Саясат • 04 Шілде, 2023

Жанар-жағармай тапшылығы болмайды

252 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кешегі өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов «қолда бар отын қоры бүкіл республикаға жеткілікті» екендігіне арнайы тоқталып өтті. Сондай-ақ күн тәрті­бінен тыс еліміздің ба­тыс өңірлерінде болған тө­тенше жағдайдың салдарын жою мәселесі қаралды. Негізі Үкімет отырысында ве­гетациялық кезеңнің өту ба­рысы және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі мен елдегі бизнес-ахуалды одан әрі жақсарту жөніндегі шаралар күн тәртібіне шықты.

Жанар-жағармай тапшылығы болмайды

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Отын қоры жеткілікті

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ бас­қарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасановтың баяндауынша, кеше түс ауа сыртқы желілерде электр энергиясын берудің тоқ­тауына байланысты Атырау мұнай өңдеу зауыты біршама уақытқа тоқтап қалды.

«Электр өшкенде АМӨЗ-дің технологиялық қондырғысы қауіп­сіз түрде тоқтатылды. Апатты жағ­дай­дың алдын алу және қыз­мет­керлердің қауіпсіздігін қамта­масыз ету үшін апаттарды жою алго­ритміне сәйкес барлық қондыр­ғыдан көмірсутек газы алауға қарай жіберілді», деді Д.Хасанов.

Оның айтуынша, түнде электр энергиясы қайта іске қосылғаннан кейін зауыт қолда бар қорлардан мұнай өнімдерін жөнелте бастады. АМӨЗ резервуарларында бүгінгі таңда 26 мың тонна автобензин, 33 мың тонна дизель отыны, 1 200 тонна сұйытылған мұнай газы бар екен.

Жалпы, еліміз бойынша АИ-92 бензині мен дизель отынының қорлары бір айға, АИ-95 екі аптаға жететін көрінеді.

«Павлодар мұнай-химия зауыты жоспар бойынша 20 шілдеге дейін жөндеуге тоқтатылғанын, ал Шымкент мұнай өңдеу зауы­ты каталитикалық риформинг қон­дырғысындағы жұмыстар үшін ішін­ара іркілгенін ескерсек те, зауыт­тардан мұнай өнімдерін жө­нелту тоқтаған жоқ. Сыртқы желі­лерде электр энергиясын беру басталғаннан кейін АМӨЗ техно­логиялық қон­дырғыларын тұрақты режімге шы­ғару басталды. Апта со­ңына дейін зауыт мұнай өнімдерін өндірудің бұрынғы көлеміне шы­ғуды жоспарлап отыр», деді Д.Хасанов.

Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі таңда энергия­мен қамтамасыз ету қалпына кел­тірілуде, АМӨЗ-де техноло­гия­лық ақаулар анықталған жоқ. Зауыттың жұмысын қауіпсіз түрде тоқтату үшін дер кезінде шара қабылданды. Қазіргі уақытта зауыт басқа кәсіпорындар сияқты өз жұмысын қалпына келтіріп жатыр.

«Ешқандай да жанар-жағармай тапшылығы болмайтынын баса атап өткім келеді. Қолда бар отын қоры бүкіл республикаға жетеді. Барлық мұнай өңдеу зауытын тоқтату ту­ралы алып-қашпа әңгімелер шын­дыққа жанаспайды. Жағдай ба­қылауда», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы Президенттің тапсырмасына сәйкес апат себебін тексеру үшін арнайы Мемлекеттік комиссия құрылғанын айтты. Оған өзі басшылық етеді.

«Кінәлілер жауапқа тартылады. Қазіргі таңда ең бастысы – бар­лық кәсіпорынның жұмысын қал­пына келтіріп, тұтынушыларды электр энергиясымен толығымен қамтамасыз ету», деді Ә.Смайылов.

Премьер-министр Маңғыс­тау облысы әкімдігіне энерге­ти­калық комбинаттың қолданыс­тағы жабдық­тарын іске қосу және жаңғырту бо­йын­ша шара қа­былдауды, Энер­гетика министр­лігіне «KEGOC» компаниясымен бірлесіп, Батыс энергетикалық то­ра­бының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуі керек екенін айтты. Сондай-ақ, Энергетика мен ІІМ және БҚА-мен бірге алып-сату және жанар-жағармайдың жасанды тапшылығын туғызу фак­тілеріне тосқауыл қоюды тапсырды.

 

Суды тиімді пайдалану мәселесі

Экология және табиғи ресурс­тар министрі З.Сүлейменова, осы жылдың вегетациялық кезеңін тұрақты өткізудің арнайы іс-қимыл жоспары бекітілгенін айтты. Оның аясында көрші елдер мен жоғарғы су қоймаларынан қосымша су жіберу арқылы диқандарды егістік суымен қамтамасыз етуде. Гидротехникалық құрылыстарды жөндеу, қалпына кел­тіру жұмыстарын жүргізу, суару желісінің магистралдық және шаруашылық аралық арналарын тазарту, су үнемдеу технологияларын енгізу қарастырылған.

Жамбыл, Қызылорда, Түркіс­тан облыстарын сумен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Оның ішінде су тапшылығын азайту мақ­сатындағы шараларды қабылдау ісі министрлік бақылауында.

Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеевтің айтуын­ша, көк­темгі дала жұмыстары бар­лық өңір­лерде сәтті жүргізілді. Республикада судың азаюы мен климаттың жа­һандық өзгеруінің жалғасып жатқан циклі жағдайында ерекше өзектілікке ие. Соған сәйкес суармалы егіншілікті дамыту бойынша жұмыстар жалға­сып жатыр.

Мәселен, биыл 1,58 млн га суармалы жер өңделеді, бұл үшін шамамен 11,4 млрд м3 су қажет. Суды көп қажет ететін және дара да­қылдардың аудандарын әрта­рап­тандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл жоғары рентабельді дақылдарға көшуге байланысты мақта алқабы 14,8 мың гектарға қысқарды. Қызыл­ордада күріштің әлеуметтік маңыз­ды­лығы мен топырақтың тұзды­лығына бай­ланысты оны егу қазірге күрт азайған жоқ.

Суды үнемдеу технологияла­рын енгізу үшін мемлекет инвес­тициялық субсидиялау шеңбе­рінде диқандардың негізгі инфра­құ­ры­лымын орнатуға жұмсаған шы­ғындарының 50%-ын өтейді.

Премьер-министр вегетациялық кезеңді тиімді өткізу егіннің түсімі мен елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Оңтүстік диқандары жыл сайын су тапшылығының зардабын тартып келеді. Арал-Сырдария және Шу-Талас бассейндері негізінен көрші елдерден келетін ағын суға тәуелді», деді Ә.Смайылов.

Ғылыми болжамдарға сәйкес, судың көлемі алдағы уақытта да азая береді. 2040 жылға қарай су тап­­­шылығы жылына 15 текше кило­метрді құрайды.

«Сондықтан, судың басында отырған елдермен халықаралық шарт­тарға сәйкес міндеттемелерді сақтау мәселесі бойынша жұмысты күшейту қажет», деді Премьер-министр.

Ол тиісті инфрақұрылымның жоқтығы мен жұмысты ұйым­дас­­­­тыруда өзіміздің ішкі кем­ші­лікт­еріміз су саласындағы не­гізгі пробле­маның бірі екенін атап өт­ті. Өзіміздегі су қорын үнемдеп, тиімді пайдалануды бір жүйеге кел­­тіру қажет. Елде судың 65%-ы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Сол судың жартысы техникалық жағдайы ескірген каналдардан егіс­тікке жеткенше құмға сіңіп, ысырап болуда.

«Бұл – үлкен шығын. Мысалы, Түркістан облысындағы К-30 кана­лының техникалық жағдайы белгілі. 12 жылдан асты, күрделі жөндеу жұмыстары сонда да аяқталған жоқ. Қызылорда егіншілеріне керекті Сол жағалаудағы магистралдық канал жағдайы да осындай. Мұндай мысалдар оңтүстік аймақтарда өте көп», деді Ә.Смайылов.

Ол жаз айларында судың шы­ғыны 10-15%-дан аспауға тиіс, ол үшін барлық суару каналдары мен су қой­маларын жөнге келтіру қажет екенін атап өтті. Бұл ретте барлық үдерістерді автоматтандырып, цифрландыру керек. Сондай-ақ, егістік суын ұтымды пайдалану мәселесі бас­ты назарда болуға тиіс. Ол суармалы су тарифтерінің қазіргі жағдайына да пікір білдірді.

«Мемлекет басшысы қолданыс­тағы тарифтер суды үнемдеп жұм­сауға ынталандырмай отырғанын атап өтті. Сондықтан бұл саладағы та­­рифтік саясатты қайта қарап, адам­­дардың суға деген көзқарасын дұрыс қалыптастыру қажет», деді Премьер-министр.

Су дипломатиясында нақты позицияны айқындап, үкіметаралық комиссиялар шеңберінде республика мүдделерін ескере отырып қор­ғауды қамтамасыз етуді, су ша­руашылығы объектілерін салу және күрделі жөндеу жобаларын және цифрлық жүйелерін енгізу жұмыс­тарын жалғастыруды тапсырды. Премьер-министр суару тәсілдерінде Субсидияларды саралау ережелерін тез арада қабылдау қажеттігін атап өтті.

«Су үнемдеу технологияларын қолданған фермерлерге ғана субсидия берілуге тиіс. Суды тиімді пай­далануға ынталандыруда, үнемдеу және тамшылатып суару технологияларын енгізу мен жаңбырлатып суару қондырғысын пайдалануды күшейту қажет», деді Ә.Смайылов.

Сондай-ақ, дақылдарды кезекпен суарып, қайтқан суды қайта пайдалануды тапсырды. Бұл каналдағы су шығынын азайтады.

 

Бизнесті тексеру екі есе қысқарады

Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров өткен жыл қорытын­ды­сы бойынша республикада шағын және орта кәсіпкерлік нысандардың қатары 23,4%-ға өсіп, 2 млн-ға жет­кенін айтты. Онда жұмыспен қам­тылғандардың саны 18%-ға артып, 4,1 млн адамға жетті. Жалпы бүгінде экономикалық белсенді адам­дардың шамамен 40%-ы ШОБ-та жұмыс істейді. ШОБ нысандарының өнім шығару көлемі де 28%-ға өсіп, 59 трлн теңгеден асты.

Бизнес-ахуалды жақсартуда кәсіпкерлерге қатысты жаңа реттеу­шілік саясаты енгізіледі. Мемле­кеттік бақылау, қадағалау саласында тәуекелді басқару жүйелерін автоматтандыру жүргізілуде. Бұл 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап адам қатысуынсыз бизнесті тексеруді тағайындауға мүмкіндік береді. Нәти­­­жесінде, жоспар бойынша тексерулер саны 2 есе азаяды деп күтілуде.

Министр 2022 жылы ШОБ-ты қолдау аясында 1,3 трлн теңге несие сомасына 46 мың жоба субсидияланып, кепілдендірілгенін айтты. Биыл бұл мақсаттарға 266 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты бөлінген.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыт­тарының бірі. 2030 жылға қарай экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 40%-дан жоғары болуға тиіс. Ол үшін отан­дық кәсіп­керлікті қолдау бойынша жүйелі шаралар іске асырылды, Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірге саладағы заңнамалық базаны жетілдіруде.

Қазір жаңа Салық кодексі әзір­ленуде. Құжат үдерісті цифрландыра отырып, салықтық әкімшілендіруді жеңілдетеді. Өткен жылдан бері кәсіп­керлік қызметті «таза парақтан» реттеу шаралары іске қосылды. Бақы­лау жүйесін автоматтандыруда да тиісті жұмыс жүргізілуде.

Премьер-министр бизнеске қар­жылық және басқа да қолдау шаралары көрсетіліп жатқанын айтып өтті. Биылғы 5 айдың өзінде жалпы құны шамамен 440 млрд теңгені құрайтын 6 мыңнан астам жобаға суб­сидия бөлінді. Сонымен қатар тағы 144 млрд теңгеге 4 мыңнан астам жобаға ке­піл­дік берілді.

«Қабылданып жатқан шаралар нә­тижесінде өткен жыл қоры­тындысы бойынша ішкі жалпы өнім­дегі шағын және орта бизнестің үлесі 33%-дан 36,5%-ға дейін өсті. Осы қарқынды сақтауымыз керек», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы бірқатар өңірде көлеңкелі экономиканың деңгейі жоғары екенін айтты. Бұлар – Алма­ты, Атырау, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана және Алматы қаласы.

«Көлеңкеден» шығу бизнесті жүргізуді жеңілдету және қолайлы биз­нес-орта қалыптастыруға байланысты. Көлеңкелі экономиканы қысқарту шараларын күшейту қажет. Кешенді жоспар нақты орындалуы керек. Сонда осы бағытта жүргізілген жұмыс нәтижесін көреміз», деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, әлемдік эко­номикадағы күрделі ахуал елдегі ішкі нарыққа да әсерін тигізуде. Бұл бізге жаңа мүмкіндіктер ашады. Бүгінде бизнес ірі қалаларда болса, енді моно­қалалар мен шағын елді мекендерде оның дамуына жағдай жасау қажет.

«Ол үшін «Ауыл аманаты», «Ауыл – Ел бесігі», моно және шағын қала­­ларды дамыту, «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы – 2025» жобалары аясында қолдау көрсетілуде. Мем­лекеттік органдар «Атамекен» ҰКП-мен және өңірлермен бірге, жобалардың жер­гілікті жерлерде сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет», деді Үкімет басшысы.

Сөйтіп білікті, жоғары техноло­гиялық сала мамандарын сапалы даярлауды, кадр даярлау мен оқыту жүйесін заман талаптарына бейімдеу шараларын қабылдау керегін айтты.

«Жыл соңына қарай әр саланың нәтижесін көруіміз керек», деді Премьер-министр Ә.Смайы­лов.

Соңғы жаңалықтар

Ханбибі биігі

Тұлға • Бүгін, 08:25

Даланы әнмен тербеген

Тұлға • Бүгін, 08:20

Ақтаңгер ақын

Тұлға • Бүгін, 08:18

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:15