Елорда • 04 Сәуір, 2024

Астанада су тасқынымен күрес қалай жүріп жатыр?

73 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында су тасқынына қарсы қандай шаруалар атқарылып жатқанын баяндап берді, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада су тасқынымен күрес қалай жүріп жатыр?

Фото: Астана әкімдігі

«Қалада су тасқынына қарсы жұмыс белсенді жүріп жатыр. Коммуналдық қызметтер 7 млн 100 мың текше метрден астам қар шығарды, бұл өткен қыс мезгілінің сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 млн текше метрге артық. Өткен жылдармен салыстырғанда су тасқыны қаупі бар учаскелердің саны 20-ға дейін азайды. Қазіргі уақытта арық-науа желісінің 61 мың 600 погондық метрден астамы тазартылды, 14 мың погодық метрден астам коллектор жуылды, 9 мың 400 погондық метрден астам құбыр, 4 мың дана бақылау, жаңбыр қабылдау құдығы және т.б. буландырылды. Сондай-ақ нөсерлі кәріз жүйелеріне заңсыз кірме жолдарды анықтау бойынша және т.б. жұмыстар жүргізіліп жатыр», деп жазды әкім.

54

Осы тұста қала әкімі елорданы аралау барысында қаланы су тасқынынан инженерлік қорғауға жауапты Астана контррегуляторына, сондай-ақ Есіл өзенінің арнасын қайта жаңарту учаскелеріне барғанын хабарлады. Қорғаныс құрылымының жалпы көлемі 450 миллион текше метрден асады, қазіргі уақытта нысанның толтырылу көрсеткіші шамамен 48 миллион текше метрді құрайды.

«Су деңгейін тұрақтандыру мақсатында нысаннан 10 м3/с көлемінде су ағызылады. Сонымен бірге, Есіл өзенінің акваториясының деңгейін реттеу және қаланың орталық бөлігінде су көлігі қатынасын қамтамасыз ету мақсатында Есіл өзенінің арнасын қалпына келтіру жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстың барлығы жалғасын табады. Азаматтық қорғау органдары мен коммуналдық қызметтер дайын тұр. Сол сияқты Ақмола облысында су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу мақсатында 100-ден астам жүк және мамандандырылған техника бөлінді», деп қорытындылады Жеңіс Қасымбек.

1