Аймақтар • 10 Сәуір, 2024

Қоймадан табылған мүсін

141 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сәтбаев қаласында ұлы ғалымның құрметіне қойылған бір еңселі ескерткіш, бір мүсін бар. Қаладағы Кеншілер алаңына орнатылған ескерткіштің 2014 жылы қойылғанын көпшілік жақсы біледі. Ал мүсіннің қашан жасалғаны көмескілеу. Шамасы, 1984 жылы, ғалымның туғанына 85 жыл толу құрметіне орай жасалса керек. Бұлай дейтініміз...

Қоймадан табылған мүсін

Сәтбаев қаласының алғашқы әкімдерінің бірі, марқұм Серік Мәкен­ұлы Төрегелдин деген кісі болды. Ол осы мүсінге қатысты кезінде мынандай әңгіме айтқан болатын.

– Мен ол кезде Халық депутатта­ры қалалық кеңесі атқару комитеті­нің төрағасы едім. Маған бір кісі те­лефон шалып, қаланың өндірістік аумағында орналасқан қоймалардың біріндегі ағаш жәшіктің ішінен  Қаныш Сәтбаевтың мүсіні шыққаны туралы хабарлады. Дереу жетіп бардым. Шынында да, нән жәшіктің ішінде Қанекеңнің мүсіні тұр екен. Қашан, қайдан келгені белгісіз. Кейін білсем, Жезқазған тау-кен комбинаты­ның басшылығы ғалымның мерейтойы қарсаңында тапсырыс беріп жасатқан көрінеді. Бірақ облыстық партия комитеті тарапынан қолдау болмаған соң, қалай әкелінді солай қоймада қалып қойғанға ұқсайды. Қайта құрудың желі есіп тұрғанын пайдаланып,мүсінді қоймадан шы­ғарып, бірақ ешқандай сән-сал­танатсыз қаладағы Қ.Сәтбаев көше­сінің аяқ жағына апарып орнаттық. Арада бірер жыл өткен соң, нақтырақ айтқанда, 1989 жылы сол кездегі Жезқазған облысының басшылығы қалаға арнайы келіп, ғалымның туған күнінде, оның 90 жылдығы құрметіне мүсіннің салтанатты ашылуын жасап кетті, – деген еді С.Төрегелдин.

Тұғыры тапалтақтау келген мүсін көрер көзге қораштау көрінетін әрі орналасқан жері де көңілден шыға қоймайтын. Осыны ескерген қаланың бұрынғы әкімдерінің бірі Қанат Балмағамбетов  биік тұғыр жасатып, мүсінді қала әкімдігі ғимаратының алдына әкеліп орнатты. Мүсіннің айналасы жайнаған гүлге толы қаланың төріне қойылғаны көпшілікті тәнті етті.  Бірақ...

2014 жылы туғанына 115 жыл толуына орай қалада ғалымның еңселі ескерткішін орнату қолға алынды. Бұл ескерткіш әкімдік жанындағы алаң­ға қойылатын болды да, «екі бір­дей ескерткіштің қатар тұруы жарас­пайды» деген  ұйғарым жасалып, әкімдіктің алдында тұрған мүсін орнынан алынып, сақтау үшін тағы да әлдебір қоймаға апарып қойылды. Оның қайда апарып қойылғанына еш­кім қызығушылық таныта қой­мады. Тек 2018 жылы қаланың сол тұс­тағы әкімі Асқар Абылайұлы Ыды­рысовтың бастамасымен мүсін қала­лық халыққа қызмет көрсету орта­лығының алдындағы алаңқайға салта­натты жағдайда орнатылды. Бұл өте орынды болған еді.

Кезінде Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімін көлеңкеде қалдыру әрекеттері болғаны да тарихтан мә­лім. Сол солақайшылдық оның өзіне ғана емес, мүсініне де салқынын тигіз­гені адам сенбес жағдай, бірақ ақи­қаты солай.  Уақыт алға жылжыды. Көп нәрсе орнына келді. Ке­зінде қой­мадан табылған мүсін қазір ха­л­ықтың ғалым рухына деген адал­­дығының белгісіндей қаланың ор­та­­лы­ғындағы академик Қ.Сәтбаев даң­­ғылы бойындағы асқақ тұғырда менмұндалап тұр.

 

Ұлытау облысы,

Сәтбаев қаласы