйқысыздықтың нақты неден пайда болатынын анықтау қиын дедік. Бірақ ұйқысыздыққа душар ететін – көбіне психологиялық фактор. Ұйқысыздықпен алысып жүрген адамдардың 60-70 пайызы депрессиядан қиналады екен.

 

Смартфонның ұйқыға кері әсері

Энергетиктер иммунитетке әсер етеді, мидың белсенділігін арттырады. Энергетиктің ықпалымен адамның миы демалмайды. Түнде ми тынықпаған соң, күндіз ұйықтау да қиын. Энергетиктер бір қарағанда адамның күш-қуатын арттырып, өзін жайлы сезінуге септес­кендей көрінгенімен, шын мәнісінде, әсері мүлде басқа. Энергетиктер миға ағзаның шаршағаны туралы хабар жеткізетін рецепторлардың жолын бөгейді. «Миды алдайды». Шаршаған кезде ағза шаршағаныңды білдіріп, ұйықтайтын уақыт таяғанын ескертеді. Алайда энергетиктің күшімен адам шаршағанын ұмытып, күш-қуаты то­лыс­қан­дай күй кешеді. Мұндай сусындардың денсаулыққа қалай әсер ететінін осыдан-ақ бағамдай берсек болады.

Озық технологиялардың мүмкіндігі молайған заманда смартфон, гаджеттердің де ұйқысыздыққа әсері барын жоққа шығара алмаймыз. Смартфоннан түскен жарықтан адам ағзасы күндіз бен түнді ажыратуға қиналады екен. Мұны біз емес, сомнолог дәрігер, психотерапевт, Ұйқы медицинасы орталығының құрылтайшысы Виктор Хан айтып отыр.

– Қас қарайғанда адам ағзасы демалатын уақыт таяғанын біледі. Смартфоннан түскен жарықтан ағзаға «әлі кеш батқан жоқ» деген дабыл жетеді. Білсеңіздер, қазір ақылды смартфондарда түнгі режім деген бар. Бұл біздің ағзамыз күндіз бен түнді алмастырып алмауы үшін жасалған. Сонымен қатар біз ашық ақпарат ағынынан бір түнде көл-көсір мәлімет аламыз. Тіпті Еуропа ғалымдарының зерттеуіне жүгінсек, қазіргі адамның бір түнде қабылдайтын ақпаратының көлемі орта ғасырдағы қарапайым шаруаның бір жылда білетін жаңалығымен сайма-сай келеді екен. Шамадан тыс жаңалықтар адамның жүйке жүйесіне әсер етіп, белсенділігін арттыратыны осыдан. Қала берді біз тек жағымды жаңалықтарды ғана тыңдай бермейміз. Қажетті, пайдалы хабар тыңдасақ, жақсырақ ұйықтаймыз. Адам не үшін ұйықтайды? Шын мәнісінде, адамға ұйықтаған тиімсіз. Ұйқының орнына басқа шаруаны тындыру олжа емес пе? Алайда тірі ағза ұйқысыз жүре алмайды. Ұйқы бізге ақпаратты жадымызда сақтау үшін де керек. Ұйқы есте сақ­тау қабілетін жақсартады. Тіпті біз есте сақтау қабілетіміздің қамы үшін ұйық­тай­мыз десек те болады, – дейді дәрігер.

Адам ұйқысыз өткізген 3-5 тәулік­тен кейін, физиологиялық және психо­логиялық қиындықтарға душар бола бас­тайды екен. Білсеңіздер, Гиннестің рекорд­тар кітабына ұзақ уақыт ұйық­та­мауға бекінгендерді тіркемейді. Өйт­кені ұйықтамаудан сынға түсудің соңы қайғылы аяқталуы да мүмкін. Пан­демиядан кейін сомнологтердің кө­ме­гіне жүгінетіндер еселеп артыпты. Ма­ман­дар бұрын ұйқысыздықтан егде жас­тағылар зәрезап болса, кейінгі жылдары жастар да зардап шегіп жүргенін айтады.

 

Маубастарға қызығудың қажеті жоқ

– Меніңше, онлайн жұмыс, онлайн сабақ адамдардың күн тәртібіне өзгеріс енгізді. Режім бұзылды. Негізі ұйқы­сыздық – бұрыннан бар нәрсе. Қазір әйтеуір ұйқысы бұзылғандар сомно­логтерге жүгініп, емделеді. Бірақ бұрын­ғының адамдары депрессияға аз түсетін деп пайымдасақ, онда, әрине, ұйқы­сыздықпен алысқандар аз болды деп айта аламыз. Бұрын ел өзінің болашағына алаңдағанымен қазіргідей үрей­ленбейтін. Қазір келешегін ойла­са, жанын жегідей жейтіндер кө­бейген. Ұйқысыздықпен күресіп жүр­ген­дер­дің орта есеппен 60 пайызы депрессиядан қиналатыны бекер емес. Тағы­ бір мәселені айтайын, екінің бірі­ ұйқысыздықтан сарсаңға түсіп жүр­ге­нін айтады. Бірақ ұйқысыздықтан жан­ тапсырыпты дегенді естімедік. Қалай дегенде де адам ағзаға қажеттіні өздігінен сіңіріп отырады. Бірақ адам субъективті түрде ұйқысыз жүргеніне қатты алаңдап, жанын жегідей жей берсе, сол күйзелісінен зардап шегуі мүмкін. Әйтсе де оның уайымынан шырт ұйқыда жатқанда демін бүгіп, ауыр тыныс ала­тын­дардың ахуалы күрделірек. Тыныс алуында кедергілер байқалатын адамның ұйқысы жақсы болуы да мүмкін. Бірақ оларға «батырлар сияқты ұйықтайды екен» деп сүйсінудің қажеті жоқ. Өйткені бұл – синдром. Жай ұйқысыздық пен синдромды салыстырар болсақ, синдром әлдеқайда қауіпті. Ұйқысыздықтың синдромынан емделмесе, науқас орта есеппен 59-65 жас өмір сүреді. Ал жай ұйқысыздықтан шаршап жүргендер күтінсе, Құдайдың берген жасын жасайды, – дейді В.Хан.

Ұйқысыздықтың себеп-салдары бай­­­қал­­ған­да әдетте науқас кардиолог, эндо­­­кринолог сынды тағысын тағы маман­дарға қайы­рылады екен. Өйткені синдром адам­ның ағзаларына өте бастайды. Бірақ ауыр демалатындар ә дегеннен сомно­лог­ке қаралса, ондағы мамандар ұйқысын реттеген соң көп ұзамай-ақ науқастың жағдайы жақсарып кетеді екен.

– Ұйықтай алмай жүргенін айтып шағымданатын әйелдер көп. Олардың арасында күйеуінің басы қисайса болды, ұйқыға басатынын, қорылдап ауыр тыныс алатынын айтатындар да келеді. Біз оларға мөлшерден тыс және қатты ұйық­таудың салдары, синдром жайлы тү­сіндіреміз. Керісінше, күйеуінің қаралғаны абзалырақ екенін айтамыз. Егер адам сағатына 4-5 мәрте демін бүгіп, сәл ауыр демалса, ол қалыпты жағдай саналатынын да біле жүргейсіздер. Әрі синдромды жұмыстан шаршап келген адамның ұйқысымен шатастырмау керек. Өйткені шаршаған адам дауыс шығарып ұйықтағанымен демін бүкпей, еркін тыныс ала береді, – дейді маман.

Егер орта есеппен алсақ, онда адам тәулігіне 7-9 сағат ұйықтауы керек екен. Алайда тәулікте 6 сағат ұйықтаса да таңертең ұйқысы шайдай ашылып, күні бойы сергек жүретін адамдар кездеседі (көбіне ерлер). Мұны сомнолог дәрігер Виктор Хан «әркімнің аяғының өлшемі әртүрлі болатындай, ұйқысы да бір уақытқа байланбайды», деп түсіндіреді. Ескеретін жайт, адам әр кез бір уақытта ұйықтап, оянуды дағдыға айналдыруы керек. Кешкі 22.00-ден 00.00-ге дейін қандай да бір гормондар бөлінеді деген сипатта көптің айтатын болжамы жай ғана миф екен. Сол секілді таңға жуық адам қалың ұйқыда болады деген де бос сөз. Сомнологияда ұйқының баяу және жылдам деген екі фазасы болады. Тиісінше осы фазалар бірінен соң бірі келіп отырады. Егер таңға таяу ұйқының жылдам фазасы келетінін ескерсек, онда осы мезгілде керісінше, адам сергек ұйықтайды. Күніне адам 5-тен 15-ке дейін түс көрсе, таңға жуық сергек ұйқыда көрген түсі ғана есінде қалатыны осыдан.

 

Түнгі ұйқының маңызы

Сомнологтердің айтуынша, адамның миы кейін емес, ілгері демалады. Осы маңызды ақпаратты кеңінен тарқатып жазалық. Мысалы, күндіз адам бар-жоғы 20 минут қалғып-мүлгіп, көз шырымын алса, сергіп қалады. Егер күндізгі ұйқы сағаттан асса, онда адамның басы ауырып, мең-зең күйге түседі. Өйткені адам күндіз ұйықтағанда, өткен тәуліктегі ұйқысыз сағаттарының орнын толтыра алмайды екен. Былайша айтқанда, кешегі түннің ұйқысы сол күнмен шектеледі, бітті. Адам ағзасы әркез алдағы түн үшін демалады. Зерттеулер көрсеткендей, күндізгі ұзақ ұйқы келер түндегі ұйқыны шамамен тағы 2,5 сағатқа кешіктіретін көрінеді. Демек, түнгі ұйқының орнын бүгін толтырамын деген желеумен күндіз ұйықтаудың зияны тимесе, пайда жоқ. Осыдан кейін-ақ адам миының мүмкіндігі біз ойлағаннан да кең екенін оңай аңғаруға болады. Түнде дұрыс ұйықтаудың да денсаулыққа пайдасы көл-көсір. Себебі адам ұйықтаған уақытта сырттан ақпарат қабылдамайды, тынығады. Осы мезгілде ми адамның күні бойы жиған ақпаратын сараптап, қажетін жадта сақтап, қорытуға кіріседі. Тағы бір зерттеулерде ғалымдар көп ұйықтаудың салдарынан адам өмірі қысқа болуы мүмкін деген болжам жасаған. Қаузай берсек, ұйқысыздық және оны зерттейтін сом­нология саласы жайлы дерек пен дәйек көп. Түйгеніміз, адам күн артынан түн келетініндей ұйқыда да тепе-теңдікті сақтаса, мұның өзі – денсаулыққа ем.