
Бұл кітап сонау 2014 жылы музей қызметкерлерінің күш-жігерімен Алматыдан жеткізілген. Жұлдызы ерте сөнген ақынның соңында екі роман, бес поэма және көптеген өлеңі мен очерктері қалды. 1933 жылы Қызылордадан латын қарпінде басылып шыққан «Толық шығармалар жинағы» деп аталатын жинаққа ақынның өлеңі, әңгімелері және поэмалары топтастырылған. Отты жырларымен Алаштың алдаспанына айналған тұлғаның шығармаларын Жүсіпбек Аймауытұлы он жылдай жинақтап, алғы сөзін жазып, баспаға тапсырған. 1927 жылғы 15 қарашада Алаш арысының Мәшһүр Жүсіпке жазған хатында: «Сұлтанмахмұт сөздерін былтыр түгел жинап, үлкен кітап қылып, баспаға бергенмін. Одан басылады деген хабар алып отырмын...» делінген екен. Алайда сол тұста Жүсекеңнің өзі «халық жауы» деген жалған жаламен ұсталып, атылып кеткен соң, бұл кітаптың алғысөзін Сәбит Мұқанов жазған. Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов бір еңбегінде: «Жүсіпбек болмаса Торайғыровтың толық жинағының шығуы, оның толық өмір тарихын білуіміз неғайбіл еді» деп жазатыны да содан.
– Бұл жинақ Қазақстанның халық ақыны Дихан Әбілевтің үйінде сақталған екен. Алматыға барған сапарымда сол кісінің үйіне арнайы барып, жерлесіміздің осы еңбегін қолға түсірдім. Қазіргі күні музейдегі құнды жәдігерлердің қатарын толықтырып тұр. Өлеңдер жинағы Алматының кітапханаларында бар-жоғын білмеймін. Бірақ Павлодардың өзге музейлерінен де, кітапханаларынан да таппайсыз, – дейді музей басшысы Ербол Қайыров.
Қысқа ғұмырында соңына өлмес рухани қазына қалдырған ақынның 130 жылдық мерейтойына орай биыл Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ықпалымен, С.Торайғыров университетінің демеушілігімен таңдамалы шығармалар жинағы қайта қалпына келтіріліп, реставрация жасалды.
С.Торайғыров университетінің ректоры Еркін Садықовтың айтуынша, кітаптың реставрациясы елордада жасалып, екі данада шығарылған. Еркін Тоқмұхамедұлы оның бірін Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне қалдыруды жөн деп шешсе, екіншісін ақынның Баянауылдағы мемориалдық мұражайына табыс етті.
Павлодар облысы