
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында «Қолжетімді және сапалы білім» деген бөлім бар. Сол бөлімде осы бір бастамаға қатысты: «Елімізде 6,5 миллион бала бар. Олардың бәріне тұрған жеріне және қай тілде оқитынына қарамастан, іргелі білім, цифрлық технология, жайлы білім инфрақұрылымы тең дәрежеде қолжетімді болуға тиіс. Осы мақсатта әлеуметтік осал топ санатындағы отбасының балалары балабақшада тегін тамақтанады және бастауыш сынып оқушыларының барлығы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі», деп жазылған.
Оқушыларға мұндай жағдай жасау өз кезегінде мектептегі тамақтандыру мәселесіне қатысты талаптарды енгізуге және бекітуге қажеттілікті туғызды. Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті басқармасының бас сарапшысы Бәтима Айтбаева бірқатар норманы атады.
– Балаларды сапалы тамақпен қамтамасыз ету қызметін үйлестіру министрліктің басым міндеттеріне жатады. Тамақтану сапасын арттыру мақсатында тәрбиеленушілер мен білім алушыларды тамақтандыру ісін ұйымдастыру қағидаларында халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы құжаттарды ұсына отырып, жеткізушілерді таңдау критерийлері айқындалды. Бракираждық комиссия мүшелері үшін мониторингтік топтар, ведомствоаралық сараптама топтары қызметінің тәртібі туралы заңнамалық нормалар бекітілді. Қоғамдық тамақтандыру технигі немесе техник-технологі, диетолог немесе диеталық бикенің болуына қойылатын талаптар енгізілді. Тамақ дайындалатын асханалардың ас блогында бейнебақылау жүйесін орнату бойынша жеткізушілерге қойылатын талаптар айқындалды, – деді комитет өкілі.
Салалық министрліктің хабарлауынша, тамақтану мәдениетін қалыптастыру мақсатында еліміздегі мектептерде тамақтанудың жаңа моделі әзірленді. Жаңа модель мектепте тамақтану мәдениетін қалыптастырудың кезеңдік іс-шаралар кешенін қамтиды. Қазір кезеңдік іс-шаралар қанатқақты жоба аясында Астана қаласының алты мектебінде өткізіліп жатыр. Жобаны Ұлттық салауатты тамақтану орталығы жүзеге асырады.
Кезеңдік іс-шаралардың бірінші кезеңінде мектептегі тамақтануды ұйымдастыру жұмысын бағалау және талдау мақсатында балалардың мектеп асханасындағы мінез-құлқының үлгілерін зерттеу, антропометриялық көрсеткіштерді өлшеу (бойы, салмағы) және дұрыс тамақтану қағидаттарын білуге сауалнама жүргізіледі. Екінші кезеңде саламатты өмір салты саласындағы білім мен тәжірибені байыту үшін жеткізушілерді, мектеп персоналын, оқушыларды және олардың ата-аналарын оқыту ұйымдастырылады. Үшінші кезең балалардың дұрыс тамақтануына және физиологиялық қажеттіліктерін есепке алуға баса назар аудара отырып, оқушылардың тамақтануын реттейтін нормативтік-құқықтық құжаттарды үйлестіруден тұрады. Төртінші кезеңде балалардың денсаулығын сақтауға бағытталған мектепте тамақтанудың жаңа моделін әзірлеу көзделіп отыр. Бұл үдеріс денсаулықты сақтауға ықпал ететін білім беру ортасын қалыптастыруға септеседі. Ал соңғы кезеңде енгізілген өзгерістердің мониторингі және тиімділігі бағаланады.
Бұған дейін министрлік тамақтануды ұйымдастырудың қауіпсіз жағдайларына әсер ететін критерийлерді зерттеген еді. Соған сәйкес ұлттық дәстүрлерге және өңірде өндірілетін отандық өнімдердің ассортиментіне сәйкес мәзір де әзірленген.