Әдебиет • 10 Сәуір, 2024

Алғашқы

34 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кезінде «Жалынның» жабық бәйгесі қазақ әдебие­тіне талай мықтыны әкеліпті, байқасақ. Тынымбай Нұрма­ғанбетов, Оралхан Бөкей, Несіп­бек Дәутайұлы, Жұма­бай Шаштайұлы... бәрінің шығармасын сүйсіне оқы­дық, бәрінің есімі бүгінде классик­тердің қатарында.

Алғашқы

Әлем әдебиетіндегі ше­бер суреткерлердің шы­­­ғар­­ма­шы­лық зертха­на­сына үңілсек, әр қа­лам­гер­дің әдеби дебюті оқыр­ман­нан бірден жақсы пікір ала алмапты. Мәселен, парасат әлеміне ақын болып келген Гогольдің ал­ғашқы өлеңдері сынға ұшырап, оларды көз көрместей қылып отқа жаққан қаламгердің «Реви­зорды» жазарына сол уақытта ешкім сенбеді. Ал Чехов ақса­қал­дың ерекше ықыласын алған («Толстойдан ғана қорқа­мын. Ойлап қараңызшы, Анна­ның қараңғыда көзінің жарқылын сезіп, көргенін жазған сол емес пе?») Лев Толстойдың ал­ғаш жазған «Балалық шақ» («Дет­ство») повесінен оның шебер суреткерлігі бірден аңғарыл­ған­дай. Жазушының осы қар­қынынан «Соғыс және бейбіт­ші­лік» («Война и мир») романы­ның туары да сезілді. Француз әдебиетіне ғажайып шығармалар сыйлаған Оноре де Бальзак­тың әдеби дебюті саналатын «Шуандар» («Шуаны») тарихи романы (1829 жыл) айтарлықтай сынға ілікпеді. Бұл сәтті қадам авторды әдеби үдеріске жаңаша қалыппен келген «Адамзат комедиясы» («Человеческая комедия») эпо­пеясын тудырды. Әйгі­лі «Шал мен теңіз» повесінің авторы Эрнест Хемингуэй болса, ал­ғаш рет ертегі жазып жазушы­лық қа­­бі­летін шыңдаған екен. Ал тү­рік әде­биетінің мықтысы Ор­хан Памук шы­ғармашылық­та­ғы ­қа­да­­мын «Джевдет-бей мен оның бала­­лары» («Джевдет-бей и сы­­но­вья», 1979) романымен бастап, бү­гін­ге дейін біршама повесть-ро­ман жазды. Қазір Па­мук­­ты қа­зақ оқырманы, жалпы әлем ­хал­қы еш жарнама­сыз-ақ оқи­ды.

Сүбелі сөз бен жүйрік ой жа­­рысында автор мен оның жаз­­­ғандарына қатысты кейде әділ, кейде асқақ билік айтып, төрелік етер күш – қоғам мен уақыт. Мәселен, қазақ әдебиеті қоржынына мол мұра қалдырған Мұхтар Әуезовті, әлем халқы демей-ақ қояйық, өз оқырмандарымыз «Абай жолы» роман-эпопеясымен ғана та­ниды. Жиырма бір жасында «Еңлік-Кебек» пьесасымен дүйім жұртты таңғалдырған жазушы қаламынан «Қорғансыздың күнінен» бастап қаншама көркем туындылардың жарық көргені мәлім. Бірақ кей көзқарастарға сүйенсек, М.Әуезов «Абай жолынан» басқа ештеңе жазбаған­дай. Халыққа Аян образымен жақсы таныс Сайын Мұратбеков оқушыларының Сайын дегенде жаңылыспай айтар шығармасы – «Жусан иісі» ғана. Ал Берді­бек Соқпақбаев есімін халық жадында жаттатқызған «Менің атым Қожа» шығармасы екені­не ешкім дау тудыра алмас, сірә. Көп оқырман біле бермейтін автор Баққожа Мұқай әдеби ортаға көрерге көз, танымасқа сөз қы­лып «Өмірзаясымен» өзгеше қалды­рып кеткендей. Автордың «тәтті тамұғын» бір шығармасымен өлшеп жүрген мына қоғамды түсіну қиын-ау.