
Бірегей жобалардың жетекшісі әрі ұйымдастырушысы, Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері Болат Хамзиннің пікіріне қарағанда, мұндай жобалардың өзектілігі түркітілдес халықтардың генетикалық жадын, мәдени кодын сақтаудың тарихи қажеттілігінен көрініс табады. Қазақстан әрқашан географиялық және тарихи тұрғыдан мәдениеттер мен дәстүрлердің тоғысында тұрғанын ұмытпаған абзал.
Жобаның нысанаға алған мақсаты да сол, адамдар арасындағы қарым-қатынас шекарасын кеңейту, келешек өскелең ұрпақтың тәрбиесі үшін ұлттық-мәдени мұраны дамыту және толықтыруға ықпал ететін мүмкіндік тудыру. Рухани-адамгершілік дағдарысты еңсеру үшін қарастырған тұжырымдамалық ұлттық жобалардың бірі – тарихымыздың мәдени артефактілер ансамблін құру. Қазақстанның ұлттық дәстүрлерін жаңғырту және ілгерілету ісіне өз үлесін қосуды мұрат тұтқан авторлардың ойынша, жоба кешегі, бүгінгі және болашақ мәдениетінің симбиозы болады.
Ағаштың тамырсыз өсе алмайтыны сияқты адам да өзінің өткен тарихын, жәдігерлерін, мәдени кодты сақтау арқылы ғана келешек көшіне ілесе алады. Жобаны әзірлегендердің көздеген мақсаты ауқымды – бүкіл ел аумағына таралған барлық аса маңызды мәдени нысандардың тұтас ансамблі бір жерде құрылатын болады. Бұл халықтың ұлттық-мәдени мұрасын жаңғыртуға және дамытуға, қоғамдық санадағы ұлттық құндылықтар мен дәстүрлердің оң бейнесін нығайтуға, ішкі және сыртқы туризмді дамытуға, халықтың тарихи өзіндік сана-сезімі арқылы елдің заманауи имиджін брендтеуге, болашақ ұрпаққа патриоттық тәрбие беруді дамыту, балалар мен жастар арасында ұлттық-мәдени құндылықтарды ілгерілету жолында бағыт беріп, жөн сілтейді.
Алғашқы жоба сәулет өнеріне бағытталған «Ұлы дала аманаты» тарихи этномәдени жобасы. Жобаны әзірлеген Болат Хамзин мен Уәлибек Хусайынның айтуынша, бұл еліміздің кең аумағында, бір жерде (Диснейленд типі бойынша Алматы облысының аумағында, Алматы мен Қонаев қаласы арасындағы, Астана маңындағы немесе республиканың басқа өңірлеріндегі жол бойында) барлық аса маңызды мәдени нысандардың тұтас ансамблі болмақ. Ежелгі композициялармен қатар қазіргі заманғы мәдени рәміздер мен футуристік нысандар, соңғы цифрлық технологияларды қолдана отырып, тарихи ретроспективада виртуалды әлемге енетін орталық болмақ. Бүгінгі уақыт талабы мен заманауи бағыттардың беталысын бақылап отырған Түркия жоғары оқу орнының түлегі, мүсінші, дизайнер Уәлибек Хусайынның жобалауынша, сәулет жобасының орталығы киіз үй түрінде орындалады, айналасында оған көрік беріп, толықтырып тұратын өзге де сәулет нысандары қоныс теппек.
Суретші Болат Хамзиннің атап өткен екінші жобасы – қазақ және түркітілдес елдердің ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихын бейнелейтін үлкен көлемдегі панорамалық тарихи сурет. Аса көлемді тарихи туынды түркі елдерінің пайда болу, қайта өрлеу тарихы, ғұндар, сақтар, скифтер тарихының көріністерінен тұратынын атап өтті. Жобаны жүзеге асыру үшін идея авторлары Ұлттық ғылым академиясымен, түркітанушы тарихшыламен бірлесе жұмыс істеп, зерттеу ісін бастап та кеткен, бұл бірлескен жұмысты алдағы уақытта да жалғастыра беруге ниетті. 100 шаршы метр көлемдегі алып туынды идеясын жүзеге асыруға Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Түркия, Мажарстан сияқты елдердің шеберлері ықылас танытып отыр. Орта Азияның өнер тарландарын қызықтырып отырған ауқымды жобаны әзірлеуде «Ер намыс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, спорт ардагері, профессор Ерболат Алиядин де атсалысқан.
Тарихтың сырлы кезеңдерін құдіретті қылқаламмен кескіндейтін алып картина «Ұлы дала аманаты» сәулет орталығында орналаспақ. Жоба авторлары Болат Хамзин мен Уәлибек Хусайын болашақта бұл орталықта әлемдегі ең ірі балалар галлереясын құруды жоспарлап отыр. Республиканың аудан-ауылындағы, шағын және ірі қалаларындағы дарынды балалардың шығармалары орталықтың көрнекті тұсынан орын тауып, мамандар тай күнінен танылған жас таланттардың есімін ел ішіне дәріптеп, танытудың тиімді тәсілдерімен айналысады. Осы орайда айта кету керек, бірнеше жылдан бері Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтері жанындағы Қазақстанның халықаралық мәдени дипломатия қауымдастығымен бірлесе отырып, балалар шығармашылығын шетелде насихаттау үшін сурет көрмелері ұйымдастырылып келеді. Әлемдегі достық пен бейбітшілікті нығайту үшін мәдени-танымдық міндетпен бірге бұл идея өскелең ұрпаққа көркемдік-эстетикалық тәрбие беру міндетін де өз мойнына алған. Балалардың туындылары Бейжің Олимпиадасында, Луврдағы балалар өнерінің дүниежүзілік көрмесінде жүлделі орынға ие болды. Парижде, әйгілі Луврда қазақ елінің талантты балалары тарихта тұңғыш рет дүниежүзілік суретшілер көрмесіне қатысты.
Өткен жылы балалар шығармашылығына арналған «Ұлы Жібек жолы» жобасы әзірленді, оның аясында көшпелі көрме ұйымдастырылды. Жылжымалы көрме – экспозицияны, арнайы құрылымдық кеңістікті және көрменің концептуалды, бейнелі тұтастығын қамтамасыз ететін, қоршаған ортаның сұранысы мен қызығушылығын қамтитын бірыңғай жүйе. Ол жас суретшілер мен олардың ата-аналарының еңбегін насихаттаумен бірге, өзінің дизайнерлік, эстетикалық, ақпараттық, көркемдік қасиеттерімен де пайдалы мәнге ие.
Мектеп пен білім беру ісінде көшпелі көрменің атқаратын рөлі орасан зор.
Халықаралық басқосуда Франция елінен келген CROSS COUNTRY SKIING SAND компаниясының президенті Эстель Пейен, белгілі қоғам қайраткерлері мен руханият жанашырлары Валерий Толмачев, Асылы Осман, «Қазақстандағы орыс мәдениет орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Всеволод Лукашев, Халықаралық Мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының орынбасары Салтанат Әшімова жобаның келешек ұрпақтың рухани өрістеуі жолындағы маңызын кеңінен атап өтті.
АЛМАТЫ