
Академиялық адалдық лигасы – еліміздегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының бірлестігі. Лига елдегі білім беру сапасын ілгерілету және дамыту мақсатында осыдан 5 жыл бұрын құрылған болатын.
Лига жүргізетін жоғары оқу орындарының рейтингінде түлектердің орташа жалақысы, жұмысқа орналасу деңгейі және жұмыс іздеу ұзақтығы, сондай-ақ түлектердің сараптамалық бағасы мен мансаптық әлеуеті сияқты бірқатар объективті көрсеткіш қамтылады. Рейтингті анықтау үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынатын университеттік оқу бағдарламаларының сапасы туралы ресми ақпарат пайдаланылады. Ақпаратты «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жинап, өңдейді. Палата жауапты министрліктің тапсырысы бойынша университеттердің білім беру бағдарламаларының жыл сайынғы рейтингін жариялап тұрады.
Ғылым және жоғары білім министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, лига жариялаған рейтинг мынадай формула бойынша жүргізіледі: білім беру бағдарламалары тиімділігінің орташа бағасына білім беру бағдарламаларының рейтингіндегі орны, бәсекелестер саны, білім беру бағдарламаларының саны әсер етеді. Университет позицияларын есептеудің бұл тәсілі бірнеше бағдарламасы бар жоғары оқу орындарын да әділ салыстыруға септеседі. Рейтингтегі көшбасшылар – білім беру бағдарламаларының орташа тиімділігі басқа оқу орындарымен салыстырғанда жоғары университеттер. Рейтинг жоғары оқу орындарын өз бағдарламаларын жетілдіруге ынталандырып, түлектерінің еңбек нарығындағы табысты болашағына қызығушылықтарын арттыру үшін жүргізіледі.
Академиялық адалдық лигасының рейтинг нәтижесіне негізделе жасалған еліміздің ТОП-10 университеті: 1) Қазақстан-Британ техникалық университеті (орташа баға 91,59%); 2) М.Нәрікбаев атындағы KAZGUU университеті (91,04%); 3) Қазақстан-Неміс университеті (84,45%); 4) КИМЭП университеті (84,34%); 5) Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті (78,20%); 6) Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (76,61%); 7) Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (72,75%); 8) Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институты (70,57%); 9) Нархоз университеті (69,73%); 10) М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті (67,75%).
Рейтинг нәтижелері ақпараттық-талдамалық дашборд форматында ұсынылған. Оның көмегімен талапкер рейтингтегі жоғары оқу орындарының позицияларымен танысып қана қоймай, сонымен қатар орташа жалақы, жұмысқа орналасудың орташа деңгейі және түлектердің жұмыс іздеу ұзақтығы бойынша жоғары оқу орындарының нақты білім беру бағдарламаларын салыстыра алады. Бұл университет пен мамандықты таңдау кезінде дұрыс шешімді қабылдауға көмектеседі.