Мәдениет • 11 Сәуір, 2024

«Қазақ балеті» ұғымын қалыптастырған А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесіне – 90 жыл

78 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан хореографиялық өнерінің алтын бесігі Александр Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің құрылғанына –90 жыл. Әлемдік балет мектептерінің арасында жетекші орынға ие және Орта Азиядағы ең үздік классикалық би ұстаханасы болып саналатын Қазақстанның бірінші балет мектебінің бұл мерейтойы – ұлт руханиятындағы айтулы оқиға. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Өрлеу» Халықаралық хореографиялық оқу орындарының фестивалі биыл алтыншы рет ұйымдастырылып, атақты бишілер, ел өнерінің ардақтылары қатысқан мерекелік іс-шара жаңа форматта ұсынылды.

«Қазақ балеті» ұғымын қалыптастырған А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесіне – 90 жыл

А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі құ­рылған күннен бастап ұлттық өнердің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан би май­талмандарының бірнеше буынын тәрбиелеп, республика­лық, халықаралық деңгейдегі балет шеберлерін даярлаумен айналысып келеді. Алғаш балалар үйі базасында ашылып, кейін 1976 жы­лы қала орталығынан жеке ғи­маратқа қол жеткізген оқу ор­ны­­нан осы жылдар аралығында 2000-нан астам түлек ұшып шық­ты. Бүгінде «қазақ балеті» деген дара ұғым қалыптасса, ол ұғым­ды қалыптастыруға, Александр Селезнев, Шара Жиенқұлова, Сара Көшербаева секілді сахна саң­лақтарының баптап өсірген дарын­ды шәкірттері лайықты ең­бек сіңірді. Училищенің талантты түлектерінің арасында әлемге әйг­ілі, Қазақ КСР-нің ха­лық әртіс­тері мен еңбек сіңір­ген әртістері Дәу­рен Абиров, Ра­ма­зан Бапов, 3әуір­бек Райбаев, Бо­лат Аюханов, Инес­са Манская, Әбдуахим Асылмұ­ра­тов, Сәния Тулу­санова, 3инат Ақба­рова, Эдуард Мальбеков, Людмила ­Ли, Мұ­рат Төкеев, Майра Қады­рова, Лей­ла Әлпиева, Үлкен театр­дың со­листері, Ресейдің халық әртіст­ері Наталья Чеховская мен Надеж­да Грачева, Дмитрий Тубольцев пен Алла Бураканова және басқалары бар.

ис

Шығармашылығы күн сайын бұрқ-сарқ қайнап жататын училище шартарапқа аты жайыл­ған танымал балет әртістерінің ауқымды тобын әзірлегенін мақ­таныш етеді. Олардың ішінде 10-нан астам адам халық әртісі, 50-ден астамы еңбек сіңірген әртіс, көптеген түлек «ҚР еңбек сіңір­ген қайраткері», «Білім беру үздігі», «Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атақтарына ие. Ал кейінгі отыз жылда Майя Пли­сецкая атындағы Халықаралық балет әртістерінің байқауы (Ре­сей), Варнадағы (Болгария) Ха­лық­аралық балет әртістерінің ­бай­қауы, «Арабеск» (Пермь, Ресей), «Prixde Lausanne» (Швей­ца­рия, Лозанна) Халықаралық ба­лет әртістерінің байқауы, «Ва­га­­но­ва-Prix» (Санкт-Петербург, Ре­­сей) балет әртістерінің бай­қауы, ­­Серж Лифарь атындағы Халық­ара­лық балет әртістерінің бай­қауы (Украина, Киев), тағы бас­қа халықаралық байқау­лар мен фестивальдарда лайықты өнер көрсеткен 500 қазақстандық жас ­дарын лауреат жеңімпаз ата­нып, ел абыройын биікке сам­ғатты.

«Өрлеу» жобасының мақсаты ­да сол – ұлттық хореографиялық өнер­ді биік деңгейге көтеру, әлем­ге та­нымал ету, педагог-хорео­граф­тардың кәсіби қоғамдасты­ғын нығайту, хореографиялық білім беру саласындағы шығармашы­лық жетістіктермен халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу. Биыл шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Әзербайжан, Түр­кия, Ресей, Беларусь, Башқұрт­стан, Бурятия, Якутиядан хорео­графиялық 10 оқу орны, сон­дай-ақ кәсіби би ұжымдары мен балет әртістері қатысты.

Сондай-ақ фестивальдың құр­­­метті қонақтары қатарында ТҮРК­СОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркияның Мемлекеттік опера және балет театрлары Бас бас­қар­масының бас директоры және көркемдік жетекшісі Тан Саа­түрк, Жапония меценаты мен им­­прес­сариосы Тошихико Така­хаси бой көрсетіп, балет өне­рінің­ бү­гін­гі деңгейі мен бағытын сарала­ған­дар­дың жанынан табылды.

см

«Мұндай алаң біз үшін аса маңызды. «Өрлеу» хореография саласындағы жас дарындарды анық­тауды, келешегінен үміт күт­тіретін жас балет әртістерін қол­дауды, хореографиялық білім беру мен өнер саласындағы халық­аралық шығармашылық жетіс­тіктер мен тәжірибе алмасуды да­мытуды, педагог-хореографтар, балетмейстер мен мәдениет және өнер қайраткерлері арасында­ғы ынтымақтастықты нығайтуды, сондай-ақ ұлттық хореография­лық мұраны сақтауды және дамы­туды қамтиды», деп атап өтті А.Селезнев атындағы Алматы хо­рео­­графиялық училищесінің бас­­шысы Мұрат Түкеев.

«А.Селезнев атындағы АХУ та­рихы: педагогтер, түлектер, ізде­ністер» атты тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылып, жаңадан ашылған балет мектептері таныс­тырылып, соңынан көрнекті жетекші хореографтардың, фес­тиваль қонақтарының, Қазақ­станның балет жұлдыздары мен корифейлерінің шеберлік сағат­тары өткізілді.

Almaty Theatre сахнасында жар­қыраған бишілердің өне­рін сараптау комиссиясының құра­мында Халықаралық хореография қайраткерлері одағының бірінші вице-президенті Сергей Усанов, Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының ең­бек сіңірген әртісі, халықаралық кон­курстардың лауреаты Юрий Васюченко, Ресей Федерациясы­ның еңбек сіңірген өнер қайрат­кері, «Балет» журналының бас редакторы Валерия Уральская, Аустрия­дағы Еуропалық би акаде­миясының профессоры Вакиль Усманов, Еуразия мәдениет қоры­ның президенті Ерұлан Қана­пьянов, Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Бибі­гүл Нүсіпжанова, Анкара­дағы Хаджетеппе университе­ті­нің ­хореография бас репетиторы, Қырғыз Республикасының халық әртісі Айсұлу Тоқомбаева болды.

Фестиваль аясында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйы­мы­­ның қол­дауымен «Түркі ел­дері­нің хорео­графиялық оқу орын­дарының қауымдастығы» құрылды. Бұл қа­уымдастық балет өнерінің өркен­дету, талантты бишілерді даярлау, халықаралық шеңбердегі іс-қараларға қатысу, тәжірибе алмасу мақсатында үлкен жобаларды іске асырмақ.

«Өрлеу» хореографиялық оқу орындарының VI халықаралық фестивалінің жабылу салтана­тын­да алматылықтар және қала қо­нақтары Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрының, «Ас­та­на Балет» театрының, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының, Мемлекеттік ака­демиялық би театрының, Роза Бағланова атындағы «Қа­зақ­концерт» Мемлекеттік концерт ұйымының, «Гүлдер» ансам­блінің, «Самұрық» заманауи би театрының, «Салтанат» мем­лекеттік би ансамблінің, «Наз» мемлекеттік би театры­ның ше­берлері қатысқан «Балет жұл­дыздары» атты гала-кон­цертті тама­шалады.

 

АЛМАТЫ