Аймақтар • 04 Сәуір, 2024

Ақтауда IT-хаб ашылды

54 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтау қаласында «Mańǵystau Hub» өңірлік техно­пар­кі іске қосылды. Бұл – «Astana Hub» басқаруындағы 13-өңірлік хаб.

Ақтауда IT-хаб ашылды

Фото: astanahub.com

«Astana Hub» басқарушы директоры Дания Ахметова­ның айтуынша, өңірлік хабтар аймақ­тарда IT-саланың дамуы­на жол ашады. Мұндай орта­лықтар жергілікті стартаптар, кәсіпкерлер мен мамандарға білім беру бағдарламаларына, нетворкингке, инвестицияларға, технологиялық ресурстарға қол жеткізуді жылдам қамтамасыз етеді.

«Аймақтарда «Digital No­mads», «Google Developers Group»-пен серіктестікте ворк­шоп­тар, олимпиадалар, хакатондар, офлайн және онлайн кездесулер жиі өтеді. Бүгінде өңірлік хабтарда 7 мыңнан аса адамның қатысуымен 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, 70-тен аса компания «Astana Hub» қатысушысы болды. Біз «Mańǵystau Hub» өңірдегі IT-индустрияны дамытудың негізгі алаңына айналады деп сенім­діміз», деді ол.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Маңғыстау облысы әкімдігі және «Sergek Group» қолдауымен «Astana Hub» халықаралық технопаркі құрған «Mańǵystau Hub»-тың негізгі міндеті – жергілікті IT-қауымдастықты дамытып, IT-таланттардың тұрақ­ты ағы­нын қалыптастыру. Мұнда IT-мамандардың білік­тілік деңгейін арттыруға, инно­ва­циялық жобалардың дамуын ынталандыруға бағытталған түр­лі іс-шара, тренинг пен конференция өткізіледі.

Жаңа хабтың ашылуын­да 8 технологиялық жоба ұсы­нылды. Олар: «AMS SYSTEM», «qMeta», «Mediana Services Limited», «Smart EDUS», «AGSA», «Libsystem.kz», «Rebels», «Gylym.ai» және «ЭкоАвтомат».

Бүгінде аталған министр­ліктің бастамасымен «Astana Hub», әкімдіктер, жеке серік­тестердің қолдауымен еліміздің 12 өңірінде IT-хабтар табысты жұмыс істейді. Биыл дәл осындай Атырау, Шымкент, Қонаев, Жезқазған, Петропавл және Жаңа­өзен қаласынан IT-хабтар ашу жоспарланып отыр.

Осы жылы «Astana Hub» өңірлік IT-хабтарды «astana­hub.com» платформасындағы қол­жетімді цифрлық инфра­құрылымдар арқылы қарқынды дамытуды қолға алды. Былтыр еліміздің өңірлік хабтарында АКТ саласында 784 іс-шара ұйымдастырылып, оған 25 мыңға жуық адам қатысып, 194 стартап-идея ұсынылған. Сонымен қатар өңірлерде АКТ бойынша 7 форум өтті. Бұл 70 компания­ның «Astana Hub»-қа қосылуы­на және өңірлерде IT-саланы да­мытуды ынталандыруға септігін тигізді.