
Фото: Ақорда
«Оқу орындарына Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің бейресми қамқорлық көрсету тәжірибесін белсенді түрде енгізген дұрыс. Құтқарушылар қоғамда салауатты өмір салтын насихаттауға, балалар мен жастар арасында спортты дәріптеуге зор үлес қоса алады. Бұл – шын мәнінде стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі рухы мықты, салауатты ұрпақ тәрбиелеу – қазіргі жаһандық өзгерістер заманында ұлт сапасына тікелей әсер ететін жағдай. Осы бағытта Төтенше жағдайлар министрлігі спорт федерацияларымен өзара байланыс орнатып, белсенді жұмыс істегені жөн. Жалпы, бүгінгі таңда спорт федерациялары абырой-бедел жинайтын құрылымға айналып кетті. Көптеген федерацияны ірі бизнес өкілдері және мемлекеттік мекеме басшылары басқарып отыр. Бірақ ашығын айтуымыз керек, кәсіпкерлер осы қоғамдық маңызы бар іске өз қаржысын салуға құлықсыз, тек мемлекеттен бөлінетін қаражатқа қарап отырады. Мемлекеттік қызметшілер де осы жоғары қоғамдық лауазымдарды өзін «жарнамалау» құралы ретінде көреді, яғни спорттың мәнісіне терең бойламайды. Тіпті, спортшылардың жетістігін өздерінің жеке жеңісі деп санайтындар бар. Мұндай теріс, жағымсыз үдеріске тосқауыл қою керек. Осы мәселе бойынша жан-жақты талдау жүргізу қажет. Бұл жұмысты Президент Әкімшілігіне тапсырамын», деді Президент.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, спорт және дене шынықтыруға қолдау көрсетуді құрметті қоғамдық миссия және үлкен азаматтық жауапкершілік ретінде қарастырған жөн.
«Ел ішінде және шетелде атақ-абыройыңды асқақтату үшін федерация басқару дұрыс емес. Оған жол беруге болмайды. Сондықтан мемлекет кәсіпкерлерді, соның ішінде ірі бизнесмендерді қолдайды. Бірақ мемлекет пен қоғам да олардың осыған сай әрекет еткенін күтеді. Атап айтқанда, бұл спортты, мысалы футболды коммерцияландыру мәселесіне қатысты. Туризм және спорт министрлігі мен спорт федерацияларының арасында тең құқылы диалог өрбіп, міндеттері мен құзыреттері нақты айқындалған ынтымақтастық жолға қойылуға тиіс. Кәсіпкерлердің бастамаларын ынталандыру – мемлекеттік саясатымыздың негізгі басымдығы. Мен бұған ерекше мән беремін. Өткен аптада экономикалық ахуалға қатысты арнайы жиын өткіздім. Онда еліміздегі бизнесті дамыту мәселелері қарастырылды. Кеше Премьер-министрге берген тапсырмамда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау қажеттігіне тағы да баса назар аудардым. Қазір бірқатар спорт федерациясына бизнесмендердің, меценаттардың жаңа буыны келе бастады. Оларға спортты дамыту саласындағы жағдайды жақсарту міндеті жүктелді. Қазірдің өзінде жұмысқа жауапкершілікпен қарап, маңызды жеңіске қол жеткізуге бар ынтасымен ұмтылатындарын байқап отырмыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы: «Өзгенің өмірін сақтау үшін өз басын қатерге тігу – нағыз ерлік»
«Өзгенің өмірін сақтау үшін өз басын қатерге тігу – нағыз ерлік. Қиындыққа тап болған жандар ең алдымен құтқарушылардан көмек күтеді. Бүгінде азаматтық қорғау саласының қызметкерлері өз міндетін мінсіз атқарып келеді. Олар сын сағатта жанқиярлық көрсетуге дайын тұрады. Тіпті, осы жолда құрбан болған ерлеріміз аз емес. Өткен отыз жылда 72 құтқарушы ерлікпен қаза тапты. Біз батырларымыздың есімін ешқашан ұмытпаймыз. Олар отаншыл және антқа адал болудың тамаша үлгісін көрсетті. Сондықтан өмірін құтқару ісіне арнаған ерлердің есімдерін тарихымызда мәңгі сақтау үшін тиісті іс-әрекеттерді дер кезінде қолдануымыз керек. Нағыз ерлік жасаған батыл азаматтарымыздың рухына тағзым ете отырып, олардың есімдерін ел ішінде ұлықтай беруіміз қажет. Халқымыз «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» деп айтқан. Түптеп келгенде, қайсар рухты құтқарушыларымыз Әділетті және Қауіпсіз Қазақстанды құруға мол үлес қосып жатыр», деді Мемлекет басшысы.