Қоғам • 07 Сәуір, 2024

Академик аллеясын «ақжолдықтар» абаттандырады

125 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сәтбаев қаласындағы ұлы ғалымның мүсіні орнатылған аллеяны абаттандыруды «Ақ жол» партиясының  Ұлытау облыстық филиалы өз қолына алды. 2018 жылы орнатылған мүсіннің айналасы тозыңқырап кеткен еді.

Академик аллеясын «ақжолдықтар» абаттандырады

Партияның Сәтбаев қаласындағы  үйлестірушісі Ахан Жайлаубаев бастаған ақжолдықтар  академиктің аллеясындағы орындықтарды сырлап, жерді  қопсытып, гүл егуге әзірлеп  қойды. Ғалымның тастұғырдағы бейнесі жуылып, тазаланды. Мүсіндегі көмескілене бастаған «Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1899-1964 ж.ж.» деген жазуын да жаңартып ілді. Зейнеткер Зиядин Сүлейменов   өз қаржысына жас көшеттер сатып әкеліп, отырғызды.  

«Жезқазғанның жер байлығын тауып, соны ел игілігіне айналдырған Қаныш атамызға қандай құрмет көрсетсек те артығы болмайды. Таяу күндері ғалымның 125 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Сол мерейтой қарсаңында  «ақжолдықтар» аллеяны абаттандыру жұмыстарын бастады. Енді аллеяның айналасына қоршау жүргіземіз. Жаз бойы суару, күтім жасауды да өз мойнымызға аламыз. Осы істе белсенділік танытқан  Өмірхан Құдаспаев,   Ержан Елебаев, Ерік Жаңбыршинов, Мархат Хамитов, Махан Рахымбердиев, Досжан Қапанов тәрізді азаматтардың есімдерін айрықша атап өткім келеді», дейді партия мүшесі Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Дайрабайұлы.

Ақжолдықтар 12 сәуірде мүсін алдында мерекелік іс-шара ұйымдастырып, гүл шоқтарын қоюды да ойластырып отыр.

 

Ұлытау облысы,

Сәтбаев қаласы