Дәрігерлер сүт безі ісігін емдеудің оңтайлы тактикасын диагностикалауға және таңдауға байланысты көптеген сұраққа алаңдаулы. Сондықтан аталған іс-шара еліміз үшін ғана емес, бүкіл кәсіби қоғамдастық үшін де маңызды. Конференцияға келген қонақтардың қатарында тәжірибелі онкомаммологтер, хирургтер, ультрадыбыстық диагностика дәрігерлері, химиотерапевтер, сәулелік терапия мамандары, патоморфологтер бар. Сондай-ақ Ресейден де спикерлер қатысты.
Форумның бірінші күнінде сала мамандары сүт безінің онкопластикалық хирургиясы, сүт безі обыры хирургиясы, сүт безі қатерлі ісігінің дәрілік және сәулелік терапиясының принциптері, сүт безі қатерлі ісігінің диагностикасы жайында ой бөлісті. Конференцияда Ұлттық ғылыми онкология орталығы басқарма төрағасының медициналық қызмет жөніндегі орынбасары Әділбек Мұқажанов іс-шараның мән-маңызы туралы айтып берген еді.
«Жасыратыны жоқ, сүт безі обырына шалдыққан науқастар көбейіп жатыр. Өйткені аурудың осы түрі кеше ғана пайда болған жоқ, бұрыннан бар. Иә, кейінгі 10 жылдың өзінде медицина саласы айтарлықтай ілгеріледі. Сүт безі ісігін емдеудің әдістәсілдері көбейді. Осы бағытта білікті мамандардың ізденістері көп. Дәрі-дәрмектер де жетеді. Бұрында осындай дертке шалдыққан әйелдердің сүт безін түгел алып тастайтын. Мұндайда әйелге психологиялық салмақ түсетіні түсінікті. Қазіргі медицина осы жайды да бағамдап, алдын ала алады. Тек осындай тәжірибелер негізді қолданылуы керек. Бүгінгі конференцияда елдегі, шетелдегі әріптестермен сүт безі обырын диагностикалауда, емдеуде қандай кедергілер барын анықтап, жетістіктерімізді орта салып, тәжірибе алмасып жатырмыз. Бүгін медицина мамандары баяндама жасаса, ертең елдің және шетелдің дәрігерлері бірлесіп, хирургиялық операциялар жасайды. Ол операцияны қонақтар онлайн режімде тамашалай алады», деді Әділбек Мұқажанов.
Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 2020 жылы әлемде 2,26 млн-нан астам пациент сүт безі обырына шалдыққан. Бұл – қатерлі ісікке шалдыққандардың жалпы дерегінің 11,7 пайызына тең. Сол жылы сүт безі обырынан 685 мың адам мезгілсіз көз жұмған. Ұлттық онкология орталығының мамандары сүт безі обырын емдеуге ерекше назар аударып отыр. Мысалы, былтыр орталықта 460 маммология секторы бойынша 460 ота жасалған. Оның 265-і бір уақытта пластикамен бірге жасалса, 93-і – онкопластикалық резекциямен жасалған. Сонымен қатар орталықтың мамандары Ресей, Израиль, Оңтүстік Корея, сосын Еуропа елдеріне барып, біліктілігін арттырудан қол үзбеген. Өңірдегі әріптестермен де тығыз байланыста. Саладағы өзекті мәселелер талқыланған конференцияда да дәрігерлер мол мағлұмат алды.