Университет • 04 Сәуір, 2024

Шетелдік университеттің дипломын алады

74 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған «500 ғалым» жобасы бүгінде жүйелі жүзеге асырылып келеді. Мысалы, ғалымдардың біліктілігін арттыруға бағыт­талған жоба аясында былтыр Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің 11 ғалымы «Болашақ» стипендианты атанып, шетелде ғылыми тағылым­дамадан өтті.

Шетелдік университеттің дипломын алады

Университеттің гранттық қар­жы­ландыру аясында барлығы 12 жоба жүзе­ге асырылып жатса, оның ішін­де «Жас ғалым» конкурсының 5 үміт­кері бар. Оқу орнында ғылым сала­сына нақты қолдау бар екені ғы­лыми жобаларға өтініш беруге ар­налған қаржы көлемінің ұлғаюы­нан байқалады. Айталық, 2022 жылы Ғылым және жоғары білім министр­лігі Ғылым комитеті тарапынан ма­құлданған жобалардың қаржы көле­мі 17 миллион 407 мың теңге болса, былтыр бұл көрсеткіш күрт өсіп, 400 миллион теңгеден асқан. Биыл ғылыми зерттеу гранттық конкурс­тарына қаржы көлемі 3 миллирад­тан асатын 36 жоба ұсынылды. «Жоға­ры оқу орындарында халықаралық қатынасты арттырудың мақсаты – әлемдік бәсекеге қабілетті маман даярлау. Біздің университет тек қана педагог мамандарды даярлайды, яғни ғылыми зерттеу тақырыбында ерекшелік бар. Мәселен, соңғы кезде елімізде инклюзивті білім беруге көп көңіл бөлініп отыр. Бұл өркениетті елдерде дамыған сала. Біздің болашақ мамандар шетелде тағылымдамадан өтіп, сол тәжірибені өзімізге әкеле алады. Бұл бағытта АҚШ-тың Кали­форния, Германияның Мюнхен, Түркияның Гази университеті сияқ­ты бірнеше оқу орындарымен байланыс орнаған. Соның ішінде бауыр­лас түркі елінің білім беру және пе­дагогика саласы бойынша әлем­дегі жетекші университеттердің қа­та­рындағы 27-орыннан табылатын Гази университетімен стратегия­лық серіктестік орнатып, филиалын ашу жоспарымызда бар», дейді уни­верситеттің ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры Ержан Керімбеков.

Гази университетінің филиалын ашу бойынша тиісті құжаттар мен келісімшарттар былтыр атал­ған шетелдік оқу орны тарапынан рәсімделіп, Түркия Жоғары білім ке­ңе­сіне ұсынылған. Филиалды ашу Түркия Республикасының заң­на­масына сәйкес Президент Жар­лығымен рәсімделеді. «Филиал аясында іске асырылатын екі қосдипломды әрі ортақ білім беру бағдарламалары физика және ағылшын тілі педагогін даярлау бойынша біздің оқу орны тарапынан ҚР БББ реестріне тір­кел­ген. Айта кетерлігі, бұған дейін тәжі­рибеде болғанындай, қазақ-түрік ынты­мақтастығы нәтижесіндегі жо­ғары оқу орнында еліміздің білім беру бағдарламасы оқытылған болса, бізде халықаралық талапқа сай Түркия білім беру бағдарламасының озық тәжірибесі мен әдістемесі үйретіледі. Гази университеті филиалын ашудағы ерекшелік те осы болып тұр», дейді Ержан Керімбеков. Филиал ашуда таңдаудың түркиялық оқу орнына түсуінің өзіндік себептері де бар. Проректордың мәлімдеуінше, біріншіден, Гази университеті білім беру бағдарламасы халықаралық та­лаптарға сай, дүниежүзіндегі оқу орындары арасында 27 орында тұрған университет. Екіншіден, педагог маман даярлау тек білім берумен емес, тәрбие арқылы да жүзеге асатынын ескерсек, түрік елі болмысы мен дәс­түр-салты қазаққа жақын, бауырлас ел. Қазіргі таңда оқытушылар мен студенттерге алдын ала дайындық барысы бойынша университетте түрік тілін оқыту орталығы жұмыс істейді. Тіл үйрену тегін. Бұл орайда Түр­кия Білім министрлігінің қызметкері Омер Өздемир арнайы келіп сабақ беріп жүр. Курс Түркияның Алматы қа­ласындағы Бас консулдығының тіке­лей қолдауымен жүргізіледі.

Оқу орнында студенттердің ше­тел­дік оқу орындарында болып, са­па­лы білім алуына да барлық мүмкіндік жасалып келеді. Бір ғана мысал, жуырда университеттің «Coworking» орталығында Польшаның Лодзь уни­вер­ситетінде академиялық ұтқыр­лық бағдарламасы аясында бір семестр білім алып келген студенттермен кездесу өтті. Білім алушылар ақпарат алмасу мақсатында уни­вер­ситеттің 1-2 курс студенттеріне бейне­ролик пен презентация жасап, өзде­рінің әсерлерімен бөлісті. Олар бос уақыттарында немесе мере­ке­лерде Еуропаның көптеген жақын орналасқан елдеріне баруға мүм­кін­дік болғанын, интеллектуалды жан­дармен кездескендерін, тарихы терең мәдени мұражайларға барған­дарын, мәдени-мерекелік кештерді ұйымдастырып, өз еліміздің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тұрмыс-тір­шілігін де таныстырғанын жеткізді. «Лодзь университетінде білімге деген құштарлықты оятатын, ғылымға деген ынтаңды ашатын профессор- оқытушылар лекция өткізді. Ағылшын және поляк тілдерін меңгердік, бұл біз үшін үлкен мүмкіндік болды», дейді 3-курс студенті Әсел Әуес­хан. Университетте бұл бағыт­та­ғы ж­ұ­мыстарды жалғастыру жоспар­ланған.

 

Шымкент